Айдар Мырзабек, Sman дүкені PR бөлімінің меңгерушісі:

Айдар Мырзабек
Айдар Мырзабек. Фото жеке архивінен

Қазіргі кезде қазақша қызмет көрсетуді талап ететін тұтынушы саны саусақпен санарлық. Ешбір компания қажеттілік болғандықтан ғана қазақ тілінде қызмет көрсетуге тырыспайды, тек мемлекеттік тіл ретінде болуға тиіс ағза ретінде қарайды. Kcell, Halyk bank сияқты бүтін мемлекетті өзінің тұтынушысына айналдыра алған мекемелер ғана қазақ тілін коммуникация құралы деп санауы мүмкін. Өйткені бүкіл халықты бірдей қамтамасыз ету үшін қазақ тілі оларға қажет. Ал қаладағы коммерция нысандары қазақ тілінде қызмет көрсетудің маңызын аса ескере бермейді.

Дегенмен кейінгі 2-3 жылда бұл көзқарас жойылып жатыр. Себебі мегаполиске қыдырып келетіндердің біразы — ауыл тұрғындары. Олар бір келгенде молынан киініп кетуге тырысады. Бірақ мұны түсініп, өз пайдасына шешіп жатқан компания аз.

Sman-ның да қазақ тілінде қызмет көрсетуі, тұтынушылармен мәміле құруы ерекше болып көрінумен қатар, осы негізде де үлкен жемісін беріп келеді. 4-5 жыл бұрын Mega бойынша қазақша әуен тек Sman бутигінде қосылып тұратын. Қазір Mega-ның орталықтан қосылатын әр екінші әуен қазақша сайрап тұрады. Мұның өзі қазақша сөйлейтін аудиторияның бағалануын көрсетеді. Меніңше, көп табыс тапқысы келетін коммерция нысандары қазақ тілді аудиторияны өз тілінде баурауға тырысуы керек.

Нейромаркетинг бойынша, клиент өз тілінде қызмет көрсеткен нысанды генетика заңына сай жақын тартады. Ал орыс тілінде қызмет көрсетем дегендер болса, мархабат, ешкім кедергі емес.

Айна Досмахамбетқызы, SMM-маман, блогер:

Айна Досмахамбетқызы
Айна Досмахамбетқызы. Фото жеке архивінен

Бір күнде әлеуметтік желілердегі брендтердің парақшаларын дүр сілкіндірген Qazaqsha jaz флэшмобы — мемлекет әлсіздігінің тағы бір көрсеткіші. Осы 30 жылда мемлекет қазақ тілінің беделін көтере алмады, қазақ тілін қажетсіз қылды. Орыс тілін білмесең, жұмысқа да тұра алмайсың. Ал қазақ тілін білмесең, емін-еркін өмір сүре бересің. Дегенмен осы 30 жыл бойы біз білмейтін көптеген тіл жанашыры талай жұмыс істеді. Әлеуметтік желі ол кезде қазіргідей дамымағандықтан біз олардың есімін біле бермейміз. Нағыз батырлар — солар. Олар бренд парақшасының астына жай пікір қалдырып кетпей, жүйемен күресті. Солардың арқасында біз сәл де болса тілімізді сақтап қалдық. Солардың арқасында қазір Qazaqsha jaz флэшмобын ұйымдастыру мүмкін болып отыр.

Қалай болғанда да, екі тарап та — қарапайым адамдар, мемлекет емес. Коронавирус сияқты тіл мәселесін де халық өзі шешуге мәжбүр. Ал қозғалысқа келсек, бір пікірді де оқымадым, бірақ әдепті, сыпайы, нақты, түсінікті жазылған деген үміттемін. Олай болмаса, бұл қылық брендтердің «Қазақ аудиториясымен қарым-қатынас жасамағанымыз дұрыс болған екен» деген ойға келуіне себеп болуы мүмкін.

Ал әлеуметтік желілер ары қарай дами береді. Қазақ тілінде ақпаратты дұрыс жеткізетін адамдарға, қазақ тілді SММ мамандарға сұраныс тек арта түседі.

Қозғалыстың чатын қарап шықтым. Өте жақсы ұйымдастырылған, өз ережелері бар. Бәріміз бір ауыздан қолдайық. Ұзағынан болсын. Әйтпесе, қазақтар бір шулап, алғашқы нәтижеден басы айналып, той тойлап кетті деп жүрер.

