— Қазіргі қызметіңізге қалай келдіңіз және талдаушы менеджер ретінде қандай міндеттерді атқарасыз?
— Қызметім қоғамдық процестерді зерттеу саласында аналитикалық жұмыстар мен жобаларды жүзеге асырумен байланысты. Олардың басым бөлігі мемлекеттік тапсырыстардың шеңберінде жүзеге асырылады. Өзекті тақырыптарды ғылыми-зерттеу алаңында талдау, олардың нәтижесі бойынша пікірлер мен ұсынымдар жазу мені қызықтыратын сала екендігін жасырмаймын.
Бұл қызметіме дейін әртүрлі шетелдік зерттеу орталықтарында жұмыс істедім. Атап айтар болсам, АҚШ-тың зерттеу институттарында, соның ішінде Вашингтон, Колумбия округіндегі Гудзон инстиутында шақыртылғын ғылыми зерттеуші, университеттерінде интерн ретінде қызмет еттім. Халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыруда біраз тәжірибем бар. Бүгінде сол тәжірибелерді отандық зерттеу қауымдастығында пайдалану мақсатында еңбек етудемін. Менің ойымша, кез-келген маман өзінің еңбек жолында және кәсіби жетілуі барысында әртүрлі тәжірибеден өтуі керек.
— Қазақстандық қоғамдық даму институтындағы қызметіңіздің аясында қандай жобалар жүзеге асырылды?
— Институт шеңберінде жүзеге асырылатын жобалардың саны да, түрі де көп. Олардың басым бөлігі бәсекеге қабілетті қазақстандық қоғамды және оның жетілген институттарын қалыптастыруға бағытталған идеология аясында жүзеге асырылады. Сонымен қатар жобалардың бірқатары қоғамды мазалайтын күн тәртібіндегі мәселелер мен мемлекеттік саясат шеңберінде сананы жаңғырту стратегиясы бойынша жүзеге асады.
Өзім қызмет ететін Қоғамдық процестерді зерттеу орталығы қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді коммуникацияны жетілдіру және одан әрі дамытуға бағытталған жобаларды іске асырады. 2020 жылдың ішінде біздің Орталық қазақстандық саяси партиялар мен саяси процестегі қозғалыстар, қоғамдық игіліктерді талдау, олардың халықаралық рейтингтердегі позицияларын бағалау, қазақстандық медиация, ақпараттың ашықтығы, еліміздегі волонтерлік қозғалыс бойынша жобаларды жүзеге асырды. Мәселен, саяси партияларға қатысты жобада қазақстандық партиялық құрылыстың ерекшеліктерін, идеологиялық-саяси контекстін қарастырып, қоғамдық қозғалыстарды талдауға тырыстық.
Жобалардың ішінде волонтерлік қызмет туралы заңнаманы әзірлеуге және сүйемелдеуге жәрдемдесу бойынша жүргізілген зерттеуіміз биылғы жылдың өзекті тақырыбына айналды.
Пандемия кезінде қазақстандық волонтерлік қызмет жалпыұлттық сипатқа ие болып, әлеуметтік нормаға айналғаны белгілі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялаған болатын. Басқаша айтқанда, коронавирус эпидемиясы әкелген төтенше жағдай волонтерлеріміздің қызметіне жаңа серпіліс берді. Орын алған жаңа тенденцияны жалғастыру үшін, әлбетте, волонтерлерімізді ынталандырып отыруымыз керек.
Халықаралық тәжірибе бойынша волонтерлердің қызметін еңбек өтілі ретінде есепке алу немесе оқуға түскенде, я жұмысқа орналасқанда жеңілдіктер беру, волонтерлерді тартатын ұйымдарға салық жеңілдіктері қарасырылған. Жобамыздың аясында аталған тәжірибе еліміздегі волонтерлер үшін де қолданылса деген, сондай-ақ корпоративті волонтерлікті дағдыға айналдыру және осыны іске асыру үшін компанияларға, жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деген ұсыныстар айтылды. Жуырда еліміздің Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленіп отырған Заң жобасында волонтерлік қызметті еңбек кітапшасында көрсету, ал қайырымдылық жобаларына қатысушы ірі, орта, кіші бизнеске 3%-дан 4%-ға дейін салық жеңілдіктерін жасау қарастырылатындығы айтылды. Бұл мемлекетіміздің халықаралық тенденциялардан қалыспай, серпінді түрде дамып жатқанның айқын көрсеткіші болып табылады.
Жуырда Қазақстандық қоғамдық даму институты жүзеге асырған кезекті зерттеудің аясында «Отбасылық медиацияның даму перспективалары» атты халықаралық онлайн конференциясы өткізілгенін айта кеткен жөн. Конференцияға отандық және шетелдік сарапшылар қатысып, Қазақстандағы медиация институтына қатысты пікірлерін, сарапшылық ұсыныстарын ортаға салды.
— Бағдарламаның аясында іске асырылып жатқан жобалардың қайсысы сіз үшін сәтті болып саналады?
— Үш жыл ішінде республика көлемінде ондаған мектептер, жиырмадан астам балабақша мен мәдени нысандар, жүздеген спорт алаңдары бой көтеріп, жаңартылған инфрақұрылымдар, жолдар іске қосылды, пәтерлер қолданысқа берілді. Яғни, модернизацияның рухани және материалдық жаңаруы мен бой көтеруі керемет ыждағаттылықпен дәл осы бағдарлама аясында жүзеге асып отыр.
