«Дінге қалай келдім?»

Қарапайым отбасында өстім. Әкеден ерте айрылдым. 9-кластан кейін колледжге түстім, оны бітірген соң Нұр-Сұлтан қаласына кеттім. Небәрі 18 жаста едім.

Бала кезден исламнан өте алыс болдым. Кейін де дінге қызықпадым, бірақ хиджаб киген қыздарға сүйсініп қарайтынмын. 20 жасымда таныс мұсылман қыздар пайда болды. Әу баста жәй сөйлесіп жүрдік. Исламға мән бере бастадым. Алайда түрлі ағым бар екенін, мұсылмандардың бөлінетінін білген жоқпын.

Астанада жүріп бес уақыт намаз оқи бастадым. Мешітке бармадым. Қара хиджаб кидім, өйткені маған мұсылман әйелдер қою қара түспен жүруі керек деп түсіндірді. Онда да бірден толық жабынған жоқпын, себебі анам хиджаб киюімді құптамаған еді.

«Нағыз мұсылман ИШИМ-діктер деп ойладық»

Нұр-Сұлтан қаласында жеке кәсіпкерлікте есепші болып қызмет етіп жүріп мұсылман жігітпен таныстым. Тұрмысқа шығуды ойластырдым. 2013 жылы шариғат бойынша отбасын құрдық. Тұрмыс құрғанға дейін сүннет бойынша, яғни қыз бен жігітке кездесуге, әңгімелесуге рұқсат бермейтін ұстанымнан айныған жоқпын. Той өткізбедік, тек менің тарапымнан «құдалық»болды.

Жолдасымның да әкесі ерте қайтқан екен, жалғыз ағасы бар еді. 2013 жылы туыстарымен бірге бизнес ашып, Германияға жиі барып жүрді.

Ана атандым, бақытты едік. Бәрі жақсы болатын. Біраз қаражат жинап, ислам жайлы білім алу үшін Мысырға баруды армандадық. Алайда ИШИМ-ге (Ирак және Шам Ислам мемлекеті, радикал ислам идеологиясын ұстанған халықаралық әскери лаңкестік ұйым, арабшасы «ДАИШ» — ред.) кеткен 150 қазақстандық туралы жаңалық бар жоспарымызды өзгертті. Күйеуім «Солардың артынан Сирияға тез арада кетуіміз керек» дейтінді шығарды. Осы тақырыпты талқыға салдық. «Ел неге барып жатыр? Ол жақта не бар?» деген сауалдарға жауап іздедік. Бұл ұйым туралы ақпаратқа тыйым салынғандықтан, «нағыз мұсылман ИШИМ-діктер екен» деп ойладық.

Германияға жиі баратын жолдасым ИШИМ жайлы материалдармен танысып, сол жаққа кету жайлы ойлана бастады.

Ракка (Сирия) қаласындағы ИШИМ билборды, 2014 жыл. Жарнамада «Жаһандық коалицияға қарамастан, біз жеңеміз» деп жазылған. REUTERS / Nour Fourat

Бауыржан Ботақараев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы: «Ислам әлемінде ханафи, шафиғи, малики және ханбали деп аталатын мәзһабтар бар. Ахлу сунна уәл-жамағат дегеніміз осы төрт мәзһабтан тұрады. Одан бөлек матруди мен ашғари сенім мектебі бар. Бұдан өзге сенім және амал мәзһабтарын да дұрыс деп айтамыз. Біз ешқашан оларды теріске шығара алмаймыз. Өйткені оның барлығы — ислам ғалым, ғұламаларының атынан мақұлданған ресми мәзһабтар. Алайда осы мәзһаб атын жамылып, насихат жасап жүргендер бүгінде тұтас қоғамды өз ішіндегі саяси соғысқа тарту үшін үндеп жүр. Соның салдарынан дінге жаңадан келген, әлі толық дәріс алып үлгермеген адамдар алданып жатады».

