«Ахуал нашарлады». Жандарбек Бекшин Алматы тұрғындарына үндеу жасады

23 қазандағы жағдай бойынша Алматыда коронавирус жұқтырудың 14 607 дерегі тіркелді, оның ішінде 8 762 науқастың ауру белгілері бар, ал 5 845 адам инфекцияның симптомсыз түрін жұқтырды.

Кейінгі тәулікте COVID-19-дың 44 дерегі және пневмонияның 5 дерегі тіркелді. Ауру жұқтырғандар санының тәуліктегі өсімі — 0,3%, жұқтыру коэффициенті — 1,37. Қаладағы ахуал нашарлай түсті және науқастар саны көбейіп жатыр, — деді Жандарбек Бекшин.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, коронавирус жұқтыру дерегінің көбеюіне басты себеп — көп адам қатысатын жиындарды, үйлену, еске алу шараларын өткізу. Өйткені мұндай жиын кезінде көп адам жиналады және желдетілуі нашар жабық ғимараттарда өтеді. Іс-шара кезінде қонақтар ұзақ уақыт отырады және бір-бірімен байланыс жасайды.

Той ұйымдастырушыларына айтатыным: сіз өзіңізге ғана емес, барлық қонаққа қауіп төндіресіз. Сонымен бірге мониторинг топтарының талабы бойынша қонақтар іс-шарадан кетуге мәжбүр болады, оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырасыз, — деді бас санитар дәрігер.

Алматыда ахуалдың нашарлауының екінші себебі — қоғамдық көліктерде маска тағу режимі жиі сақталмайды, медицина қолғабы пайдаланылмайды. Жандарбек Бекшин тұрғындарға санитария талаптарын қатаң сақтау керек екенін ескертті.

Үшінші себеп — ұйымдарда коронавирус инфекциясының көп тіркелуі. Сол себепті Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қызметкерлердің кемінде 30%-ін қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіруді талап етеді.

Төртінші себебі — ересектер, әсіресе жастар түнгі клуб пен тамақтану орындарына барып келгенде инфекцияны отбасының егде жастағы мүшелеріне, ата-аналарына, аға-інілеріне жұқтырады.