Сондай-ақ, бағдарлама аясында жүзеге асырылған арнайы жобалардың ішінде «100 жаңа оқулыққа» назар аударғым келеді. Жобаның нәтижесінде тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет бұрын-соңды қолжетімді болмаған оқулықтар қазақ тіліне аударылып, мыңдаған таралыммен еліміздің жүздеген білім ордаларына жеткізілді. Бұл қазақстандық ғылым мен білім саласындағы үлкен прогресс, ғылыми ортаның әлеуетін дамытудағы және оны қолдаудағы батыл бастама деп бағалар едім. Бұған қоса, аударылған әдебиеттердің дені тек оқу құралдары ғана емес, солардың ішінде әлемдік деңгейде үздік деп танылған Стивен Ковидің, Эрнст Гомбрихтің, Юваль Хараридің, Клаус Швабтың бестселлер туындылары да бар. Бұл бастамалардың бүгінгі таңдағы қазақ тілді контингенті үшін прогрессивті ықпалын жоғары бағалағанымыз жөн. Жасыратыны жоқ, аталмыш жоба көпшіліктің ықыласына бөленді. Былтырғы жылдың нәтижесі бойынша осындай 12 арнайы жоба жүзеге асырылды.
Биылғы жылы іске қосылған жобалардан «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет» арнайы жобаларын атап өтуге болады. Жобалардың барлығы ұмыт қалған дәстүрлерді заман талабына орайластырып жаңғыртуға, жеке тұлғаның даму капиталын байытуға, қоғамдық сананы заманымыздың талаптарына жауап беретін тенденцияға ілесе отырып дамытуға және бүгінгі мамандарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
— Алдағы уақытта қандай жұмыстар мен жобаларға басымдық беріледі?
— Алдағы күндердің жобалары Қазақстан қоғамында күн тәртібінде тұрған мәселелерге байланысты болмақ. Зерттеулердің нәтижелері сарапшылардың, қоғамдық пікір иелерінің қатысуымен өтетін ашық дискуссия алаңында талқыланбақ. Бұндай формат бүгінде трендке айналып отыр. Сондай-ақ, бұл Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы тұрғысынан алғанда да дұрыс бастама деп санаймын.
— Сіздің ойыңызша, бүгінгі таңда «Рухани жаңғырудың» қандай бағыттары өзекті болып табылады?
— Бағдарламаның құрылымында аталған басымдықтар, әсіресе жастарды ынталандыру, оларға бағыт нұсқау мақсатында құрылған. Ал мемлекетіміздің саясатында болашақтың тізгінін жастардың қолына ұстату, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті ұрпақ, маман тәрбиелеу позициялары көзделгені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, бағдарламада аталған бағыттарды жіктеп жатпай, олардың барлығының өзектілігін бекіткен жөн.
Бәсекеге қабілеттіліктің стандарты әлемдік трендтердің дамуымен күн сайын өзгеріп отырады. Мәселен, экономикада бәсекеге қабілеттілікті күрделі және көп қырлы экономика категориясын дамыту, біртекті экономиканы әртараптандырумен сипаттаймыз. Қоғамдық жаңару немесе адам капиталының бәсекеге қабілеттілігі туралы айтқанда, біз білім саласын диверсификациялау және оны нарық жағдайына бейімдеу туралы сұрақты алдыңғы қатарға шығаруымыз керек. Осы тұста «Болашақ» бағдарламасын өте сәтті жоба деп бағалар едім. Шын мәнісінде, осы бағдарлама кез-келген қазақстандыққа әлемнің үздік білім ошақтарынан білім алу, тәжірибе алмасу мүмкіндігінің іргесін қалап берді. Әрине, «Болашақ» бұл бағдарламадан әлдеқайда бұрынырақ жүзеге асты дерсіз, бірақ бұл екі жобаның мақсаттары ұқсас – адам капиталын, бәсекеге қабілетті ұрпақты дамыту.
Білімнің салтанат құруы тек дәстүрлі оқу техникаларын, IQ-ды дамытумен ғана шектелмейтінін дүниежүзілік тәжірибе дәлелдеп отыр. Сондай-ақ, эмоционалды-сезімдік интеллектті дамыту да бүгінгі күннің трендіне айналды. Осыған орай, «білімнің салтанат құруы», «бәсекеге қабілеттілік» бағыттарының басымдығы мен өзектілігін баса айтқым келеді.
— Пандемия салдары қазақстандық қоғамның дамуына қалай әсер етті және нені үйретті?
— Коронавирус пандемиясы тек қазақстандық қоғамға ғана емес, бүкіл әлемге дамудың жаңа трендтерін, ақпараттың жылдам, әрі сенімді жеткізілуінің, қоғам болып бірігудің, жұмылудың маңыздылығын үйреткен сияқты.
Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында пандемия жағдайында өзгерістерге бейімделудің басымдықтарын атап өтті. Солардың бірі – білім саласына инвестиция тарту арқылы адам капиталын дамыту. Бұл басымдық қоғамды ілгерілету мен сананы модернизациялаудың алдыңғы сабында тұрған бастамаға айналып отыр. Коронавирус дағдарысы бесекеге қабілетті қоғамды пісіп жетілдіруде жан-жақты сауатты болудың, ондаған тілді жетік меңгеріп, сенімді ақпаратты жалған ақпараттан ажырата білудің, жаһандық жаңалықтарды үнемі бақылап отырудың маңыздылығын дәлелдеді.
Біз санаулы уақыттың ішінде бұрын-соңды болмаған жаппай қашықтықтан оқыту форматына көштік. Білім жүйесін қысқа уақытта жаңа технологиялармен қамтамасыз етіп, оқушылар мен студенттерді жаңа оқу форматына, бірінші кезекте, психологиялық дайындау – қазақстандық қоғамның ілгері дамуына жаңа серпін берген сияқты.