— Нұрлыхан Жайылханұлы, алдымен жалпы орталық туралы айтып берсеңіз.
— 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін Ақтөбеде өңірлік жобалық кеңсе ашылды. Негізгі мақсатымыз – Ақтөбе облысының аумағындағы жаңа бастамаларды, ақпараттық-әдістемелік жобаларды іске асыру және өңірдегі мемлекеттік саясатты дамыту. Орталықта 2 бөлім бар. Біріншісі жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру бойынша жобаларды ұйымдастырады. Екіншісі мәдени және әлеуметтік жобалар бөлімі. Мұнда тарихи, мәдени шаралар мен әлеуметтік бағытта жұмыстар жүргізіледі.
— Бағдарлама аясында осы уақытқа дейін қандай мәдени, әлеуметтік не ақпараттық іс-шаралар жүзеге асырылды?
— Бүгінгі күнге дейін бағдарламада көрсетілген 6 бағыт пен 13 арнайы жоба бойынша түрлі дәрежеде кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Ақтөбе қаласында демеушілердің көмегімен футбол және баскетбол ойнауға арналған «Тәуке хан» спорт алаңы ашылды. Тарихи жобалар да болды. Мәселен, археологиялық зерттеулер нәтижесінде Тасқопа елді-мекенінің маңынан б.з.д. V ғасырда алтын киіммен жерленген сармат көсемінің қорғаны табылғаны мәлім. Осы зерттеу нәтижесінде 15 қорған анықталып, 4 қорған зерттелді. «Туған жер» арнайы жобасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 2020 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Оның ішіндегі ірі жобалар — Ер Едіге батыр мен Есет батыр Көкіұлына ескерткіш қойылды.
— Ескерткіш демекші, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба аясында ескерткіштерге QR-кодтар орнатқан екенсіздер. Бұл қандай QR код, олар қалай жұмыс істейді?
— Облыс бойынша барлығы 97 ескерткішке QR-кодтар орнатылды. QR-код ескерткіштердің қас бетіне, қорғау тақтайшаларына және арнайы жасақталған тіреулерге орнатылған. Тақтайшалар тот баспайтын металдан жасалған. Жобаның мақсаты көпшілік қауымға QR-кодтар арқылы Ақтөбе облысында орналасқан тарихи және мәдени ескерткіштер жайында толық мәліметті ұсыну. Арнайы QR-кодтарды оқуға арналған бағдарлама арқылы ескерткіштер туралы деректермен танысуға болады. Ескерткіштерге понорамалық және фото түсірілім жүргізіп, интерактив карта да жасадық.
— Бағдарламаның келесі кезеңіне өтуде 4 жаңа арнайы жобаның бастау алғанын білеміз. Осы жобалардың мақсаты қандай?
— Қысқаша тоқталатын болсақ, «Дәстүр мен ғұрып» жобасы ұлттық рух, тәлім-тәрбиені дәріптейтін салт-дәстүрлерді жаңғыртса, «Еңбек – елдің мұраты» жобасы жас ұрпақты еңбекке деген сүйіспеншілікке баулиды. «Құқықтық мәдениет» жобасы Қазақстан халқының құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру бағытында жүзеге асырылып, «Үнем – қоғам қуаты» жобасы қазақстандықтардың прагматикалық өмір салтын насихаттайды.
— Ал осы рухани құндылықты насихаттау шаралары қаншалықты сәтті өтті деп ойлайсыз?
— Облыста атқарылған жұмыстар барлық саланы қамтыды. Көлемді де маңызды жобалар іске асырылды. Әрине, науқаншылдыққа салынып, жобаның бағыты мен мазмұнына сәйкес емес іс-шараларды ұйымдастырған жайттар да кездесті. Сол үшін біздің орталық үйлестіру және әдістемелік нұсқаулық жасау жұмыстарымен айналысып, іс-шаралардың негізгі мақсатын анықтап, соған сай жұмыстың мазмұнын жасақтауға қызмет етеді.
— Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы сіздің ойыңыз қандай?
— «Рухани жаңғыру» бағдарламасында сананы жаңғырту, ұлттық құндылықтарды Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер, қоғам дамуының іргелі мәселелері нақты көрсетілген. Рухани дамуды реттеу мақсатында айқындалған бағыттардың бәрі уақыт талаптарына нақты жауап береді.
Алдағы кезеңде назар аударатын, енді бір қарқынды қолға алатын басым бағыт – халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сақтау, көпшіліктің күнделікті өмір тіршілігіне енгізу, насихаттау, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға қандыра тәрбиелеу деп санаймын.
Рухани байлықтың кемел де қуатты болғаны жеке азаматтарымыз үшін де, еліміз үшін де маңызды. Ақыл-ойы толысқан, отбасын, Отанын риясыз сүйетін, рухани бай ұрпақ өркениетті бәсекеге қабілетті болатыны анық. Сондықтан адамның рухани жан-дүниесін байытатын жақсы қасиеттерді сіңіруді, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, Отанға деген сүйіспеншілікті ояту – сіз бен біздің азаматтық борышымыз.