Ауылдық округтегі жанашыр кәсіпкерлер мен ауыл жастары демеушілік жасап, көмекке мұқтаж тағдыр тауқыметін тартқан жандардың бірі, ауыл тұрғыны жалғыз басты 8 баланың анасы Рыскүл Торыбаеваға 6 бөлмелі тұрғын үй салып берді.
Жақсылыққа ұмтылған жандар арқылы басыбайлы баспана бұйырған отбасындағы балалардың қуанышында шек жоқ. Жылдар бойғы қиындықтан құтылған ананың айтар алғысы айрықша. Көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған.
«Қамқорлық» бағдарламасын Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы мен облыс әкімдігі бірлесіп үйлестірді. Игі шара тұрғындар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Бағдарлама аясында аудан, қалалардағы тұрмыс тауқыметін тартқан отбасыларға жан-жақты қамқорлық көрсету арқылы, кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Мұндай отбасыларды анықтау үшін құрылған арнайы комиссия құрамына ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер кірді. Кешенді бағдарлама аясында 2000-ға жуық адамға көмек берілді. Отбасылар азық-түлік, киім-кешек, материалдық көмек көрсетілуде. Оның ішінде 35 отбасына тұрғын үй алып берілсе, 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 178 адам қоғамдық жұмысқа тартылған.