— Амалбек, өзіңіз туралы тоқталып өтсеңіз

— Қандай да бір жетістікке жетсем, оның себебі ата-апаның қамқорлығында болғанымнан шығар?! Өміртай атам — ғалым, зерттеуші, профессор еді. Мен ес білгелі жоғары оқу орнында филология факультетінің деканы қызметінде болатын. 2003 жылы 63 жасында қайтыс болды. Оның тәрбиесі һәм бай кітапханасы — бізге, соңында қалған ұрпақтарына баға жетпес мұра. Атам ғұмырының басым бөлігін қазақ әдебиетіндегі табиғат тақырыбын жіті зерттеді. Жыраулар поэзиясындағы, ежелгі эпостық батырлар жырларындағы табиғаттың ғажап суреттерін ұдайы айтып отыратын. Бізге кішкентайымыздан Махамбет пен Абайдың өлеңдерін жаттатқызды. Жұмысынан тыс уақытында дүниетанымымызды кеңейтуге арнады. Содан болар, біздер кішкентай кезімізден жасыл шөпті басып өтіп кетсек, «Ол орнынан тұра ма, тұрмай ма?» деп, табиғатқа жанашыр, сезімтал болып өскендейміз. «Ақан сері қартайғанда, Оқжетпесте тұрған екен, сол кезде күнделікті бір ізбен ғана жүрген екен”. Осындай мысалдарды көп тыңдайтынбыз. Айтайын дегенім, мені өмірге баулыған адамдар табиғатқа ерекше қамқор болғандықтан да, біз де табиғат-анамызға айрықша жақынбыз. Атам қайтыс болғанда небәрі 9 жаста едім. Әулеттің тұңғыш немересі болғаннан кейін бе, маған ерекше үміт артатынын сезетінмін. Сондықтан осы күнге дейін оқуда, еңбекте озат болуға тырысып келемін.

Атам өмірден өткеннен кейін тұлғалық қалыптасуыма нағашы атам Серікбайдың ықпалы зор болды. Ол кісі сырбаз мінездің иесі еді. Елге сыйлы, іскер, қайраткер азамат. Өр мінезін Құнанбай қажыға телимін. Салмақты, бір сөзді қарияның шапанынан шыққан соң жаман болуға қақымыз жоқтай.

Амалбек Өміртай
Фото: Әйгерім Бегімбет

Мектепті «Алтын белгімен» бітірдім. 3-4 сыныптан бастап үйдегі үлкен кітаптарды мектепке таситынмын. Әдебиет пәнінің келесі сабағына қажет деген кітаптарды алып баратынмын. Апайымыз «Амалбек кітап алып келіпті» деп көрме жасап қоятын. Ұстаздарым мақтаған сайын жан-жақты ізденіп, сөмкеме әр тақырыпқа сай он шақты кітапты салып жүретінмін. Оған сыймаса, дорбаға сап апарып алып қайтатынмын

— Нағыз үздіктің өзі болыпсыз  ғой

— Берген сауалыңызға қарай тарқатып айтып жатқаным ғой. Жоғары сыныпқа өткеннен кейін қоғамдық жұмысқа араластық. 9-сыныпта мектебіміздің президенті болдым. Шағын ауданымыздағы жаңадан ашылған мектеп болғандықтан, оған дейін оқыған мектептердегі үздік ұл-қыздардың оқудағы озық тәжірибелерін алып, жаңа мектебімдегі оқуыма жаңаша үрдістер қалыптастыруға тырыстым. Оқушы жастардың арасында да құқық бұзушылық әрекеттері көп орын алатын қиын кезеңдер еді. Мектеп жастары арасында бір-бірімен соқтығысып жататын жағдайлар жиі болатын. Сондай өтпелі кезеңдердің бәрінен де сүрінбей өттім деп айта аламын. Әйтпесе, сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар қаншама?!

Амалбек Өміртай
Фото: Әйгерім Бегімбет

Мектебімізде бокстан, таэквондэдан чемпиондар да оқитын. Қаладағы өзге білім ошақтарынан мектебіміздің спорт, білім сайыстарында, жалпы бар жағынан оқ бойы озық шығуына талмай еңбек еттік. Өзім түлеп ұшқан мектептің тарихындағы тұңғыш, әзірше соңғы «Алтын белгі» иегері екенмін.

11-сыныпта түске дейін мектепте, түстен кейін «Зерде» ҰБТ-ға дайындық курсында оқыдым. Сол даярлық курсының алғашқы үздік топтарында 75-тей бала болдық. Соның алпыстан астамы қаланың әр мектебінен келген «Алтын белгіге» үміткер, үздік ұл-қыздар екен. Расымен «Зерде» қаламыздағы үздік үміткерлерді бір топқа жинады. Әрқайсы — өз мектебінің мақтанышы. Бәріміз бірге бір жыл бойына дайындаламыз деп, бір мектепте оқитын сыныптас достардай араласып кеттік. Өзімізді «зерделіктер» деп атайтынбыз. Олардың барлығы дерлік өте жоғары балл жинады. Жан-жақтағы мықты университеттерге оқуға түсті. Ал мен Алматыға кеттім. Астанаға кетіп жатқандар астананы мойындату үшін, Алматыға кетіп жатқандар Алматыны мойындату үшін уағдаластық. Оқуда, қоғамдық жұмыста үздік болуға серттестік. Қазір де өте жақсы байланыстамыз.

