Бағдат Қожахметов қызметінен кетті

Бағдат Қожахметов енді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі емес. Ведомство Tengrinews.kz порталы тілшісінің қойған ресми сауалына Бағдат Қожахметовпен арадағы келісімшарт бұзылғанын хабарлаған.

Тараптардың келісімі бойынша 2020 жылы 29 қазанда келісімшарт бұзылды. Сонымен қатар министрлікте Бағдат Қожахметовтің алдағы жұмыс орны туралы мәлімет жоқ екенін хабарлаймыз, – деп жазды министрлік өкілдері.

Бағдат Қожахметов телефон арқылы берген сұхбатында өзінің кетуін “миссиясын орындағанымен” түсіндірді. Енді ол бизнеске көбірек уақыт бөлгісі келеді.

Мен ерікті түрде көмектестім. Дәрігерлер мені үш рет өлімнен құтқарды. Коронавирус жұқтырып, сауықаннан кейін ақ халатты абзал жандарға алғыс ретінде оларға коммуникация реттеуге көмектесу парызым деп шештім. Медиаорталық құрып, жақсы баспасөз хатшысын табуға көмектестік, біз жүйені ретке келтірдік. Қазір бәрі жұмыс істеп тұр, яғни менің функциям орындалды. Менің өз бизнес-жобаларым бар, оларға көбірек көңіл бөлуім керек, – деді Бағдат Қожахметов.

Ол қызметінен ведомствомен жанжалға байланысты кетті деген қауесетті де жоққа шығарды.

“Қандай дау болуы мүмкін? Олар риза, барлығы бақытты, – деді ол.

Еске салайық, Бағдат Қожахметов Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі болып биыл шілдеде тағайындалды. Ол брифингілерде сөз сөйлеп, журналистер сұрағына жауап беріп жүрді.