Президент компанияларды басқаратын әйелдер үлесін арттыру туралы айтты

Биыл мамыр айында мемлекет басшысы Сайлау туралы заңға өзгеріс енгізді. Соған сәйкес, партиялардың сайлауалды тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30%-тік квота енгізу қажеттігі заң тұрғысынан рәсімделді.

Біз әйелдерге қолдау көрсетіп, олардың мемлекетті басқару ісіне барынша белсенді атсалысуын жүйелі түрде іске асырып келеміз. Статистика сәйкес, барлық мемлекеттік әкімшілік қызметшінің 55%-тен астамы әйелдер, сонымен бірге Парламент пен мәслихат дептутаттарының 22%-і, судьялар корпусының 47%-і әйелдер еншісінде. Бұған қоса, биыл еліміздің тарихында тұңғыш рет әйел адам облыс басшысы болды. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан — мемлекеттік басқару жүйесіндегі және билік органдарындағы әйелдер үлесі бойынша посткеңестік елдер арасында көш бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен елді билейді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда президент компанияларды басқаратын әйелдер үлесі (5-7%) әлі де төмен екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, кеңес мүшелері мемлекет қатысатын компаниялардың басқару органдарында әйелдер үлесін 30%-ке дейін ұлғайту туралы міндетті норма енгізу туралы ұсыныс айтты.