Қызылордада жас жеткіншектер пара пауэрлифтингпен айналысуда

Кәбираның жаттықтырушылық етуімен биыл шәкірттері Дана Темірхан мен Нарқыз Əбдірасилова жасөспірімдер арасында пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионы жəне ересектер арасында жүлдегері болды.

Бұл Кәбира Асқарованың спорттық мансабындағы алғашқы жеңісі емес. Өмірлік ұстанымын спортпен байланыстырған пауэрлифтингшінің жетістіктері аз емес.

Пара пауэрлифтингтен 20 дүркін Қазақстан чемпионы, Пара Азия ойындарының қола жүлдегері, Паралимпиада ойындарының қатысушысы, Пара Азия чемпионатының жəне Əлем кубогының күміс жүлдегері, ҚР халықаралық дəрежедегі спорт шебері, Мүгедектерге арналған спорт клубының спортшысы.

Пауэрлифтингпен 2004 жылдан бері айналысып келемін. Бұл спорт түріне денсаулығыма байланысты келсем, бір жағынан қызығушылығым пайда болды. 2006 жылдан бастап жарыстарға қатыса бастадым. 2007 жылы Шымкент қаласында өткен ел чемпионатында алғашқы рет бағымды сынап, бірінші орынды жеңіп алдым. Алдағы мақсатым — Паралимпиада ойындарына жолдама алу жəне спортшыларымның жоғары жетістіктерге жетуіне аянбай еңбек ету, — деді Кәбира Кеңесбекқызы.