Қызылордада “Зияткер отбасы” сайысы өтті

Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ата-аналары арасында өткен "Зияткер отбасы" атты  сайыста  Дүйсеновтер жанұясы жеңімпаз атанды.

Жас зияткер, анасы мен әкесінің басын қосқан интеллектуалды ойынға барлығы 6 отбасылық топ қатысты.  Teams бағдарламасында қашықтан қатысушылар сайыстың  ережесімен және мақсатымен танысты.

Бұл онлайн оқыту жағдайында ата-аналармен жұмысты жандандыру және жаңадан келген 7-сынып оқушыларына мектептің танымдық жобаларын таныстыру үшін өткізілді. Шара барысында ата-аналар түрлі сайыстарға қатысу арқылы сынып арасындағы достық қарым-қатынасты арттыра түсті, – дейді педагог-ұйымдастырушы-куратор Малика Искакова.

Ата-аналар 3 кезеңде бақтарын сынады. Викториналық сайыста жанұялар ұяшықты таңдау арқылы оңай, орташа және қиын сұрақтарға жауап берді. Келесі ойында берілген суреттер бойынша жасырылған мақал-мәтелдерді табауға тырысты. Мұнда қатысушылардың логикалық ойлау қабілеттері мен нақыл сөздерді білу деңгейі бағаланды. Соңғы кезеңде топтар ұсынылған әуендердің 10 секундын тыңдай келе  жасырылған ән мен күйді тауып балл жинады.

Тапсырмалар қызық әрі көңілді болды.  Зияткерлік мектебінің басқа сынып ата-аналарымен  танысып, қашықтан араласқанымызға қуаныштымыз. Өзге отбасылар мықты болды, дегенмен, біздің жанұямыз жеңіске жете алды. Осындай сайыстар алдағы уақытта жиі өткізіледі деген үміттеміз, – дейді “Зияткер отбасы” атанған 7 “В” сыныбының ата-анасы Айман Тауекелова.