Бұл идеяны OzgeEpic өнер кеңістігінің өкілі Мақпал Жұмабай біраз уақыт бұрын режиссер Фархад Молдағалиға айтыпты. Режиссер Асанәлі Әшімовтің «Менің жанрым — күнделік» атты жазбасын оқып шығып, оны қойылымға айналдырудың жолын ойластырған екен.

Спектакль десе, көз алдымызға әсем сахна мен әдемі актерлар елестейді. Спектакль десе, әртістердің ойыны ғана ойға келеді. Басқаша көрініс көз алдымызға келмейді.

OzgeEpic өкілдері қалыптасқан таптаурындарды бұзыпты.

Идея авторы Мақпал Жұмабай редакциямызды ерекше спектакльге шақырғанда, қойылымның тек бір адам үшін жүретінін айтқан еді. Иә, дәл солай. «Залда бір ғана көрермен отырады, 45 минут спектакльді тамашалайды» деді.

OzgeEpic өнер кеңістігіне барып, режиссермен біраз әңгімелескен соң қараңғы бөлмеге кірдім. Есікті жауып, бір өзімді қалдырды.

Өзім күнде бірдеңе түртіп отырам, бірақ біреудің өз күнделігіне не жазатынын қайдан білейін? Сөйтсем, кей адамның күнделігі мұңнан арылмайды екен.

Сахнадағы шимайлар автордың замандасынан, жақын досынан айырылғанын хабарлады. Күнделік иесінің ауыр күрсінгені, қайғысы білініп тұр. Жұмыстың да қызығы жоғалған, таусылған.

Бір адамды күнде көріп жүрсек те, іштей не күй кешіп жатқанын біле алмайды екенбіз. Бір күні күнделікке ол «Майра ауруханада» деп жазыпты. Жүрегім шым ете қалды. Әрі қарай не болады деп көз жүгірте бердім. Әйелінің ұзақ қиналғанын сипаттапты. «Ол кетсе, күнім қараң» дейді. Жақыныңнан айырылу жүрекке оңай тимейді, іштен улайды, қартайтады. Күнделік иесімен бірге қартайып кеттім, егіліп жыладым. Осының бәрін қағаз бетіне қалай түсірген деп ойладым. Жазып отырып, сол сәтті қайта кешпейсің бе? Шашың қайта ағармай ма?

Күнделіктен өмірден талай нәрсе көрген, бірақ сонда да қайтпайтын бір мінез байқадым. Жаңағы қайғыдан кейін туған ұлынан айрылады. Мен аң-таңмын. Оқиғаны оқып, еріксіз жылай бердім. Баласының өлімін көру ата-анаға өте ауыр тиетінін күнделік арқылы, сол адамның жан сырына үңілу арқылы шын сезінгендей болдым. Тоқтамай оқып келемін. Енді бақытты сәттерін де жазған шығар деген үміт бас алдырмайды. Бірақ мен ойлағандай болмады. Шынымен, күнделіктің иесі маған өте жақын адамдай болып кетті. Мен оның бүкіл сырын оқыдым емес пе?

«Бір адамға қайғының бәрін қалай үйіп төгіп бере салған?» деп таңдандым. Спектакльден шыққанда бүкіл жақындарымды еске түсірдім. Бәріне қалай жақсы көретінімді айтып, олармен көп уақытты бірге өткізгім келді. «Біз көп нәрсені барында бағаламаймыз» — қойылымның астарында осындай ой жатқандай көрінді. Бір адамның күнделігі болса да, онда тұтас қоғамның өмірі жатыр еді.

Қараңғы бөлмеде бірінші рет бір өзім ғана көрермен болдым. Өзіммен өзім отырып, бүкіл эмоциямды шығара алдым. Негізі мен күнделікті оқымадым, маған оны режиссер бір өзіме спектакль түрінде қойып берді.

Спектакльдің ерекшелігі сол — бүкіл қойылым бір адамға арналып, ол егіліп жылап, қалағанынша күледі, ойланады. Қарны ашса тамақ, шөлдесе, су ішіп, темекі тартуына да болады. Авторлар көрермен жалғыз отырғанда өзін жайлы сезінуі керек деп, жағдай жасап қойған. Әрі адам күнделікке жеке өмірін, ойын жазады. Оны оқырман жалғыз отырып, тамашалауы керек те шығар. Бір орында отырмай, залда жүріп, күнделік иесінің жеке заттарын, фотоларын көруге болады. Асанәлі Әшімовтің өмірі — бір тарих, әжептәуір ғұмыр.

Фархад Молдағали, Асанәлі Әшімов, Мақпал Жұмабай
Фархад Молдағали, Асанәлі Әшімов, Мақпал Жұмабай. Фото: OzgeEpic кеңістігі

Қойылым 17 қазанда алғаш жарық көргенде, ең бірінші көрермен Асанәлі Әшімовтің өзі болған. Көзіне жас үйіріліп, авторларға алғысын айтыпты.

Бұл — бұрын соңды болмаған, өз ойы, бағыты бар туынды, — дейді Асанәлі Әшімов.

OzgeEpic өнер кеңістігіне қазір қазақша жаңа театрлар шоғырланып жатыр.

Академияда оқып жүргенімізде бізге арналған, барып көретін дүние болмады. Әлі де жоқ. Соның орнын толтырғымыз келеді, — деді режиссер Фархад Молдағали