— Алматының қай оқу орны мен мамандығын  таңдадыңыз?

​- Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әлемдік экономика» мамандығын таңдадым. «Алтын белгі» иегері болғаннан кейін экономика бағытындағы кез келген мамандыққа түсуге мүмкіндігім болды. 3-курстан бастап президенттік стипендияға іліктім. Студенттік жылдары қоғамдық өмірді де, оқуды да қатар алып жүрдік. Әсіресе, 1-курстың бірінші семестрінде қарт Алатауды айналшықтап, әсем Алматының сұлулығына тәнті боп шаһарды шарлап жүруші ек. Жастық максимализммен тау қопарардай барлық дүниеге құштарлық көзқараспен қараушы ек.

Амалбек Өміртай
Фото: Әйгерім Бегімбет

Университетте оқып жүргенде маған бағыт-бағдар берген ұстазым экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан Елемесовті ерекше атап айтқым келеді. Ол кісі де қазір зейнет жасында. Раушан ағайым менің маман болып қалыптасуыма көп еңбек сіңірді. Бір өзі бір мектеп бола білді. Мәскеудің «мен» деген білім ордасынан сабақ алған профессорымыз өмірді шынайы түсінуді ұғындырды. Ақ пен қараны ажыратуды үйретті. Университетте 2 курстан бастап студент деканы болдым. Бакалаврды аяқтаған соң ағайым оқуды ары қарай жалғастыру керектігін айтты.

— Ағайыңыздың айтқанын тыңдадыңыз ба?

— Сол кезде бәріне қолымды бір сілтеп, еңбекке араласып кетіп қалғанымда дәл қазіргідей шыңдалмас едім деп ойлаймын. Әрине, мен ұлағатты ұстазымның кеңесіне құлақ асып, магистратураға тапсырдым. Магистратураны бітірер жылы Ұлттық экономика министрлігінде жарты жыл тәжірибе сынақтан өттім. Сосын сарапшы болып жұмысқа тұрдым. Менің бағытым – халықаралық бағыт болғандықтан, көбіне халықаралық ұйымдармен жұмыс істейтінмін. Сөйтіп жүріп жұмыс бабымен әлемнің көптеген елдерін араладым. Сауда келісімдерін жасауға қатыстым. Ұлттық экономика вице-министрлерінің көмекші бола жүріп те үлкен тәжірибе жинадым. Қытай, Ресей, Орта Азия елдерінде болдым. Магистратурадан кейін доктарантурада оқып жүріп те бірнеше елдерде болу бақыты бұйырды. Жалпы, кішкентай кезімнен Жюль Верннің «Әлемді 80 күнде айналу» деген кітабын жата-жастана оқып, қолға карта тисе, маршрут сызып, дүние жүзіне саяхаттауды армандап өстім. Тағдырға тәубе, сол маршруттарды жүзеге асырып жатырмын. Бала арманға адал болу деген осы шығар. Есейіп кеткеннен кейін ұмытып кетеміз ғой. Шынтуайтында, біздің кешегі армандарымыз бүгінгі шындығымыз екенін көп адамдар елең қыла бермейді.

әлемдік ғылымдар сөздігі
Фото: Әйгерім Бегімбет

​- Білімді көп жастар мемлекеттік қызметтен қашып жатады. Сіз керісінше, қызметтік баспалдағыңды осы салада құрып жатқан сияқтысыз?

— Иә, мемлекеттік қызмет шыңдай түседі, бірақ конвейер сияқты жұмыс қайталана береді. Екі жыл министрлікте істеген соң білімімді одан әрі шыңдау керек деген шешім қабылдадым. Докторантураға оралдым. ҚазҰУ-де «Экономика», «Халықаралық қатынастар» факультетінің студенттеріне дәріс оқыдым. Одан кейін Түркістанға шақырту алдым. Басында облысқа инвестиция тарту саласында жұмыс істедім. Өзім осы өңірде туып өссем де, бұл жақтың экономикалық, әлеуметтік жағдайымен қайта танысқандай болдым. Ел ішінде жүріп халықтың әлеуметтік-экономикалық, өндірістің техникалық, экологиялық проблемаларын көзбен көріп, шын ахуалына аналитикалық сараптама жасау жұмыстарымен шұғылдандым.

— Туған жерді түлетуде қандай жобалар ұсынар едің?

-Түркістанның климаты әр қилы. Шығыс жағы таулы, орманды, сулы, ал оңтүстік жағы жазық болса да сулы, тоғайлы болып келеді. Әралуан биомассаға ие өңір. Ауыл шаруашылығына, атакәсіпке жайлы өңір.

