«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы биыл 16 сәуірде таныстырылыпты. Ал 23 қыркүйекте Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған. Мамандар Парламент қарауына кеткен заңның Қазақстанда қалыптасқан негізгі құқықтық нормаларға сай келмейтінін, заң шығарушылар кейбір жайтты ескермегенін айтады.
Олардың сөзіне қарағанда, заң мен оның төңірегіндегі өзгерістер елде ғасырлар бойы қалыптасқан отбасы құндылықтарына кесірін тигізеді. Мәжіліс мақұлдап жіберсе, отбасы институты бұзылып, ата-аналар өз баласын тәрбиелеу құқығынан айрылады.
Кез келген тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы екенімізді айта отырып, «тұрмыстық зорлықпен күрес» деген ұранның кесірінен қарапайым отбасылардың зардап шегуі мүмкін екенін айтқымыз келеді. Біздің көпұлтты қоғамда отбасы құндылықтары, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы ерекше бағаланады. Әр қабылданатын заң осыған сәйкес құрылуы керек. Біріншіден, депутаттар ұсынған жаңа заң біздің өмірге, қоғамға сай келмейді. Кез келген заң құқықтық фундаментке, базаға сүйеніп құрылады. Одан әрі ол қоғамның қызығушылығына, тіршілігіне қарай елдің жағдайын, құқығын жақсартуы керек, — дейді адвокат Елена Игнатенко.
Мамандардың сөзінше, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданып кетсе, мемлекет әр отбасында не болып жатқанын жіті бақылап, ата-ананы болмашы нәрсе үшін құқығынан айырып, баланы алып кететіндей жағдайға жетуі мүмкін.
Адвокат Елена Игнатенко заңның кей пунктін атап, түсіндіріп көрді. Жаңа заңда психологиялық зорлық туралы айтылған. Бірақ оның ешқандай құқықтық нормасы жоқ. Психологиялық зорлық дегенді «адамның психикасына әдейі әсер ету» деп түсіндірген.
Олай болса, жарнама, фильм секілді дүниелер де адам психикасына әдейі әсер етуге жатпай ма? Сонда ата-ананың баламен жеке сөйлесуінің бәрі психологиялық зорлық болып санала ма? Заңның тұжырымы дұрыс емес, — дейді маман.
Заңгерлер талқыға салған заңда «Адамның жеке жыныстық еркіндігіне араласу және кәмелет жасқа толмаған адамның жыныстық әрекеті» деген сөздерді кездестіруге болады. Еліміздегі құқық нормаларында жыныстық еркіндік ұғымы жазылмаған. Олай болса, дәл осы мәселенің қалай реттелетіні заңгерлерге түсініксіз.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда «экономикалық зорлық» деген тарау бар. Заң шығарушылар экономикалық зорлыққа баланы баспанадан, киімнен, тамақтан шектеуді жатқызыпты. Бірақ мемлекеттің конституциясында баланың жеке құқығы, оған қанша киім алып, қанша тамақ жеуге болатыны туралы құқықтық норма жоқ.
Бәріміз ұл-қызымыздың тамағы тоқ, киімі бүтін болып өскенін қалаймыз. Дегенмен елімізде баласын әрең асырап отырған, оны жайлы үймен қамтамасыз етуге жағдайы жетпей жүрген отбасылар бар. Егер біз талқылап отқан заң қабылданып кетсе, көпбалалы, мұқтаж отбасылардың баласын ата-анадан айырады. Әке-шешесі бола тұра, балалар үйінде тәрбиеленетіндер көбейіп кетеді. Бір сөзбен айтқанда мемлекет отбасының бюджетіне араласып, әр айдағы қаражаттың балаға қалай жаратылатынын аңдуға дейін баруы мүмкін. Ал негізі мемлекет тарапынан әр отбасыда мынадай қаражат болуы керек деп, жасалып жатқан жағдай жоқ, — дейді Елена Игнатенко.
Заңгерлер жаңа заң бәріне түсінікті болуы үшін мынадай мысал келтіріп отыр. Ресейде жалғызбасты ана қысқа дайындалып үлгермейді. Күн суықта жағатын көмірді үйіп қоюға арнайы қорасы жоқ. Сондықтан көмір алмайды. Алайда мемлекеттік органдар баланы жеткілікті асырамай отыр деп, әйелді жауапқа тартқан.
Мемлекет кез келген жағдайға шұқшиып, жаза тағайындай берсе, мұның кері әсері болуы ғажап емес дейді мамандар.
Заңгер Бейбіт Омаров аталған заңда репрессиялық сипат бар екеніне тоқталды. Ол заңда қарапайым отбасынан баланы тартып алу мәселесін де байқағанын айтты. Сонымен қатар Бейбіт Омаров мемлекет заңда баланы шетелдіктердің арнайы агенттіктер арқылы оңай асырап алуына жағдай жасап қойған деп есептейді.
Қазір құқықтық велосипед ойлап тауып, қайта-қайта заң шығарып, халықты шатастырудың қажеті жоқ. Бізде қолданыстағы заңның өзі отбасындағы кикілжіңді шешуге, ата-ананы құқығынан айырып, жазалауға жетеді. Біздегі кодекс заңды бұзғандар мен қылмыскерлерді қатаң жазалайды, — дейді Бейбіт Омаров.
Мемлекет осы заң арқылы әр отбасының бюджетін, жағдайын бақылауға көшпек. Ал заңгердің сөзінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түбі, негізгі себебі онсыз да белгілі. Олар — нашақорлық, алкогольге тәуелділік, құмар ойындар ойнау.
Мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрескісі келсе, әуелі оның салдарын шешсін, — дейді маман.
Қазақстанның кез келген азаматы тиісті органдарға жүгініп, жаңа заңның қабылдануына қарсылық білдіруге құқылы. Парламенттің Мәжілісіне Parlam.kz сайты арқылы өтініш білдіруге болады. Сайтта әр депутаттың жеке парақшасы бар, онда азамат кез келген ұсынысын қалдыра алады. Сонымен қатар Мәжілістің арнайы поштасы да жұмыс істейді.