Білімнің салтанат құруы – бәсекеге қабілеттілік кепілі

Бауыржан Бағлай – Шеффилд университеті «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдарының магистрі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының ассистенті болып қызмет етеді. Бауыржанмен сұхбат құрып, ұлттық бірегейлік, прагматизм, бәсекеге қабілеттілік және білімнің салтанат құруының маңыздылығы жайында сұрап-білдік.

Бауыржан Бағлай— Ғылыми-зерттеу жолына қалай түскеніңіз және қазіргі қызметіңіз жайында айтып берсеңіз?

— Қазіргі кезде мен оқытушылық салада – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының ассистенті қызметін атқарамын. Дипломатия институты кәсіби дипломаттармен қатар, халықаралық ынтымақтастықпен айналысатын мемлекеттік қызметшілерді оқытады. Қазіргі таңда өңірлердің инвестицилық тартымдылығын арттыру маңызды, осы ретте шекаралас аймақтарда шекараралық ынтымақтастықты дамытатын, әрі экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал ететін құзыреттілектерге ие мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыру өзекті.

Мен ассистент ретінде шетелдік профессормен бірге «Халықаралық конфликтология» пәнін жүргіземін. Пән негізінен ағылшын тілінде жүргізілетіндіктен, тыңдаушылар тарапынан сұрақтар туындап жатса, әрі жазба жұмыстары бойынша бағыт бағдар беріп, қолдау көрсетемін.

Жалпы ғылыми-зерттеу жұмыстармен 2012 жылдан бері айналысып келемін. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітіргеннен кейін, Академия құрамындағы Ғылыми-зерттеу институтына штаттан тыс ғылыми қызметкер болып орналастым. Содан бері екі жыл қатарынан тікелей ғылыми-зерттеу жобаларымен жұмыс істедім. Бастапқы кезде үйлестірушісі ретінде жобалардың жүзеге асырылу процестерін қадағалаумен айналыстым, кейін зерттеулерге тікелей өзім араласа бастадым.

Ғылыми ізденісті шыңдау мақсатында «Болашақ» бағдарламасы ұсынатын ерекше мүмкіндікті пайдалану туралы ой келді. Нәтижесінде аталмыш бағдарлама аясында Ұлыбританияға «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша магистратурада білім жетілдіруге аттандым.  Сол кезде қазақстандық және шетелдік зерттеу жұмыстарының, әдістердің айырмашылықтары мен ерекшеліктерін біліп, тәжірибе жинақтадым. 2017 жылы оқуды сәтті аяқтағаннан кейін, Академия қабырғасындағы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығында шетелде жинақтаған білімді ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапалы, әрі жан-жақты жүргізілуіне бағыттап, алыс және жақын шетелге ғылыми іссапарларға қатыстым.

—  «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттық код, ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері көтерілді. Осыған байланысты жеке көзқарасыңыз қандай? Ұлттық құндылықтарымыз бен бірегейлігімізді сақтау неден басталады деп ойлайсыз?

— Еліміздің әр азаматы «ұлтымызды ерекшелендіретін, ұлт ретінде мойындататын не?» деген сұраққа жауап беруге тырысу керек. Ол біздің ұлтымызға ғана тән құндылықтарымыздан басталады. Әр адам өздігінен ізденіп, бұл сұраққа саналы түрде келуі керек. Ұлтымыз үшін маңызды нәрселерді, қазіргі заманда басқалардан ерекшелендіре алатын төл құндылықтарымызды қастерлей білуі қажет.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы үш жыл бұрын жарияланғанымен, қазіргі таңда тіптен өзекті болып табылады. Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі ұлттық құндылықтарымыз бен қолмен ұстап өлшенетін материалдық құндылықтарды ажырата білуге итермелейді.

Бізді ерекшелендіріп, әрі қарай дамуымызға септігін тигізетін нәрселер: жаңашылдыққа қарай бет бұру, салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды  саналы түрде жаңғырта отырып, заман ағымына сай икемдей білу. Қазақстан елінің азаматы ретінде ұлттық болмысымызды сақтап тұрған құндылықтарды білу қажет.

«Ұлттық бірегейлік» дегенге тоқталсақ, ғылыми тұрғыдан қарағанда бұл ұғымның екі анықтамысы бар: қазақ ұлтын танытатын этникалық бірегейлік және азаматтық бірегейлік.

Этникалық бірегейлік ұлттық құндылықтарыңызды сақтап, дәріптеу, күнделікті тұрмыста үйлесімді түрде қолдана білу және келесі ұрпаққа жеткізуден көрініс табады. Ал азаматтық бірегейлікке еліміздің азаматы ретінде танытатын заңды және әлеуметтік теңдіктер жатады. Өз кезегінде сіз азамат ретінде елдің дамуына, қоғамның тұрақты болуына үлес қосасыз.

Сонымен қатар «бірегейлік» дегеніміз – бізді біріктіретін ортақ ұғымдар. Шығу тегіңізді білсеңіз, геномдық тарихи тұрғыдан қалыптасқан тұлға ретінде өзіңізге мирасқор ретінде қарайсыз: «Мен ұлы дала ұрпағымын, олар кезінде осындай әрекеттер жасады, мен де еліміздің сақталып, дамуына қандай үлес қоса аламын?» деген сұрақ қоя отырып, ойлану қажет. Жалпы әр адам өзінің болмысын жете танып, түсіне білуі керек.

