«Асар» орталығы 2017 жылдың 1 тамызынан бері «SOS Алматы Балалар қалашығы» аумағында жұмыс жасайды.
Асырушысынан айырылған, баспанасыз, күнкөрісі төмен, құжатсыз қалған, жұмысы не кәсіптік білімі жоқ аналарға көмек көрсетеміз. Бір не одан көп баласы бар жалғыз басты аналар бар. Кейбірін жолдасы таяқтың астына алып, үйден қуып жібереді. Кейбірі жұмыссыздықтың кесірінен баласын асырай алмайды. Тамағы жоқ аш отыруы мүмкін. Өмірде түрлі жағдайды көруге болады. Біз орталыққа хабарласқан жандармен кездесеміз. «Шынымен көмекке мұқтаж ба?» деп жағдайын бағалаймыз. Одан кейін орталыққа шақырамыз, — дейді Бану Шалбаева.
Аналар мұнда келмес бұрын наркологиялық орталық және психдиспансерде есепте тұрмағаны, туберкулездің жоқтығы, бұрын сотталмағаны туралы анықтама әкеледі. Себебі «Асар» орталығы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар тұратын қалашықта орналасқан. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі үшін алдын-ала бәрі жіті тексеріледі.
Жоба бойынша, 1,5 мен 12 жас аралығындағы балалары бар аналар алты айға дейін қалашықтағы үйлерде өмір сүре алады. Осы уақыт ішінде оларға медициналық, психологиялық, заң, білім беру қызметтері көрсетіледі. Барлығы тегін. Балалардың денсаулығы бірінші орында. Сондықтан олардың денсаулығын қадағалау, аурудың алдын алу, ем-шара және тиісті дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етуге жағдай жасалған. Әйел жоғары оқу орнын бітірмеген болса, түрлі даярлау курстарынан өткіземіз. Бухгалтер, тігін, сән, аспаз курстарын бітіріп, жұмыс тауып алады. Балаларын балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Аналары жұмыстарымен кеткенде, мұнда балаларды тәрбиеші қадағалайды. Орта мектепте білім алуын қадағалаймыз. Репетитор, логопедтің көмегі керек болса, оны ұйымдастырамыз. Құжат жағын реттеу үшін арнайы орындарға жөн сілтейміз. Мұнда аналарға бағыт-бағдар береміз. Ары қарай өзі барып, проблемасын шешуге тырысады. Себебі бәрін өзі жасау арқылы, жауапкершілікті мойнына алуға, қандай да бір сауал туындаған жағдайда қайда бару керегін үйренеді. Бұл осы орталықтан кеткенде ары қарай өздігінен өмір сүріп кетуіне мүмкіндік береді, — дейді ол.
Үйлестірушінің айтуынша, мұнда келген ана да, бала да әртүрлі. Сондықтан ұрыс-керіс сияқты жағдай орын алмау үшін ортақ тәртіп пен тазалық ережелерін сақтауы керек.
Түрлі кризис жағдайдан шыққан аналарға әуелі өткен оқиғаны ұмыту керек. Әрине оңай емес. Бірақ қайта аяққа тұрып, балаларын асырау үшін алдыға мақсат қойып, ұмтылу керек екенін жиі айтамын. Мұнда азық-түлік, гигиена заттары, дәрі-дәрмек бәрі тегін. Ертең баламды немен тамақтандырамын деп уайымдауға еш негіз жоқ. Қиын жағдайға тап болған анаға жан-жақтан көмек көрсетеміз. Себебі бұл қоғам оны өзекке теппей, қамқорлығына алды. Енді аяқтан тұрып кетуі тек өзіне байланысты, — дейді орталық қызметкері.
Бану Шалбаева биыл мамыр мен қыркүйек айының аралығында 40-тан аса әйел көмек сұрап хабарласқанын айтады. Орталық отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі арнайы құрылған мемлекеттік және мемлекеттік емес «Береке Sity», «Араша» сияқты орталықтармен тығыз байланыста. Сондықтан кей ана «Асар» жайлы осы орталықтар арқылы естіп келеді.
Жалпы, 2017 жылдан бастап ACAP жобасы 37 отбасы мен 72 баланы қамқорлығына алды. Карантин кезінде 3 толық емес отбасы мен 5 балаға кешенді онлайн қызметтер көрсетілді. Осы уақытта «Асар» орталығының барлық отбасылары 42 500 теңге көлемінде 2 рет әлеуметтік төлем алды, — дейді Бану Шалбаева.
ана алты ай ішінде өз-өзін қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткенде орталықтан шығарамыз. Бірақ тағы алты ай бақылауда ұстаймыз. Психологиялық, заң шеңберінде көмек қажет болған жағдайда тиісті орындарға бағыттаймыз, — дейді маман.
Орталық мемлекеттік мекемеге жатпайды. Жобаның бас серіктесі — «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.