Жастар ресурстық орталығына осы жылдың ақпан айында басшы болып келдім. Бұйрық шыққан соң бір аптадан кейін карантин уақыты басталды. Өзім халықаралық салада істегеннен кейін алғашқы іс-шарамыз соған қатысты болды. Еуропаның Германия, Чехия, Италия, т.б. 10 шақты мемлекетінің осы жақтағы төтенше және өкілетті елшісін ұйымымызға қонаққа шақырдық. Ұлттық тағамдарымыздан дәм татқызып, презентациямызды жасап, «әрқайсыңыздың мемлекетіңіз туралы бір бұрыш ашамыз, бізге ақпараттық қолдау көрсетіңіздер» деп ұсыныс білдірдік. Сондай бір жақсы келісімдер жасасқан едік, артынша карантин басталып кетті. Іс-шара, басқа дүниелердің барлығын онлайн жүйеге көшіруге мәжбүр болдық. Елімізде төтенше жағдай басталғанда Алматы, Нұр-Сұлтанда оқыған қыз-жігіттерді ерікті түрде ағылшын үйретуге шақырдық. Ағылшын тілін оқытуға көп көңіл бөлдік. 500 баланы ағылшынша оқыттық. ҰБТ-ға дайындадық. Жастар орталығының басты міндеті – облыстағы, аудандардағы Жастар ресурстық орталықтарының жұмысын үйлестіру. Талантты жастарды қолдау. Психологиялық көмек көрсету. Бұдан бөлек, руханият бағытына айрықша көңіл бөлдік. Жас қаламгерлерді дайындау, жас ақындар, көркемсөз оқитындар, былайша айтқанда «Түркілер төрі –Түркістан» деген идеяға жастарды біріктіру, ұғымын үлкейту басты мақсатымызға айналды.

— Тағы қандай идеологиялық жұмыс атқарып жүрсіздер?

— Түркістан өңірінде 500 мыңнан астам жас болса, соның 130 мыңдайы өзге ұлт өкілдері. Сол себепті әралуан әлеуметтік күрделі мәселелер баршылық. Соларды болдырмау үшін ортақ идеологиялық жұмыстар жүйелі болуы керек. Оның үстіне жастардың 80 пайызы ауылдарда тұрады. Ауылдағы басты кәсіп, ол – ата кәсі, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы. Түркістанда үлкен өндіріс орындары көп емес. Сондықтан жастарды кәсіпке баулу ісі маңызды. Жастарға терең заманауи білім мен ұлттық тәрбие керек. Олардың бойларында саналы отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру қажет.

— Қазір екінің бірі «бірнәрсе істеу керек еді» деген ойда жүр. Өзіңіз кәсіпкерлік саласына бет бұрғыңыз келмей ме? Басқа қандай жобаларға үлес қостыңыз?

-Бизнес саласына кеткім келмейді. Алматыда жүргенімде құрылыс фирмасын ашып, біршама құрылыс жобаларымен айналысқанмын. Алайда қазіргі жұмысымның жауапкершілігі жоғары. Мемлекет үшін осы үлкен жауапкершілікті, қызметімді абыроймен атқарғым келеді. Мемлекет үшін демекші, біздің мемлекеттің экономикасына пайдасын тигізер бір дүние «Оксфорд экономика сөздігі».

— Бұл кітапты дамыған елдерден жиі еститін едік, өзіңіз осының аударма жұмыстарына қатысқан екенсіз. Сол туралы айта кетсеңіз?

— 2018 жылы Ұлттық аударма бюросынан «Оксфорд экономика сөздігін» аудару бойынша хабарласып, ұсыныс жасады. Ұлттық экономика министрлігінде жұмыс істегенімді әрі ағылшын тілі мен экономика терминологиясын жақсы меңгергенімді ескерсе керек. Сол кітапты үш адам болып бір жылдың ішінде аудардық. Әлемдік деңгейдегі экономиканың бас кітабының қазақ тілінде сөйлегені үлкен қуаныш, зор мәртебе.

Оксфорд экономика сөздігі
Фото: Әйгерім Бегімбет

— Кітаптан бөлек, қазақ тілді контенттің өркендеуіне де үлес қосыпсыз. Бұл идея сізге қалай келді?

— Бұл үлкен жоба емес шығар, десе де қазақтілді контентті қалыптастыруға өз үлесімді қостым. Ол кезде ВКонтакте әлеуметтік желісі өте танымал еді, бірақ қазақша дүниелер аз болды. Сосын 2013 жылы Қызылордада қазақ тілінде паблик жүргізетін жастар жиналғанбыз. Сол кездегі «Абай Құнанбайұлы» деген пабликте 270 мың оқырман болды, одан кейін «Хантәңірі Мұзбалағы — Мұқағали» деген 40 мыңдай оқырманы бар пабликтерім болды. Оны қолға алған кезде коммерциялық немесе басқандай жолдармен ақша табу деген пиғыл болмаған. Сол ниетпен — қазақ тілін дамыту, ұлылар шығармаларын насихаттау, қазақша контентті жасау мақсатында осы күнге дейін жұмыс жасап келеміз

— Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

-Өмірлік ұстанымым кісі ақысын жемеу. Біреудің ала жібін аттамау. Іс-әрекеттерімді ұяттың таразысына саламын. Өз сотым өзімнің ішімде.

— Сұхбат бергеніңізге рақмет!