Қызылорда өңірінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтуға 2 айлық қор жиналды

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов мәлімдеді.

Аймақта эпидахуалдың тұрақты болуына тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтуға екі айлық қор және 210 инфекция төсек-орны бар. Сонымен қатар 200 төсекке арналған модульдік аурухана құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса, облысымызда 244 өкпені жасанды желдету аппараттары жұмыс істеп тұр. Қосымша тағы 7 құрылғы келеді. Бүгінде өңіріміздегі медициналық ұйымдарға гуманитарлық көмек арқылы 658 оттегі концентраторы жеткізілді. Сонымен қатар, облыста 518 оттегімен қамтамасыз етілген төсек орын дайын, – деді Наурызбай Байқадамов.

Дәрігерлердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында басқа профильдегі мамандарға арнайы семинарлар өткізілді.

Коронавирус инфекциясына қарсы күресте мамандар тапшылығын жою мақсатында аймағымыз 84 жас маманмен толықты. Олар қажеттілігіне қарай қалалық мекемелерге жолданды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақов.

Брифингте Наурызбай Байқадамов індетпен күресте өзін-өзі қорғау инстинкті қалыптаспай нәтиже толыққанды болмайтынын айтты.

Ауырған адамға дәрі де, ақша да, лауазым да, атақ та ара түсе алмай қалған жағдайды бастан өткердік қой. «Індетпен күрес бәрі де жеңіс үшін» деп бірігіп күресетін майдан алаңы. Мені мемлекет немесе біреу қорғасын дегенмен ештеңе шықпайды. Жағдай әлі де күрделі болғанымен біздің жүйелі бақылауымызда. Жұмыс үзіліссіз жалғаса береді. Күшейтілген карантин жеңілдетілгенімен қатаң талаптарды барынша ұстайтын боламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.