Олай болса, аталмыш бағдарлама аясында жобаларды іске асыру барысында көзделген мақсаттар орындалды ма? Жобалар қандай бағыттарды қамтиды? Бағдарламаны жүзеге асыру болашақта жалғасын таба ма? Осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Рухани жаңғырудың 6 бағыты мен қорытындылары

Бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Елімізде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен үш жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осы бағыттарды қамтиды. Аталған бағыттар бойынша қазіргі таңда республика аумағында «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру», «Туған жер», «Киелі Қазақстан», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Ауыл – ел бесігі», «Өз жеріңді танып біл», «Цифрлы Қазақстан» «Үш тілде білім беру» сияқты 13 жоба іске асып жатыр.

Қазақстанның қоғамдық даму институтында мәлімдегендей, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өзінің кешенділігін көрсетіп қана қоймай, еліміздің одан әрі дамуына оң ықпалын тигізеді.

Қазақстанның қоғамдық даму институты жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының  басшысы Жанар Буканова: «Рухани жаңғыру» – көп адамның басын қосар жай ғана бұқаралық іс-шаралар емес. Бұл – жас ұрпақ өкілдерінің қоғамдық санасын жаңғыртуға бағытталған ұзақмерзімді іргелі жұмыс. Бағдарламаны қазақстандықтардың рухани құндылықтарын қайта түлетудің темірқазығына теңесек, артық етпейді.

Үш жыл ішінде елімізде қыруар жұмыс атқарылды: 12 миллионнан астам адамды қамтыған  100 мыңға тарта іс-шара өтті. Ал оның артында ауқымды жаңа ақпарат, зор ізденіс, қажырлы еңбек жатыр.

Осындай ауқымды да жүйелі жұмыстардың нәтижесінде республикамызда заманауи қазақстандық мәдениет, озық білім, ғылыми-зерттеу, археология сияқты түрлі салалардың дамуында едәуір серпіліс байқалды. Мәселен, «Туған жер» жобасы аясында Қазақстанда 3 мыңға жуық нысан жаңадан бой көтеріп, мектептер, балабақшалар, медициналық, спорттық және мәдени ұйымдар сияқты әлеуметтік маңызы бар 2 мыңнан астам нысан күрделі жөндеуден өтті», – дейді.

Оның айтуынша, 3 жылдық қорытындыларды салыстыра отырып, қазақстандық бизнестің «Туған жер» жобасына қатысты әлеуметтік жауапкершілігі арта түскендігін аңғаруға болады.

«Бизнес өкілдерінің бағдарламаға қатысуы жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, меценаттық, демеушілік, тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемдесу, туған ауылдарына қарайласу сияқты жұмыстар кәсіпкерлеріміздің әлеуметтік жауапкершілігінің артқандығының бір куәсі деп білеміз.

2019 жылы «Туған жер» жобасы бойынша меценаттар мен демеушілердің тарапынан 1,5 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстарына 60 млрд-қа жуық теңге көлемінде қаражат тартылды. Жобаларды жүзеге асыру ісіне, әсіресе, Маңғыстау, Алматы, Атырау, Қызылорда және Ақмола облыстарының кәсіпкерлері белсенділік танытқан», – дейді Қазақстанның қоғамдық даму институты өкілдері.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қазақстандық студенттерді әлемнің үздік ойшылдары мен ғалымдарының, практиктердің еңбектерімен, дамыған елдердің тәжірибелерімен таныстырды.

Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы», әлем назарын аударған Ювал Хараридің «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы», «Homo Deus: болашақтың қысқаша тарихы», «XXI ғасырға 21 сабақ» сияқты 77 оқулық қазақстандық оқу орындарының кітапханаларында ғана қолжетімді емес. Олар «Қазақстанның ашық университеті» – OpenU.kz платформасына жүктелген. Жыл басында платформада 172 курс қамтылған, оған тіркелген қолданушылар саны 46 мыңнан, ал қазақ және орыс тілдеріндегі дәрістер саны 4 мыңнан асқан болатын.

Бұл көрсеткіштердің оқулықтар мен курстардың сұранысқа ие екендігін дәлелдей түскендей.

Жас буын өкілдері ерекше ықылас білдірген жобалардың тағы бірі – «100 жаңа есім» жобасы. Мұны ел өңірлерінде жүргізілген мониторинг шаралары көрсетуде. Осы жобаға  үш жылда республика бойынша 7 мыңға тарта азамат қатысқан. Ал жеңімпаз деген атаққа 163 адам ие болыпты. Оның 102-сі – 2017 жылы, 29-ы – 2018 жылы және 32-сі – 2019 жылы жоба жеңімпазы атанған-ды.

«Жобаны халық арасында насихаттауда азаматтық сектор өкілдері белсенділік танытты. Шын мәнінде, еліміздің атын төрткіл дүниеге танытқан талантты да талапты азаматтарымыз өте көп. Мысалы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының қатарында силиконнан мүсін жасайтын жалғыз гиперреалист Айдос Есмағамбетов бар. Оның есімі әлемге танылғаны соншалық, отандасымыз мадам Тюссоның шақыртуына ие», – деп ерекше тоқталды Жанар Буканова.

