Кәсіби мамандардың наншәуліні үй жағдайында қолдан жасап, кәсіп қылып келе жатқанына 12-13 жылдың жүзі болыпты. Бүгінде ағайынды үш азаматтың қолынан шыққан заттар Шымкенттен бөлек, еліміздің көптеген қаласына жеткізіледі.

наншәулі, сүзгі
Фото: Әйгерім Бегімбет

​Бұл істі әуел баста үйдің үлкені Нұржігіт Молжігітов қолға алған екен. Оның негізгі мамандығы — экономист. Келе-келе бұл кәсіп отбасылық бизнеске айналған. Одан кейін Нұрғиса қатарға қосылды. Ол медицина мамандығы бойынша грантқа оқуға түскен еді. Бірақ бірер курстан кейін оқуын тастап, осы кәсіпке түбегейлі бет бұрыпты.

Нұрқанат Молжігітов
Фото: Әйгерім Бегімбет

2010 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің инженер-құрылысшы мамандығын бітірдім. 2017 жылға дейін мансабыммен өсуді қалап, қалада жұмыс істедім. «ЭКСПО»-ның кезінде инженер болдым. Кейін оның бәрін тастап ауылға ағаларыма осы кәсіпті дамытып, көмектесу үшін қайта оралдым, — дейді үйдің кенжесі Нұрқанат.

наншәулі, сүзгі
Фото: Әйгерім Бегімбет

Ең алғаш оларға наншәулі тоқуға қалада тұратын Нұрмағамбет көкесі кеңес беріпті. Өзі де сауда-саттықпен айналысатын көрінеді. «Ауылда бос қарап отырғанша тұрмысқа, асханаға пайдаланатын наншәулі тоқыңдар. Бұл — өтімді тауар» деген ата ақылы ағайынды жігіттердің үлкен кәсіп бастауына мұрындық болған еді. Олар қажет сым және сабына ағаш материалдарын әкеліп, үйде отырып-ақ наншәулі тоқи бастаған. Жасаған заттарын екі-үш аптада Шымкентке апарып сатып, табыс тауып келетін.

Басында бір күнде екі-үш наншәулі тоқитынбыз. Бес наншәулі тоқыған күні қуанғанбыз. Солай-солай қолымыз үйренді. 100-200 наншәуліні қытайлық аладорбаға салып алып, Шымкентке апарып, әр сатушыға 5-10 данадан, 140-150 теңгеден өткізіп қайтатынбыз. Кейін біздің тауарымызға сұраныс арта бастады. Содан көршілерімізге, үйде бос отырған қыз-келіншектерне материалын беріп, наншәулі тоқыта бастадық. Бүгінде ауылда бес отбасы бізге наншәулі тоқып береді. Оларға үлгі ретінде кесіп береміз. Ал қалған жұмысын өзіміз істейміз. Айына 50-60 мың теңге төлейміз. Бұдан бөлек сұранысы жоғары құрылыс заттары (скоба), мал шаруашылығына қажет қазық, қалақ жасаймыз. Ең бастысы — біздің бұйымдарымызға сұраныс жоғары. Сапалы. Ауылдарда табиғи газ жоқ. Үйдің бәрі көмір жағады, күл шығарады. Сондықтан қалақты да көп алады. Мал байлайтын қазықтарды 170 теңгеден өткіземіз, — дейді Нұрқанат.

Бүгінде олар отбасымен наншәулі тоқиды. Қазір де үлкен көлемде тапсырыс түссе, отыра қалып тоқуға кіріседі. Анасы бір күнде 100-ін тоқиды. Коронавирус пандемиясына байланысты шекара жабылғалы бері ауылдағы ағайынды үш жігіттің заттарына сұраныс өсе түскен.

Жергілікті тұрғындар мұндай наншәуліні зауытта шыға ма деп ойлайды екен. Шынтуайтында, Молжігітовтер отбасы сияқты қарапайым адамдардың қолымен жасалып жатқанын екінің бірі біле бермейді. Қазірде ағайындылар бұл кәсіпке басқа ауыл адамдарын да тартып жатыр.

Осы күні бір апарғанда қалаға 500-1000 наншәулі апарамыз. Оның бәрін 5-7 күнде шығарамыз. Біз әу бастан бизнесімізге деп несие, не қарызға қаржы алмағанбыз. Әлі күнге дейін мемлекет тарапынан ешқандай қолдау алмадық. Өзіміздің маңдай терімізбен тапқан ақшамыздың бәрін осы кәсіптің дамуына, ілгерілеуіне салып келеміз. Алдағы уақытта Шымкенттен кішігірім жер алып, сол жақта да осы кәсіпті кеңейткіміз келеді. Өйткені біздің ауылымыз Шымкенттен 120 шақырым жерде орын тепкен. Қаладан көлік жалдап, қажет темір-терсекті алып келеміз. Оны тракторға тартқызып, түзулеп, балқытып, зат жасап, қайта Шымкентке апарып өткіземіз. Темір балқытатын пешті өзіміз құрастырып алдық. Бұрын жол тіпті нашар еді. Қазір теп-тегіс. Сонда да жол шаршатады, уақытыңды ұрлайды. Оның үстіне қаладан жұмысқа жігіттер алу оңай болады, — дейді кәсіпкер.

Нұрқанат Молжігітов
Фото: Әйгерім Бегімбет

Нұрқанат қазіргі жастардың осындай темір-терсек сияқты қара жұмысқа келгісі келмейтінін айтады.

Жұмыс жоқ дейміз, ал шын мәнінде жұмысшы тапшы. 100-150 мың теңге жалақы төлейміз. Мәселен, Еркеғали есімді жігіт — цехымыздың темір балқытушысы. Ауылдың тепсе, темір үзетін қарулы жігіттерінің бірі. Басында Еркеғалидан бөлек екі-үш жігіт болатын. Соңында қалғаны — осы Еркеғали, — дейді ол.

Үш бауырдың үшеуі де бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ауылда адал еңбек етіп, өз күшімен, еңбегімен көтеріліп келе жатқан қарапайым отбасының кәсіпкерлік саласындағы қадамы көбімізге үлгі боларлықтай.