Биыл Абай Құнанбайұлының 175-жылдығы өтуде. Осы іс-шараның аясында бірқатар қоғамдық мәселелер көтерілуде. Қаншама жылдар өтсе де, ұлы ақын-жазушының ойлары әлі күнге дейін өзекті. Сөздерінің астарында шынымен де ұлттық кодымыздың, бірегейлігіміздің мәні жатыр: қара сөздерінде, өлеңдерінде, жалпы шығармашылғында ұлтымызға тән жақсы қасиеттер мен жат қылықтардың барлығы сөз етілген. Хәкім Абайды оқи отырып, қандай қасиеттерді арттырып, қандай қасиеттерді тыю керек екенін түйсініп, ұғынуға болады.

— «Прагматизм» түсінігіне тоқталсақ, сіздің ойыңызша, бүгінгі таңда прагматикалық тұрғыдан ойлау қаншалықты маңызды? Және біздің қоғам бұған қалай дағдылана алады?

—  Прагматикалық ойлау дегеніміз – қанағатшыл, қарапайым және тиянақты болып, үйлесімділікке талпыну. Қазіргі таңда әлемде орын алып жатқан жағдай прагматизм түсінігін өзекті етеді. Басымызға аяқ астынан осындай сынақ түсті. Әр адам саналы түрде маска тағу, арақашықтықты сақтау қажеттіліктерін түсінуі керек. Қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы өзін, айналадағы адамдарын, қоршаған ортасын қорғайтынын ұғынуы тиіс. Әр азамат сақтану шараларын толыққанды түрде жүзеге асырса, денсаулық сақтау саласына да артық салмақ салмайды. Бұл да прагматикалық тұрғыдан ойлауға жатады.

Қажетсіз нәрселерден тыйылу, өзін шектеу, алдын ала ойлап жоспарлау, тұжырым жасау, қанағат ету сияқты ұғымдарға көңіл бөліне басталды – пандемия кезінде қоғам біраз нәрселерді түсінген сияқты. Ең бастысы, денсаулықтың маңыздылығын ұғына бастадық. Саламатты өмір салтына, ішетін асымызға, іс-әрекетімізге деген көзқарасымыз өзгерді. Мақалада аталып өткен «прагматизм» түсінігінің қарапайым мысалы бүгінгі күнде көрініс тауып жатыр деп білемін.

—  Сіздің пікіріңізше, қазіргі жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың басты алғышарттары қандай?

—  Қай жерде болмасын, бәсекеге қабілеттілік – өте маңызды көрсеткіш. Алға қарай даму үшін белгілі бір қабілеттерге, біліктілікке ие болу керек. Осы жолда адамдар өзара тартысқа түседі. Біз бір-бірімізден тек қана білім арқылы озамыз. Әр қоғам мүшесінің бәсекеге қабілетті болуы оның алған біліміне, біліктілігіне және жинаған тәжірибесіне байланысты – өмір бойы ізденісте болып, біліктілкті, кәсібилікті жетілдіру қажет.

Президент жастар кадрлық резервін мысалға алуға болады. Бұл жоба ҚР  Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының атсалысуымен жүзеге асқан. Мыңдаған адамның ішінен іріктелген үш жүз адам өзара бәсекеге қабілетті болып табылады – олар бірнеше сатылы сүзгіден өтіп, әртүрлі деңгейде өздерінің біліктілігін таныта білді. Кәсіби құзыреттілік шеңберінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, қызметтік саласында орын тауып, әрі қарай даму мүмкіндігіне ие болды – бұл бәсекеге қабілетті болудың нәтижесі болып табылады.

— Қоғамдық сананы жаңғыртуда білімнің салтанат құруының маңыздылығы қандай?

— Рухани жаңғыру әр адамның өзінен басталады. Әр адам өзінің болмысы, қазіргі орны, түп негізі жайында хабардар болып, өмірлік бағытын айқындай білуі керек. Көзделген мақсаттарды жүзеге асыру үшін өзінің білімін, біліктілігін жетілдіру, әрі рухани тұрғыдан дамуға көңіл бөлу қажет. Біз бойымыздағы қасиеттеріміз бен құндылықтарымызды шыңдай отырып қана жаңғырудың жаңа фазасына өте аламыз.

Өз мысалыма тоқталсам, шетелде білім алуым зияткерлік әлеуетімнің артуына әкелді. Бұл мен үшін өзіндік «рухани жаңғыруымның» бастауы болды. Сананың ашықтығы және жаңашылдыққа деген ізденіс жаңа білім алуға, жаңа біліктілікті игеруге мүмкіндік туғызатынын түсіндім. Мысалы, халықаралық іріктеудің нәтижесінде Үндістан үкіметі (ITEC), Түркия Республикасы (Co-Opinion Network) елдері, USAID, OSCE Office for Democratic Institutions and Human Rights (ODIHR), BRICS сияқты халықаралық ұйымдар және Centre of Excellence in EU Studies, PIR Center сияқты ұйымдары тарапынан біліктілікті арттыру бойынша жазғы мектептердің шәкіртақылары ұсынылды. Аталмыш шараларға қатысуға лайықты үміткер ретінде бағаланғаным Қазақстанның адами капиталының әлеуеті айқын екеніне көз жеткізді.

Білімнің салтанат құруы мемлекеттің дамуына үлкен септігін тигізеді – әр азаматтың білімге деген құлшынысы басым бағытқа айналуы керек деп ойлаймын. Жастар еш нәрседен жасқанбай, жаңа білім алу, біліктілікті арттыру үшін мемлекет тарапынан ұсынылып отырған барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланғаны жөн.