Қуыршақ театры 86-маусымын ашты

«Өмір-өзен» қойылымының режиссеры — Еркебұлан Қабдыл. Спектакль ғажайып саздылығы, көркем табиғаты, лирикалық әлемі, наздылық сипатымен миллиондаған тыңдарманның жүрегінен орын алған көрнекті композитор, қазақ эстрадасының негізін салушы Шәмші Қалдаяқовқа арналды.

Режиссер қойылымды бүгінгі күн көрерменіне лайықтап, композитордың табиғатын айқындайтын өзгеше қырларын нәзік элементтермен толықтыра, жаңаша бағытта көрсетуді басты назарға алған. Музыкалық шоуда Мақсат Камалов, Арай Сақтағанова, Бақытжан Қаюов, Гүлбаршын Өнімбай, Шохан Құлназаров, Гүлназ Абсаттар және тағы басқа актерлар ойнады.

«Өмір-өзен» қойылымы. Фото: Қуыршақ театрының баспасөз қызметі

Бұл қойылым карантин басталмай тұрып сахналанатын болған еді. Өкінішке қарай, жоспар кейінге шегерілді.

Карантин кезінде театр ұжымы онлайн форматта жұмыс істеді. Көрерменге театрдың YouTube каналы арқылы сапалы да мағыналы қойылымдар, маңызды да пайдалы жобалар ұсынды. Қасиетті орда кішкентай көрерменге арналған «Балаларға базарлық», «Қайырлы түн, балақай!», «Қуыршақты сағынған құлыншақ», «Үйрен де, жирен», «Таңғы жаттығу жасайық» және тағы басқа айдарлар және кәсіби қуыршақ әлемін танытатын «Театртанушылар талдауы», «Онлайн-сұхбат» сынды ақпараттық-танымдық айдарлар арқылы оқырмандармен тығыз байланыста жұмыс істеді.

Өнер ордасы 86-маусымда қазақ халық ертегісі «Ер Төстік», Шарль Перроның «Күлше қыз» және Уильям Шекспирдің «Макбет» туындыларын сахналауды жоспарлап отыр.

Қуыршақ театрының ұжымы Алматы балалары мен қала қонақтарын ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасап, сүйікті кейіпкерлерімен қауышуға шақырады!