Жанерке Сейфуллина, маркетолог:

Жанерке Сейфуллина
Жанерке Сейфуллина. Фото жеке архивінен

Еліміздегі халықаралық компаниялардың қазақ тілінде қызмет көрсеткенін мен де қолдаймын. Ал маркетинг жағынан айтар болсам, бұл сала Қазақстанда көбіне орыс, ағылшын тілдерінде жүреді. Осы саланы меңгеріп, кәсіптің жүруіне ат салысып өзіміздің ортамызды құрып жатырмыз. Сонымен бірге шетелден біліп алып, оны қазақша жеткізіп, әлеуметтік желіде болсын, басқа жерде болсын, қазақша контент жасап жүрміз. Бұл прогресс жаман емес. Өйткені қазақ тілінде де маркетологтар қалыптасып жатыр, ана тіліміздің беделі өсіп келеді. Осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, қазақша сөйлейтін адам санының күрт артқанын, ұлты қазақ емес кісілердің де мемлекеттік тілді қолданатынын байқап жүрмін. Әрқайсымыз өзімізден бастасақ, қазақ тілінің мәртебесі арта береді.

Қазір қазақша сөйлейтін, тауарын қазақша ұсынатын кәсіпкерлер, мамандар және блогерлер күннен күнге көбейіп жатыр. Сондықтан қазақ тілінің болашағы бар. Тек барынша қазақ тілінде қарым-қатынас жасап, маркетинг, бизнестің өзін қазақтың көркем тілімен жеткізсек, орыстілді адамдардың да қызығуына ықпал етеді. Өзім өткізетін курста да қазақша жазбайтын адамдар сабақ соңында оны да үйреніп, қазақша коммуникацияға ауысып жатыр.

Еліміздегі компаниялардың қазақша қызмет етуін қаласақ, оны мәдениеттің шегінен шықпай, өзіміз қазақша сөйлей жүріп, талап етуіміз керек. Ойымызды дөрекі емес, өте сауатты жеткізе білсек, халықаралық компаниялардың қазақша қызмет көрсетуіне ықпал ете аламыз. Сонымен қатар қазақша тілді шұбарламай, таза, көркемдігінен айнымай сөйлеуге талпынуымыз қажет. Әлеуметтік желідегі әр сөзіміз де соған сай болғаны дұрыс.

Qazaqsha jaz қозғалысы өкілдерінің айтуынша, осыған дейін еріктілер 70-ке жуық компанияның қазақша ақпарат беруіне ықпал еткен. Оның ішінде арнайы нысанға алынған, сонымен қатар қазақ тілін қолдап, өзі қазақша жаза бастаған ұйымдар да бар.

Чек-лист
Инфографика: Qazaqsha jaz

Qazaqsha jaz қозғалысының өкілі:

Тек талап етіп қоймай, қазақша жаза бастағаннан кейін ол компанияға жаңа қазақша сөйлейтін клиент алып келу үшін желіде қолдау білдіреміз. Қозғалыс қарқынды дамып жатыр деп айта аламыз. Жаңа платформа мен филиалдар қосылды. Instagram-дағы парақшаға тіркелген 5 мыңға жуық еріктінің ішінде кәсіпкерлер, компания өкілдері, журналистермен қатар басқа да тіл жанашырлары бар.

Біздің жаңа және нәтижелі әдісіміздің бірі — компания өкілдеріне тікелей өтіп, хат жазу. Жақында DoDo Pizza, Пинта ресторандар желісінің басшылығына хат жазып, қолдау таптық. Қазір бұл компаниялар орысша ақпарат берумен қатар қазақша да жазып жүр. Сонымен бірге қазір біздің белсенділер, түрлі аккаунт мем жасап жатыр. Оны таратып, қолдаймыз. Себебі әзіл араластыру, өлеңдетіп, сыпайы пікір жазу — негізгі стиліміз.

Қозғалыс Ақтау мен Атырауда ашылды. Біз оларды барынша қолдап жатырмыз. Болашақта бүкіл Қазақстанды қамтып, әр қалада филиалымыз болса екен дейміз. Қозғалыстың басты мақсаты — қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту болғандықтан 25 пунктіден тұратын чек-лист дайындадық. Бұл қазақшасын дамытқысы, қазақ тілін қолдағысы келетін адамдарды шабыттандырады. Біз қызық контент арқылы қазақ тілінің қолданылуын кеңейткіміз келеді.

Кез келген компанияның болашағы қазақ тілінде. Қозғалыс арқылы соларға аздап көмектесіп, ірі-орта бизнестің қазақша қызмет көрсетіп, өзгелермен бәсекеге түсе алуына ықпал етеміз.