Қазақстанның тұңғыш президенті ХХІ ғасырдың тегеурінді талаптарына сай болу үшін қазақстандықтардың алдына тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын айқындаған болатын. Елбасының айтуынша, білімнің салтанат құруы жалпыға ортақ болуға тиіс және тұтас халықтың бәсекеге қабілеттілігі жоғары деңгейде болуы шарт.
Заманына қарай адамы
Тұңғыш президент өз мақаласында әрбір қазақстандықтың, сол арқылы тұтас ұлттың жаңа ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керектігіне басымдық береді. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар адамның алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында.
Иә, шынымен де XXI ғасырда ұлттың табысқа жетуіне адами капитал зор ықпалын тигізеді. Әсіресе, пайдалы жер қазбаларының қоры азая бастағаншақта адами капиталдың маңыздылығы жоғарылайды десек, қателеспеспіз. Осының салдарынан елдің экономикалық тұрғыда дамуының қайнар көзі ретіндегі табиғи ресурстардың құндылығы құлдырауы мүмкін.
Мәселен, Халықаралық энергетикалық агенттік жариялаған болжамдарға сүйенсек, бүгінгі таңда әлем нарығындағы негізгі қуат көзі саналатын мұнайға деген сұраныс 2030 жылдың өзінде-ақ төмендей бастамақ.
Ал сарқылмас байлық – адамзат зияткерлігі күннен-күнге жоғары бағалануда. Сол себепті бүгінгінің адамы бәсекеге қабілетті болу үшін ұдайы өзгеріп отыратын жаһандану процесстеріне бейімделіп, өзін-өзі жетілдіруі керек.
«Жеті жұрттың тілін біл» демекші, халқымыз өзге тілдерді жетік меңгеру жаңа табысты мүмкіншіліктерге жол ашатындығын ықылым заманнан жақсы түсінген. Жаһандық интеграция жағдайында еліміздің көптеген ірі компаниялары халықаралық нарыққа шыға бастағандықтан, бүгінгі таңда бұл өсиеттің өзектілігі аса жоғары.
Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей. Бұл — бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты, — деп жазды Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында.
Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу керектігін де баса айтады. Яғни, таяудағы 10 жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Сол себепті қазақстандықтар өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіруі қажет. Бұл ретте ол Азиядағы екі ұлы держава — Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті — осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісін ерекше атап өтеді.
«Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі — қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл — табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі, — дейді Елбасы.
Халықаралық МcKinsey компаниясының болжамдарына сәйкес, қазіргі таңда бар мамандар жұмысының жартысы 2055 жылы автоматтандырылуы мүмкін. Осыған орай бүгінгінің адамы жаңа мамандықтарды игеруге дайын болуы шарт.
Жаһандық өзгерістерге қаншалықты дайынбыз?
Күш – білімде
Білім беру саласына елімізде ерекше көңіл бөлінеді. 2019 жылдың қорытындысына сәйкес, Білім беру индексі бойынша Қазақстан Франция, Украина және Сауд Арабиясы сияқты Еуропа мен Азия елдерінен озық шығып, әлем бойынша 39 орынға ие болды.
Бір сөзбен айтқанда еліміздің білім беру жүйесі әлемдік деңгейде жоғары бағаға ие. Ол отандастарымызға тек ел аумағында ғана білім алып қоймай, студенттердің ұтқырлығының түрлі бағдарламаларына қатысып, әлемнің үздік жоғары оқу орындарына түсуге, сонда оқуын жалғастыруға мүмкіндік береді.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы, Erasmus +, Erasmus Mundus, DAAD, Fulbright сияқты бірқатар халықаралық стипендиялық бағдарламалар, Қазақстандағы шетелдік елшіліктердің арнайы бағдарламалары табысты нәтижелерге қол жеткізуге жағдай жасады. Бұл ретте шетелдік елшіліктер қазақстандық студенттерді өз елінде оқуға шақыруға мүдделі екендігін байқауға болады.
