Аударма – мемлекеттік маңызды іс
Оқулық сапасы туралы мәселесі айтылғанда, сол оқулықтарға негіз болатын қазақ тіліне халықаралық қолданыстағы тілдерден аударылған сапалы аударма проблемасы да бой көтереді.
Мемлекеттің ғылыми-техникалық базасын қалыптастыруда, мамандар даярлауда қазақ тіліндегі оқулықтардың маңызы зор екені бесенеден белгілі. Осы күнге дейін мемлекеттік тілдегі оқулықтардың аздығы, тіпті жоқтығы мәселенің қордалана түсуіне себеп болғаны жасырын емес. Қазақ тіліндегі терминологиялық сөздіктердің жұтаңдығы, термин сөздердің тиісінше аударылмауы, бірізділіктің болмауы, аудармалардағы калькалар болашақ мамандардың қазақша білім алуына, ізденуі мен дамуына үлкен кедергі болды. Бұл мәселе тіпті Парламентте де көтерілді. Филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы осыған қатысты терминдерді аударатын мамандардың басын біріктіретін орталық құру қажеттілігі туралы айтқан болатын. Әрине, бұл мәселе негізсіз емес.
Жалпы, қазақ тілін ғылым тілі ретінде қолдану мен дамытудың үш негізгі бағытының бірі – ғылыми әдебиеттерді шет тілдерінен ана тілімізге аудару.
Осы тұста, бұдан үш жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жария етіп, онда әлемдік ЖОО-да қолданылатын, халықаралық ғылым тұрғыдан жоғары сұранысқа ие бірқатар құнды оқулықтарды қазақ тілінде сөйлету мәселесін сөз еткен болатын. Осы мақсатта «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Үш жыл бойы жүздеген маман бірнеше саладағы оқулықтың қазақша аудармасын жасау ісімен айналысты.
Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық. Нәтиже қандай?
Жоспарлағандай, бірқатар оқулық қазақ тіліне аударылды. Жобаның басы-қасында жүрген мамандардың сөзіне сенсек, қолға алынған аударма қазақ ғылымын жаңа белеске шығарып қана қоймай, сонымен бірге мемлекеттік тілдегі терминология саласының дами түсуіне үлкен серпіліс берген. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, халықаралық деңгейдегі мазмұн жасау нарығында өнімді нәтиже көрсету үшін озық білім мен ғылым қажет. Аударманың қажеттілігі дәл осы тұста айқындалады дейді ол.
Ұлттық аударма бюросы 2017 жылдан бергі үш жыл ішінде гуманитарлық бағыттағы, оның ішінде тарих, философия, социология, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, кинотану, театртану салалары бойынша әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытылатын 77 оқулықты қазақ тіліне аударған. Оның ішінде 47-і еліміздегі 132 ЖОО таратылып үлгерген. Қалған 23 оқулық 2020 жылдың соңына дейін тәржімаланады деген жоспар бар.
Жалпы, аударма мектептерін қалыптастыру идеясын бастапқыда Нұрсұлтан Әбішұлы да қадап айтқаны есімізде. Ол дәл осы жоба туралы сөз қозғап, оның қай тұрғыдан маңызы зор екенін түсіндіріп берген болатын.
«100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек, – деген болатын Елбасы.
«Ұлттық аударма бюросының» мамандары жобаның аударма саласына қосқаны да, бергені де мол болғанын айтады. Қор аудармашысы Асылтай Тасболат аударма саласының қазіргі деңгейі қарқынды күш алып келе жатқанын айтады.
«100 жаңа оқулық» жобасы негізінен гуманитарлық бағыттағы оқулықтарды аударумен айналысып жатса, көркем, балалар әдебиетінен бастап ғылыми академиялық басылымдарға, іскер әдебиетке дейінгі аударма кітаптардың түр-түрі оқырманға жол тартып жатқанына куә болудамыз, – дейді ол.
Ұлттық аударма бюросы осы уақыт ішінде Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы», Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» атты талдауын, Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы» еңбектерін аударған. Жиырмасыншы ғасырдың әйгілі ойшылдарының бірі Жил Делөздың «Кино 1: Қозғалыс – бейне», «Кино 2: Уақыт – бейне» деп аталатын екі томдық құнды еңбегі алғаш рет тұтас күйінде қазақ тіліне аударылды.
Бұл оқулықтар философия саласына өзіндік жаңа леп әкеліп, қазақ тіліндегі философиялық ұғымдарға, терминдерге, түптеп келгенде, категориялық аппаратқа байыппен мән беру керектігін көрсетті.
Сан бар. Сапа қандай?
Сонымен, ауқымды жоба бар. Оқулықтар аудармасына 300-ден астам маман қатысқанын атап өттік. Кітап аудармасы қалай жүзеге асады, бірақ сапасы қалай тексеріледі? Сапа дегенде, әлеуметтік желілерде қатеден көз ашпай, сынға ұшырап, дау-дамайдың астында қалған оқулықтар мәселесі де еске түседі. «Ұлттық аударма бюросының» басы-қасында жүргендер бұл мәселені қалай оңтайландыра алды ма?
Қордың атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, аударма процесін еліміздегі маңдайалды аудармашылар, салалық ғылым мамандары, шет тілі мамандары бірлесе отырып жүзеге асырады. Бір кітап бірнеше редактордың қолынан өтіп, оның аудармасы мен тексерілуіне де көп мән беріледі. Мәселен, бір аудармашыға берілетін күнделікті аударма көлемі оның шығармашылық әрі ізденіс әлеуетіне қарай үлестіріледі. Айтуынша, бір маман күнделікті 3-4 беттен аспайтын көлемдегі аударма жасайды. Яғни, бұл сан емес, керісінше, сапа қуудың айқын көрінісі.
Аударма процесінде пәнді жақсы білетін ғалым-оқытушылар мен аудармашылар, оған қоса, мәтінді қазақша сауатты жеткізуге қауқарлы редактор сынды мамандар бірлесе жұмыс істейді.
Айта кету керек, осыған дейін әр оқулық 10 000 данамен басылып шығарылып, университет кітапханаларына тегін таратылған.
Бұдан бөлек, кітаптардың электронды нұсқасы дайындалып, Қазақстанның ашық университеті – openU.kz платформасына, сонымен бірге «Қазақстанның ашық кітапханасы» – kitap.kz-ке жүктелді.
Қорыта айтқанда, «Рухани жаңғыру» аясында үш жыл бойы еңбек еткен «Ұлттық аударма бюросының» жұмысы уақыт сынынан өтетін кез келді. Алдағы уақытта ЖОО тәлімгерлері оқулықтардың сапасын зерделеп, баға беретін болады. Десе де, қазақ тіліндегі аударма ісін дамытуда аталған жоба шын мәнінде бірегей жоба болғаны анық.