Қазақстан Тәуелсіздік алған уақыттан бері ұлттың тарихы мен мәдениетін сақтап, кейбір себептерге байланысты ұлттың жадынан өшірілген құндылықтарды қайта жаңғырту жұмыстарына көңіл бөліп келеді. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы арқасында тарихи ескерткіштер жаңартып, «Халық – тарих толқынында» бағдарламасының көмегімен ұлттың тарихына қатысты тың құжаттарды қайтардық. Қазір еліміздегі идеология «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде жүргізіліп жатыр.
Бағдарламаның басты бағыттары
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы негізінде ұлттық код, ұлттық сана мен тарихты жаңғыртуды көздейтін алты бағыт бойынша ауқымды жұмыс басталды. Атап айтқанда: «Қазақстанның жүз жаңа есімі», «Қазақ тіліндегі жүз жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», және «Латын әліпбиіне көшу» жобалары.
Қазақстан үшін мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетін көтеру маңызды. Ол үшін әлемдік стандарттарды назарға ала отырып, гуманитарлық ғылымдарды дамыту қажет.
Осы орайда әлемнің озық университеттерінің қолданысындағы кітаптарды ана тілімізге аударып, ЖОО бағдарламасына енгізу үшін «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Кей сарапшылар бұл бастаманы елдің болашағына салынған инвестицияға теңеді. Осылайша, Гарвард, Кембридж, Стэнфорд университеттері мен әлемнің үздік ғылыми-тәжірибелік орталықтары пайдаланатын оқулықтар қазақ тіліндегі оқырмандарға жол тартты.
Іріктеу кезінде 800-ден астам кітапқа ұсыныс түскен. «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ-ның мәліметінше, 2017-2018 жылдары аударылған 47 оқулық Қазақстандағы 132 университетке жеткізіліп, 2018-2019 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енгізілді. Ал 2019-2020 жылдары 30 оқулық аударылса, қазір 23 оқулықты аудару процесі жүріп жатыр. Бұл жоба қазақстандық аудармашылар мен редакторлардың жаңа толқынын қалыптастырды деуге негіз бар. Себебі оқулықтарды аудару ісіне 300-ге жуық жоғары білікті маман қатысуда. Әрі кітапты аудару кезінде қазақ тіліне 3 мыңнан астам жаңа термин қосылды.
Тұғыры биік «Туған жер»
Н.Назарбаевтың «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек» деген ұсынысы көп ұзамай қоғам тарапынан қолдау тапты.
Туып-өскен жерін түлетіп, жәрдемдесемін деген азаматтарды қолдау үшін «Туған жер» жобасы бекітілді. 2017-2019 жылдар аралығында Қазақстанда 11 173 меценат өз өңіріне 274 млрд теңге қаржы салды. Мәселен, 2019 жылы 825 жаңа нысан салынып, 547 нысан жаңартылған. Жомарт жандардың қатысуымен жаңа мектеп, балабақша, аурухана, емхана, мәдениет үйлері, спорт нысандары салынып, тозығы жеткен ғимараттар жөнделді.
Жаңа есімдер танытты
Егемендік алғаннан бері елдің дамуына елеулі үлес қосқан қазақстандықтарды мысалға алып, жастарды білім алу мен табысқа жетуге баулу мақсатында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы іске асты. Жоба арқасында жетістікке жеткен, елге айтар сөзі мен көрсетер үлгісі бар ақылды жастардың есімі белгілі болды. Мәселен, 2017 жылы жобаға 889 өтініш түсіп, 102 қазақстандық «100 жаңа есім» марапатына ие боолды. 2018 жылы 536 өтінім түсіп, оның 29 жеңімпаз атанды. Ал 2019 жылы жобаға 1673 өтінім қабылданып, жеңімпаздарды анықтауға 658 142 қазақстандық 1 974 428 дауыс берді. Үшінші кезеңде 32 дарынды қазақстандық жеңімпаз деп танылды.
Коронадағдарыс кезіндегі жаңғыру
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпаратына сүйенсек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 2020 жылға іс-шаралардың басым бөлігі халықпен тығыз байланыс арқылы өткізу жоспарланған. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты олардың көбі онлайн форматқа ауыстырылды, ал кейбір өзектілігі жойылған іс-шаралар өткізілмей қалды.
Коронадағдарысқа қарамастан, өңірлерде бағдарлама қарқынды жүрзеге асырылуда. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылы онлайн курс, шеберлік сағатын қоса алғанда, республикалық деңгейде шамамен 185 іс-шара өтіп, жобаның ауқымы 1 млн астаналықты қамтыды.
Жалпы, жаһандық пандемияға қарамастан елімізде қоғамдық сананы жаңғыртып, ұлттық кодты қалыптастыруды көздейтін бірқатар ауқымды іс-шара жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Ұлық Ұлыстың 750 жылдығына арналған танымдық-тәрбиелік шаралар жыл соңына дейін жалғасады деп жоспарланған.
Басымдылық санға емес – сапада
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бағдарламаның мазмұндына талдау жасап, дамудың жаңа сатысына өтті. Қазақстанда 3 жыл ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқарудың институционалдық негізі қалыптасты. Еліміздің барлық өңірде жобалық кеңселелер ашылып, әр жердің ерекшелігіне байланысты мазмұнды жоспар құрылып, министрлік жанынан арнайы қоғамдық даму институтының қызметі жолға қойылды. Ол ғылыми-сараптамалық жұмыстан бөлек, өңірлік кеңселелердегі мамандарға әдістемелік көмек көрсетеді.
Бағдарламаның 6 бағыты бойынша 13 жоба бекітілді. Министрлік саннан сапаға көшетінін мәлімдеді. Себебі, кей өңірлерде бағдарлама науқаншылдық сипатқа ие болып, есептілік үшін сан қуып кеткені белгілі болған.
«Өңірлердегі барлық іс-шараларға қайта талдау жасалып, рухани жаңғыруға мүлдем қатысы жоқ, мазмұны таяз, мақсаты сұйық көптеген шаралар алынып тасталды. Мәселен, өткен жылдың жоспарында 229 іс-шара көзделген болса, биыл барлығы – 97 тармақ. Бұл жерде іс-шаралардың сапасына үлкен мән беріліп отыр», – деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Б.Тілепов тамыз айында өткен брифингте.
Бүгінгі таңда бағдарламада нақты 3 бағыты белгіленіп отыр. Біріншіден, енді тұлғалық дамуға басымдылық беріледі. Кез келген тұлға санасы ашық, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Екіншіден ұлттық бірегейлік пен халықаралық мәртебені арттыру көзделсе, мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы дамудың үшінші бағыты ретінде белгіленіп отыр.