Елдің жоғары оқу орындары да әлемдік деңгейде бағаланады. Британдық QS компаниясы жыл сайын құратын QS WorldUniversityRankings 2021 халықаралық рейтингінің деректері бойынша қазақстандық 10 оқу орны әлемнің 1000 үздік университетінің тізіміне енді. Отандық жоғары оқу орындарының арасында әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті аталмыш рейтингте 165-ші орынды иеленген.
Сонымен қатар, жыл сайын қазақстандық жоғарғы оқу орындарын таңдайтын шетелдік студенттердің саны артып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2018-2019 оқу жылында біздің білім ордаларында 23 мың шетелдік азамат білім алған. Бұл 2017-2018 оқу жылындағы көрсеткішпен салыстырғанда, 9 мың адамға артық.
Үш тілдің қолданыс аясы
Сонымен қатар, 2011 жылдан бастап елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы, ал 2015 жылы үштілді білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған Жол картасы жүзеге аса бастады. Бұл бағдарламалар да тілдерді меңгеру тұрғысында бәсекеге қабілетті қоғамды даярлауға бағытталған қарымды қадамдардың бірі.
Статистикалық деректерге қарағанда, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың да саны өсіп отыр. 2019 жылы Қазақстанда шетелдік 16 500 компания жұмыс істеді. Олардың саны 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 17,5% артқан екен.
Аталмыш компаниялардың әртүрлі салаларда жұмыс істейтінін түсіну маңызды. Нақтырақ айтқанда, шет тілдерін білу талабы тек аударма немесе туристік қызметтер саласында жұмыс істейтін мамандардың алдына ғана қойылмайды. Енді бұл дағды фармацевтика мен инженерия саласында да сұранысқа ие. Ал Қазақстанда жоғары жалақы төленетін «ақпараттық технологиялар» немесе «әуе көлігі» сияқты сұранысқа ие салаларда ағылшын тілін білмей, жұмысқа орналасу мүмкін емес.
Эволюциялық көзқарастар мен жаһандық сын-қатерлерге деген ашықтық қазақстандықтарға бәсекеге қабілетті, осы заманғы және прогрессивті ұлт болуға өзінің оң ықпалын тигізуге тиіс. Бүгінгі таңда қазақстанда білім алып, ағылшын тілін жетік меңгерген отандастарымыз әлемнің Booking.com, Facebook, Microsoft, Google, McKinsey сияқты ірі әрі танымал компанияларынды қызмет етіп жатыр.
2011 жылы Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда Өзгерістерге дайындық индексі бойынша әлемдік рейтингті құру жөнінде ұсыныс жасалған болатын. Аталмыш көрсеткіш бойынша мемлекеттердегі жағдайды бүгінгі таңда KPMG және Халықаралық даму институтының мамандары саралайды. 2019 жылдың қорытындыларына сәйкес, Қазақстан әлемнің 140 елі арасында Қырғызстан, Әзербайжан, Украинаны түрлі көрсеткіштер бойынша артта қалдырып, рейтингтегі 56 орынға жайғасты.
Тізімдегі үздік үштікте — Швейцария, Сингапур және Дания. Аталмыш елдерде адами капиталға бұрыннан ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан Адами капиталды дамыту индексі бойынша әлем елдері арасында 50 орынға ие.
Қазіргі заманғы дүниетаным ұлттық колоритті, дәстүрлер мен ақпараттық технологияларды, дамуды, жаһандану элементтерін үйлестіруге мүмкіндік береді. Жаңғырту құралдарын бағалай алмаған және пайдалана алмаған, сондай-ақ жаһандық трендтерге сәйкес келмейтін қағидаттардан бас тарта алмаған көптеген халықтар күйреп немесе жер бетінен жоғалып кеткені кездейсоқ емес.
Болашақ ХХІ ғасыр шындығына сай жаңғырта отырып, ата-бабаларымыздың тәжірибесі мен мұрасын ұдайы зерделей отырып, өзінің бірегейлігін сақтай отырып, өмір сүруді үйренген халықтар мен ұлыстардың қолында.
Әсем Мырхайдарова