«Жүз жаңа есім» – Елбасының бірегей жобасы

Қазақстанда Тәуелсіздік жылдары бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асқаны көпке мәлім. Солардың бірегейі – ел тарихында бұрын-соңды қолға алынбаған «100 жаңа есім» жобасы болды. Бір қызығы, мұндай жоба ТМД мемлекеттерінің ешбірінде кездеспейді.

Мәселен, көрші Ресей Федерациясында «Мәдениет пен туризмді» дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған. Алайда елге еңбегі сіңген тұлғаларды дәріптейтін бастама жоқтың қасы.

Сол сияқты Беларусь елінде де 2016-2020 жылдарға арналған «Беларусь мәдениеті» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынса да, «100 жаңа есім» жобасына балама болар жоба кездеспейді. Аталған бағдарлама тек «Асыл мұра», «Өнер мен шығармашылық», «Беларусь мұрағаты» және «Белорусиялықтар әлемде» сияқты бөлімдерден тұрады.

Ал, елімізде  жоба туралы алғаш рет 2017 жылдың 12 сәуірінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған еді. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақстандағы «100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз­дің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш», – деген болатын.

Жобаға кімдер қатыса алады?

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары іріктеліп алынатындықтан, қатысушыларға қойылатын талаптар да жоқ емес. Сол себепті үміткерлерге қойылатын талаптарды тілге тиек етуді жөн көрдік.

  • Ең алдымен үміткер Қазақстан азаматы болуы керек;
  • Оның жасы 18 жастан асуы тиіс;
  • Үміткер ел имиджін қалыптастыратын салада қызмет етуі қажет;
  • Қатысушы сонымен бірге өзінің жетістіктерімен Қазақстанды өзге елдерге паш еткен тұлға болуы тиіс;
  • Ол – Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік дамуына өз үлесін қосқан жан болуы керек.

2017, 2018, 2019 жылдар: статистика сөйлейді

«100 жаңа есім» жобасы 2017 жылдан бастап қолға алынып, сол жылы жобаға қатысуға 2000-нан астам азамат өтінім берген. Жобаға қатысуға ниет білдіргендердің басым көпшілігі Түркістан және Қостанай облыстарынан болған. Ал ең аз мөлшерде – Талдықорған қаласының тұрғындары тапсырған. Келіп түскен өтінімдердің арасында әр сала мамандары болды. Мәселен қоғам, бизнес, ғылым, медицина, спорт және т.б. Осылайша сарапшылар 302 үміткерді іріктеп, оларға көпшілік онлайн дауыс берді. Статистикаға сенсек, дауыс беруге Қазақстан бойынша 324 910 адам қатысқан. Олар жалпы 1 млн 300 мыңнан астам дауыс берген. Сөйтіп, 2017 жылы 102 азамат үздіктер қатарынан танылып, «100 жаңа есім» жобасының алғашқы жеңімпаздары қатарынан шықты. Сол жылы жеңімпаздар Елбасымен жүздесіп, өздерінің алдағы жоспарларын бөліскен еді.

Ал, 2018 жылы Қазақстанның әр облысынан 11 өтінім келіп түскен. Олардың ішінде ең көп өтінім білдірушілер Нұр-Сұлтан қаласынан болса, өтінімді ең аз берген өңір – Қызылорда облысы деп танылған. Тек елордадан сол жылы 129 өтінім келіп түскен. Арнайы іріктеуден өткен соң, онлайн дауыс беруге барлығы 200 үміткер қатысқан. Сол жылы оларға 160 000-нан астам ел азаматы 836 000-ға жуық дауыс берген. Сөйтіп 2018 жылы «100 жаңа есім» жобасының 29 жеңімпазы анықталған.

2019 жылы да жоба өз жалғасын тапты. Бұл жылы барлығы 1673 өтінім қабылданып, 658 142 азамат 1 млн 975 мыңға жуық дауыс берген. Аталған жылы жеңімпаздар қатарынан 32 азамат табылды. Олардың 25-ін ел тұрғындары дауыс беру арқылы таңдаса, қалған 7-еуін жобаның қазылары таңдаған. Бір ерекшелігі, былтырғы жылы үміткерлерге жасы 39-дан аспауы тиіс деген ерекше талап қойылған.

100 жаңа есім

Жаңа жоба елге не берді?

2019 жылы жеңімпаздар қатарынан табылған жандардың бірі – ақын, журналист, Жазушылар Одағының мүшесі Мақпал Тәжмағамбетова (Мыса). Жас қаламгердің айтуынша, аталмыш жоба жастарға табысты тұлғаларды таныстырып қана қоймай, оларға тың серпіліс пен мотивация береді екен.

Бұл жоба елде болмаған тың бастама. «100 жаңа есім» елдің түкпір-түкпірінде түрлі салада жүрген талантты жастарды насихаттауды мақсат етеді. Бұл жастарға серпіліс, мотивация беретін жоба деп санаймын. Себебі, түрлі жетістіктерге жеткен, көпке үлгі болатын жастар насихатталмай жатыр. Осы олқылықтың орнын аталған жоба толтырады деп есептеймін, – дейді жас ақын.

Өткен жылы үздіктер қатарынан көрінген тағы бір қатысушы – белгілі фотограф, маркетолог Әлібек Ибраев. Оспан Әли лақап атымен танылған ол бұл бастаманы «жылдар бойы аянбай еңбек еткен азаматтардың еңбегінің жемісін көрсететін тың жоба» деп есептейді.

Бұл жоба арқылы көптеген азамат «Өзім және елім үшін не істедім?» деген сауалға жауап тапты деп ойлаймын. «100 жаңа есім» көп жылдар бойы тер төккен тұлғаларды елге танытты. Өзім осындай талантты жастардың арасынан табылғаныма шын қуаныштымын, – дейді ол.

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып  жатқан «100 жаңа есім» жобасы басталғалы бері 5000-нан өтінім келіп түскен. Игі бастама ел ішіндегі өнерлі, дарынды, алғыр жастарды елге таныту ісін алдағы жылдары да жалғастыратынына сеніміміз мол.