Нұрлыхан Хасенов: ұлттық құндылықтарды дәріптеу – біздің азаматтық борышымыз

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асқанына биыл үш жыл. Бағдарлама аясында еліміздің әр өңірінде түрлі жобалар ұйымдастырылды. Осы атқарылған іс-шаралар жайында Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы, әлеуметтік ғылымдар магистрі Нұрлыхан Хасеновпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Нұрлыхан Хасенов
Нұрлыхан Хасенов

— Нұрлыхан Жайылханұлы, алдымен жалпы орталық туралы айтып берсеңіз.

— 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін Ақтөбеде өңірлік жобалық кеңсе ашылды. Негізгі мақсатымыз – Ақтөбе облысының аумағындағы жаңа бастамаларды, ақпараттық-әдістемелік жобаларды іске асыру және өңірдегі мемлекеттік саясатты дамыту. Орталықта 2 бөлім бар. Біріншісі жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру бойынша жобаларды ұйымдастырады. Екіншісі мәдени және әлеуметтік жобалар бөлімі. Мұнда тарихи, мәдени шаралар мен әлеуметтік бағытта жұмыстар жүргізіледі.

— Бағдарлама аясында осы уақытқа дейін қандай мәдени, әлеуметтік не ақпараттық іс-шаралар жүзеге асырылды?

— Бүгінгі күнге дейін бағдарламада көрсетілген 6 бағыт пен 13 арнайы жоба бойынша түрлі дәрежеде кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Ақтөбе қаласында демеушілердің көмегімен футбол және баскетбол ойнауға арналған  «Тәуке хан» спорт алаңы ашылды. Тарихи жобалар да болды. Мәселен, археологиялық зерттеулер нәтижесінде Тасқопа елді-мекенінің маңынан б.з.д. V ғасырда алтын киіммен жерленген сармат көсемінің қорғаны табылғаны мәлім. Осы зерттеу нәтижесінде 15 қорған анықталып, 4 қорған зерттелді. «Туған жер» арнайы жобасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 2020 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.  Оның ішіндегі ірі жобалар — Ер Едіге батыр мен  Есет батыр Көкіұлына ескерткіш қойылды.

— Ескерткіш демекші, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба аясында ескерткіштерге QR-кодтар орнатқан екенсіздер. Бұл қандай QR код, олар қалай жұмыс істейді?

— Облыс бойынша барлығы 97 ескерткішке QR-кодтар орнатылды. QR-код ескерткіштердің қас бетіне, қорғау тақтайшаларына және арнайы жасақталған тіреулерге орнатылған. Тақтайшалар тот баспайтын металдан жасалған. Жобаның мақсаты көпшілік қауымға QR-кодтар арқылы Ақтөбе облысында орналасқан тарихи және мәдени ескерткіштер жайында толық мәліметті ұсыну. Арнайы QR-кодтарды оқуға арналған бағдарлама арқылы ескерткіштер туралы деректермен танысуға болады. Ескерткіштерге понорамалық және фото түсірілім жүргізіп, интерактив карта да жасадық.

— Бағдарламаның келесі кезеңіне өтуде 4 жаңа арнайы жобаның бастау алғанын білеміз. Осы жобалардың мақсаты қандай?

— Қысқаша тоқталатын болсақ, «Дәстүр мен ғұрып» жобасы ұлттық рух, тәлім-тәрбиені дәріптейтін салт-дәстүрлерді жаңғыртса, «Еңбек – елдің мұраты» жобасы жас ұрпақты еңбекке деген сүйіспеншілікке баулиды. «Құқықтық мәдениет» жобасы Қазақстан халқының құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру бағытында жүзеге асырылып, «Үнем – қоғам қуаты»  жобасы қазақстандықтардың прагматикалық өмір салтын насихаттайды.

— Ал осы рухани құндылықты насихаттау шаралары қаншалықты сәтті өтті деп ойлайсыз?

— Облыста атқарылған жұмыстар барлық саланы қамтыды. Көлемді де маңызды жобалар іске асырылды. Әрине, науқаншылдыққа салынып, жобаның бағыты мен мазмұнына сәйкес емес іс-шараларды ұйымдастырған жайттар да кездесті. Сол үшін біздің орталық үйлестіру және әдістемелік нұсқаулық жасау жұмыстарымен айналысып, іс-шаралардың негізгі мақсатын анықтап, соған сай жұмыстың мазмұнын жасақтауға қызмет етеді.

— Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы сіздің ойыңыз қандай?

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасында сананы жаңғырту, ұлттық құндылықтарды Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер, қоғам дамуының іргелі мәселелері нақты көрсетілген. Рухани дамуды реттеу мақсатында айқындалған бағыттардың бәрі уақыт  талаптарына нақты жауап береді.

Алдағы кезеңде назар аударатын, енді бір қарқынды қолға алатын басым бағыт – халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сақтау, көпшіліктің күнделікті өмір тіршілігіне енгізу, насихаттау, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға қандыра тәрбиелеу деп санаймын.

Рухани байлықтың кемел де қуатты болғаны жеке азамат­тарымыз үшін де, еліміз үшін де маңызды. Ақыл-ойы толысқан, отбасын, Отанын риясыз сүйетін, рухани бай ұрпақ өркениетті бәсекеге қабілетті болатыны анық. Сондықтан адамның рухани жан-дүниесін байытатын жақсы қасиеттерді сіңіруді, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, Отанға деген сүйіспеншілікті ояту – сіз бен біздің азаматтық борышымыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!