Айдос Есмағамбетов өз кезегінде жоба жайлы былай дейді: «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын жарнама ретінде қарауға болмайды. Жарнама үшін жасалған, жүзеге асып жатқан дүниелер онсыз да жетіп артылады. Жобаның негізгі мақсаты белгілі бір сала бойынша нақты істің адамдары бар екенін көрсету деп білемін. Қазақстанның мәдениетін, туризмін, өнерін дамытуды да мақсат еткен жоба деп ойлаймын. Көптеген жеңімпаздар мен қатысушыларға тиісті қолдау көрсетілеріне сенімдімін».

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында киелі орындардың тізіміне жалпыұлттық маңыздағы 100 нысан, аймақтық маңызға ие 500-ден астам нысан енді. Сонымен қатар, республикадағы тарихи және мәдени 48 ескерткіш қалпына келтірілген. Бүгінгі таңда мамандар көне Отырар қаласын қалпына келтіру шараларына кірісіп, «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» сапар орталықтарын ашты. Zhetysu 360 виртуалды 3D-турлары, Қарағанды облысында «Қымыз фест» және т.б ұйымдастырылды.

2020 жылдың наурыз айында пандемия халықаралық шекараларды «жапқанға» дейін «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» жобасы аясында Нью-Делиде «Ұлы Дала: Уақыт. Кеңістік. Мәдениет» көрмесі өтті.

Кинематография саласында «Қош бол, Медеу» фильмінің премьерасы, «Шәкен Айманов» деректі фильмі және т.б. 3 000-нан астам киноқұжаттардың цифрлық көшірмелері HD форматына көшірілді. Сонымен қатар 500 данадан астам киноқұжаттардың 4D форматындағы цифрлық көшірмесі жасалды.

Бағдарламаның 2020 жылға арналған жоспарлары мен міндеттері

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыруда проблемалы тұстар да кездесті. Мәселен, өңірлерде жобаларды сапасыз жоспарлау сияқты жағдайлар орын алды. Бастапқы мақсат көздеген нәтижеге сай келмеу деген болды. Сол себепті билік басындағылар 2020 жылға арналған жаңа жоспарды құру кезінде олқылықтарды болдырмаудың барлық жағдайын ескерген. Осы жылға арналған жоспарда көптеген шараның қысқартылғанын байқауға болады.

«Бөлімдердің саны екі есе қысқарды. Қабылданған құжат 122 бөлімнен тұрады. Сапа көтеріледі деп сенеміз. Жоспар негізгі үш бағытта жүзеге асырылмақ. Біріншісі – жеке даму. Екіншісі – ұлттық бірегейлік пен халықаралық таныстырылым. Үшіншісі – мемлекеттің, азаматтық қоғам мен жергілікті қоғамдастықтардың дамуы. Биыл құжат бойынша шаралар легі екі есе қысқарды. Осы шаралардың үштен бірі ғана форумдар мен фестивальдардан, сайыстар мен конференциялардан тұрады», –  деп түсіндірді Дәурен Абаев Ұлттық комиссия отырысында.

Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде белгілі болғандай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы түрлі бағыттағы жобаларды жүзеге асыруда қоғамдық сананы жаңғыртудың шетелдік тәжірибелері ескерілген.

«Жапония, Швейцария, Германия,Ұлыбритания, Оңтүстік Корея сынды оннан астам елдің тәжірибесі зерттелді. Мәселен, Сингапур бар халқының санасын жаңғырта алды. Оларда азаматтық кеңес құрылған. Оның арқасында халықтың медисауатталығы арттырылды. Сондай-ақ, киберсауаттылық та назардан тыс қалмады. Адамдар интернетті дұрыс қолдана білулері керек. Осы мәселелерді Сингапур белсенді жүзеге асыруда. Ал Швеция тәжірибесі ағылшын тілін үйрету бойынша экожүйе құрды. Бізде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру мәселесі тұр, олардың тәжірибесін қолдануға болады. Швед қоғамы халықаралық рейтинг бойынша ағылшын тілінде сөйлейтіндердің басында тұр. Шетелдік тәжірибені қодану бізге де бұл бағытты дамытуға өз септігін тигізетіні сөзсіз», –  деді министрлікте.

Жуырда ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында аталмыш бағдарламаның 3 жылдық қорытындылары және алдағы жылдарға арналған жоспарлар жөнінде есеп берген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысында науқаншылыққа жол берілмейтіндігін тілге тиек етіп, оны ұлтты жаңғырту бағдарламасы ретінде жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы барша халықты ұйыстыратын, отандастарымыздың бірлігін арттыратын, ескіден арылтып, жаһандық үдеріс кезінде ұлттың кескін-келбетін сақтайтын бірегей мегажобаға айналып отыр.