Нұр-Сұлтанда кинотеатрлар қандай жағдайда ашылады?

Бұл туралы Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиева айтты деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Коронавирус инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия келушілердің 30%-ін, арақашықтық пен маска тағу тәртібін сақтап, кинотеатрлар жұмысын қайта бастау туралы шешім қабылдады. Бұл ауру деңгейі бойынша «жасыл аймаққа» енетін аймақтарға қатысты. Нұр-Сұлтан «жасыл аймақта» енгеніне төртінші күн, сондықтан біз жағдайды 10-12 күн бойы бақылаймыз. Егер бұл көрсеткіш сақталса, онда біз қаладағы кинотеатрлардың жұмысын бастаймыз. Осы уақытқа дейін дайындық жұмыстары жүргізіледі, — деді Жанна Пірәлиева.

Сонымен бірге Нұр-Сұлтандағы кинотеатрлар пандемияда жұмыс істеуге дайын болуы керек. Кинозалдарға арақашықтық белгілері, санитайзерлер орнатылуы, қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет.

Кинотеатрларға кіре берісте келушілер мен қызметкерлер термометриядан өтуі, сонымен қатар көрермендер маска тағуы керек. Отырғыштарды адамдар көп жиналмайтындай етіп ұйымдастыру қажет.