Қызылорда облысында «Қағазсыз бір күн» акциясы өтті

Қазіргі таңда  технология жылдам қарыштап дамып барады. Алайда қағазға деген сұраныс азайған жоқ. Ал 26 қазан халықаралық қағазсыз күн деп жарияланған. Әр адам бір тәулік қағазды ысырап етпей, мүмкін болса одан бас тартуы қажет. Бұл акция әр адамның табиғи ресурстарды сақтауға қандай үлес қоса алатындығын нақты мысал арқылы көрсету мақсатында өткізіледі. Сонымен қатар заманауи, қағазсыз технологияларға әлемдегі компаниялар мен адамдардың назарын аудару.

Бірыңғай жинақтауқшы қоры өзінің жұмыс барысындағы бір жапырақ қағаздың маңыздылығын ерекше жеткізіпті. Олардың мәліметінше, бір ағаштан А4 форматындағы 11 500 бет шығады екен. Демек, шамамен 5750 конверттегі үзінді-көшірме жіберу үшін бір ағаш керек болады деген сөз. Жылына олар 1,9 миллионға жуық конверттегі үзінді-көшірмені жіберетін көрінеді. Ол үшін шамамен 330 ағаш пайдаланылады. Ал үзінді-көшірмені электрон пошта арқылы алатын 786 365 салымшы жылына 137 ағашты сақтап қалуға ықпал етеді. Жалпы 3,7 миллион адам өз жеке шоттарынның жай-күйін тексерудің электрондық тәсілін таңдаған. Бұл шамамен жылына 640 ағаштың тамырына балта шабылмайды деген сөз. Осылайша, табиғатқа жанашырлық танытып қана қоймай уақытымызды да үнемдеуге мүмкіндігіміз бар.