Атом

“Менің атомдарым сенікін білетін, олар бір-бірін бұрыннан танитын. Менің атомдарым сенің атомдарыңды әрқашан жақсы көрді”. Бұл – I Origins (Я – начало) фильміндегі басты кейіпкердің сөзі. Неге бұлай дейді? Себебі шынымен бәріміз атомнан тұрамыз.

Атом барлық жерде бар. Материя атаулы осыдан тұрады. Басқаша айтқанда, атом – кішкентай кірпіш. Міне, осы кірпіштер қаланып, әлдебір дүниені, яғни материяны құрайды.

Атомның өзі протон, нейтрон, электрон секілді бөлшектерден тұрады. Біздің мысал бойынша оларды кірпіш жасауға арналған саз, құм және суға теңеуге болар еді.

Жаһандық жылыну

Жаһандық жылыну – атмосферада көмірқышқыл газының (CO2) шектен тыс көбейіп кетуі. Ол  ғарышқа таралуға тиіс артық энергияны тұтып ұстап қалады. Соның кесірінен ауа райы ысып кетеді, Жер жылиды,  яғни қалыпты климат циклдары бұзылады.

Кванттық механика

Кванттық механика – заманауи физиканың теориялық негізі. Ол материя мен энергияның табиғаты мен сипатын атом және оның нейтрон, протон, электрон сияқты бөліктері арқылы түсіндіреді.

Магнит-резонансты томография (МРТ)

Сіз бұл аппараттың ішінде жатқан кезде МРТ дененің айналасында аса күшті магнит өрісін тудырады. Ол ағзадағы сутек атомдарымен әрекетке түседі. Осының нәтижесінде аппаратқа көрінетін сигнал пайда болды. Сіз бұл сигналды басып шығарып, дәрігеріңізге көрсетесіз.

Қатерлі ісік (Рак)

Қалыпты, сау жасуша белгілі бір уақытқа дейін өз-өзінен бөлініп, көбейіп отырады. Оның басты мақсаты – осы. Қатерлі ісік те жасуша. Алайда бұл көбеюін тоқтатпайды, керісінше, ұлғайып, өсе береді. Зақымданған жасушалар санының артуы ағза функциясын бұзады.

Химиотерапия

Химиотерапия – ауруды химия тәсілімен емдеу. Ол былай жүзеге асады: ағзаға улы заттар енгізеді, олар жаңа жасушалардың пайда болуына жол бермейді. Бұл улы заттардан сау жасушаларға қарағанда қатерлі ісік жасушалары жылдамырақ жойылады деген түсінік бар. Сәйкесінше, ісіктің өсуі тоқтайды.

Компьютер алгоритмдері

Алгоритмді компьютер рецептісі десек болады. Адам (бағдарламалаушы) жазып берген осы рецептінің арқасында компьютер қай кезде не істеу керек екенін біледі және алдын ала ойластырылған жоспар бойынша жүріп отырады. Бірақ кейде қандай шешім қабылдау керектігін компьютер өзі анықтайды, оған жасанды интеллектіні мысал ете аламыз.

Радиация

Радиация – толқын немесе бөлшек түрінде кездесетін кәдімгі энергия. Оны ыдыраған атом немесе электромагнит сәулесі шығаруы мүмкін. Радиоактив сәулелену альфа, бета, гамма және нейтрон сияқты бірнеше түрден тұрады. Әрқайсы өзінше қауіпті, бірақ радиация болмаса, Жерде тіршіліктің дамуына әкелетін мутация да болмас еді.

Қара құрдым (Черная дыра)

Әлдебір зат аса үлкен массаға ие болса, кеңістік пен уақыт қалыпты пошымынан айрылып, қисайып кетеді, нәтижесінде қара құрдым пайда болады деген түсінік бар.

Қара құрдым массасының ауыр екені сонша, оған жақындаған жарық фотонының өзі белгілі бір шекарадан  (оқиға көкжиегі деп аталады) өткен соң құрдымның ықпалынан босай алмай, оның ортасындағы шартты нүктеге қарай “зымырайды”.

Ядролық бомба

Екі атом бірнеше бөлікке бөлінгенде немесе бір үлкен атомға біріккенде, орасан зор энергия бөлініп шығады.

Ядролық бомба кезінде де атомдар бірігеді. Бомба жарылғанда екі немесе одан да көп түрлі радиоактив элемент бір-бірімен жылдам соқтығысады. Нәтижесінде атомдар бірігіп кетеді. Сәйкесінше жылу, жарқырау және жарылыс толқыны түріндегі орасан зор энергия бөлінеді.

Оған қоса, ядролық бомба белгілі бір мөлшерде реакциясыз элементтер өндіреді. Бұл элементтер радиоактив сәулелену тудырады.

Жылу өткізгіштік

Материалдың жылу өткізе алу қабілетін жылу өткізгіштік дейміз.  Мысалы, металдар жылуды жақсы өткізетіндіктен салқын болып тұрады. Өйткені бір нәрсеге тигенде ол затқа жылу бөлгеннен гөрі оның жылуын өзіне “алып алады”. Жылу оқшаулағыш сияқты жылу өткізгіштігі төмен материалдар бір затқа тигенде оның энергиясын мүлдем “алмайды” деуге болады.

Дереккөз: BroDude