ХХІ ғасыр – био-нанотехнология дәуірі

Oxford Economics сарапшылары алдағы 20 жылда мамандықтардың 47 пайызы жойылып, қазіргі оқушылар мен студенттердің  65 пайызы  әлі пайда болмаған салаларда қызмет етеді деп болжайды.

Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ең бастысы – еңбек нарығында сұраныс бар мамандыққа ие болу. Бұл, әсіресе, ақпараттық технологиялар, өндірісті цифрландыру және компьютерлендіру дәуірінде өзекті болмақ. Таяу болашақта қазіргі мамандықтардың 50 пайызына сұраныс болмайды. Сондықтан, уақыт талабына сай болу керек» деген сөзі еске түседі.

Microsoft Surface пен  The Future Laboratory ғалымдары 2025 жылға дейінгі пайда болатын мамандықтардың тізіміне виртуалды әлем дизайнері, робоэтика жөніндегі адвокат, мәдениет digital комментаторы, фриланстағы биохакер, «заттар интернеті» деректерін талдаушыларды жатқызса, 2025 жылдан ары қарай ғарыш гиді, жеке деректер кураторы, қоршаған ортаны қалпына келтіру инженері, тұрақты қуат беру құралдарын жасаушы, адам денесінің дизайнері мамандары пайда болады деп жазады.

Ал, Forbes, Popular Science басылымы 2025 жылы нейропсихолог, медицина роботтехнигі, эмбрионды емдеуші, IT-генетик, криптовалюта банкирі, виртуалды өмір және галактикалық архитектор мамандықтары жоғары оқу орындарында оқытыла бастайды дейді. Оксфордтық Ричард Сасскинд пен Дэниель Сасскинд «Мамандықтар болашағы» (The Future of the Professions) кітабында жаңа технологиялар уақытты тиімді пайдаланып, жұмысты жеңілдететінін айтқан. Шынында бүгінгі таңда қашықтан жұмыс істеу және жеткізу қызметтерін дамыту адамдарға үйден шықпай жұмыс істеуге мүмкіндік беруде.

Ел жастары еңбек нарығында бәсекелесе ала ма?

Жоғарыда аталған мамандықтарды меңгеру үшін жан-жақты қабілет пен терең білім қажет екені даусыз. «Future Workplace Experience» басылымы  жаһандану адамдары бірнеше қызметті қатар алып жүруімен ерекшеленетінін ескертеді.

Бүгінде ел жастары білім беру саласында жоғары жетістікке қол жеткізіп келеді. Мұны тәуелсіздік алғананан кейін 2,8 миллион маманның жоғары білім алуымен байланыстыруға болады. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 1991 жылы жастардың 42 мыңы жоғары білім алған, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш бірнеше есе өсіп, 150 мыңнан астам адамға жеткен. Қазақстан жастары сауаттылық индексі бойынша әлемнің 155 елінің арасында 15-ші орында тұр. Білім деңгейі бойынша еліміз Швейцария, АҚШ, Норвегия мен Финляндияны басып озып, 9-шы орынға шықты.

Қазақстанда жастардың әлеуметтік-мәдени бейімделу мәселелерін шешу, жастардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту аса өзекті. Жаңа технологяларды меңгеру үшін шет тілдерін білудің де маңызы зор.

Ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау мақсатында Елбасының 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған «Болашақ» халықаралық стипендиясының 13 мың түлегінің 40 пайыздан астамы экономиканың нақты секторында, 20 пайызы білім және ғылым саласында, 7 пайыздан астамы медицина мен денсаулық сақтау саласында еңбек етуде.

"Болашақ" бағдарламасы, еңбек нарығы

Сондай-ақ Нұр-Сұлтанда IT саласындағы стартап мәдениетін дамытып, экономиканы нығайтатын жоғары технологиялық жобаларды қолдайтын «Astana Hub» халықаралық технопаркі жұмыс істейді.

Еңбек нарығына пандемияның әсері

COVID-19 пандемиясы жалғыз Қазақстан емес, әлемнің еңбек нарығына кесірін тигізгені рас. «2020 жылы 1,9 миллиардтан астам адам (әлемдегі еңбек ресурстарының жартысынан көбі) жұмысынан айрылуы немесе толық емес жұмысқа ауысуы мүмкін. ILO (Халықаралық еңбек ұйымы) болжамына сәйкес, еңбек табысының жоғалуы 3,4 триллион долларға жетеді. Алда әлемдегі әрбір алтыншы тұрғын жұмыссыз қалып, ал жұмыссыздық деңгейі 17%-дан асады», – деп көрсеткен болатын Boston Consulting Group  (BCG) зерттеушілері.

HeadHunter зерттеу орталығының еліміздегі еңбек нарығына жүргізген статистикалық мәліметтеріне қарасақ, 2019 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құраған. Биылғы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанның электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) мамыр айының басында еліміздің барлық аймағы бойынша  жұмыс берушілерден 125,4 мың бос жұмыс орны ұсынылған. Ал жұмыс іздеушілерден 75,7 мың ғана түйіндеме түскен. Орталықтың сарапшылары наурыз айында елде енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты екі тараптан да ұсыныстың күрт төмендегенін айтады.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті Балжан Шаменова карантин шектеулері жеңілдетіліп, кәсіпорындар жұмысын қайта бастаған соң, кадрларға сұраныс артқанын айтып отыр.

бос жұмыс орындары

2020 жылдың І тоқсаны қорытындысы бойынша Қостанай  облысында – 17,7 мың, Нұр-Сұлтан қаласында – 15,8 мың, Қарағанды облысы бойынша – 10,9 мың, Алматы қаласында – 10,6 мың бос жұмыс орны ұсынылған. Бірқатар аймақтарда жұмыс іздеушілер саны ұсынылып отырған бос жұмыс орындарынан артық екені көрінеді. Ал, кейбір облыстарда бос жұмыс орындары көп болғанымен, сұраныс аз. Мәселен, Қостанай облысында 100 бос орынға – 16, Нұр-Сұлтан қаласында  – 26, Алматы  қаласы бойынша – 27 түйіндемеден келеді. Жалпы, жұмыс берушілер тарапынан кәсіби мамандарға, қызмет көрсету және сату саласының қызметкерлері, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас сала жұмысшыларына бос жұмыс орындары жеткілікті.

P.S. Жұмыс – адамның әл-ауқатының негізгі көзі. Жастар – еліміздің болашақтағы еңбек майданындағы бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы жастардың білімге жұмсайтын энергиясы мен еліне деген патриотизммен тығыз байланысты.

Қазақстанда атқарылып жатқан барлық жобалар жастардың әлеуеті мен мүмкіндігін толық жүзеге асыру үшін жасалып жатқаны сөзсіз. Бұдан көретініміз: мемлекетімізде білім, ғылым мен бизнес интеграциясы мықтап қолға алынған. Ал жаңа заманның заманауи мамандықтарының қаншалықты игерілуі жастардың өз қолында.