Қызылорда волонтерлары «Қауіпсіз қала» жоспарымен рейд жүргізеді

Іс-шара жоспарында құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша түрлі бағыттағы жұмыс қамтылған. Рейд жұмыстарына қалалық полиция басқармасының, қалалық прокуратураның, қала әкімдігінің және Qosyl қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары мен қаламыздың волонтерлары жұмылдырылды.

«Қауіпсіз қала» шарасының алғашқы күндерінің өзінде көптеген құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, 15-18 қазан аралығында жол қауіпсіздік ережелерін сақтамаған автокөліктің 20 дерегі, оның ішінде, бір азаматқа автокөлікті мас күйінде басқарғаны және 5 автокөлік қараңғылатқыш (тонировка) таққаны үшін әкімшілік хаттамалар рәсімделді.

Сонымен қатар рейд барысында карантин талаптарын сақтамай жұмыс істеп тұрған «Бункер», IGame, «Энерджи», «Сони» ойын клубтарының иелері мен келушілеріне және ата-анасының қарауынсыз жүрген кәмелет жасқа толмағандардың заңды өкілдеріне тиісті шаралар қолданылды.

Отбасылық жиындар мен тойларды өткізудің 19 дерегі бойынша той иелерінің құжаттары жинақталып, Қызылорда қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына тиісті шаралар қолдану үшін жолданды.