«Сирияға жету үшін қолда бар құнды заттың бәрін саттық»

Бір күні күйеуім Сирияға баратынымызды айтты. «Египетке емес, Сирияға жол тартамыз», — деді ол. Менің «Неге? Ол жақта не бар?» деген сауалыма «Сирияда мұсылмандар өліп жатыр, дінге пайда әкелуіміз керек» деп түсіндірді. Бұл үшін Алланың сауабын алады екенбіз. Шам жерінде (Сирия) қайтқан адамның жұмаққа баратыны жайлы хадисті келтірді. Ол хадистің дұрыс-бұрыстығы, қайдан алынғандығы туралы сұрау ойыма да келмеді. Қазір білімі жоқ аңқау болғанымды түсінемін.

Бұған қоса күйеуімді қатты бағаладым, одан айрылғым келмеді. Екіншіме аяғым ауыр кез еді. Балалардың мен секілді әкесіз өскенін қаламадым. Маған отбасы қымбат еді және әрқашан бірінші орынға жанұямды қоятынмын.

Шетелге шығуды да армандап жүргем, әсіресе араб елдеріне барғым келетін. Шөл даланы және олардың мәдениетін көрсем дейтінмін.

Тез жиналдық. Қолда бар құнды заттың бәрін саттық. Жолға және бастапқы кезде біраз уақыт қа жетерлік қаражат алдық. Туыстарымызға Германияға ақша табу үшін бара жатырмыз дедік.

Сөйтіп 2014 жылы біз Қазақстаннан ұшып кеттік.

«Жағдайдың біртүрлі екенін сол кезде-ақ түсінуге болатын еді…»

Түркияға келіп, ИШИМ адамдарының қоңырау шалғанын күттік. Күйеуімнің Сирияда таныстары бар еді. Солар біздің жолды ұйымдастырып, ИШИМ өкілдерімен таныстырды.

Кездесу Түркия мен Сирия шекарасындағы Газиантеп қаласында белгіленді. Мұнда бізді шағын автобус күтіп тұр екен. Автобустың іші түрлі ұлт азаматтарына толы болды. Сирияға қарай жол тарттық.

Сирияға жеткен соң біраз жаяу жүрдік. Бетті жабық, қолына қару ұстаған адамдар күтіп алды. Айнала толы алқап, анар ағаштары өсіп тұр. Көліктер кезек-кезек келіп, жиналған қарақұрым адамды шетінен тиеп алып кетіп жатты. Сол жерде кімнің қайдан келгенін нақтылап, паспорттарды сұратты.

Күйеуім ақша мен құжатты маған беріп үлгерген-ді. Ел көп болғандықтан, бізден паспорт сұрауға мұршалары болған жоқ.

Жағдайдың біртүрлі екенін сол кезде-ақ түсінуге болатын еді, алайда «бұл — мұсылман мемлекеті», «исламға пайда әкелуіміз қажет» деген ойға қатты сендік.

Өз қолымызбен тыныш өмірімізді, балалардың тағдырын бүлдіргенімізді еске алсам, өкініш өртеп қоя береді.

Кешке бір көлік келіп, бізді отырғызып алды. Мені ауыл жолының бойында не тамағы, не жағдайы жоқ, тек суы бар бір жаман үйдің жанынан тастап кетті. Күйеуім ары қарай жол тартты. Жанында жүрсем, өзімді қауіпсіз сезінетін жақын адамымнан мені айырып алды…

Сирияның солтүстігі, 2014 жыл. ИШИМ әскері. Stringer/REUTERS

«Күйеуім бізді ұмытпапты, тастамапты…»

Жаман үйде 3 күн тұрдым. Ыстық тамақ жоқ, тек тәтті кекс пен су берілді. Жергілікті әйелдер мен еркектер бізді қарап жүрді. Төртінші күн дегенде балалар мен әйелдерді үлкен автобусқа отырғызып, басқа ауылға алып келді.

Күйеуім екі аптадай болған жоқ. Басқа әйелдер оның оралмайтынын, біздің жесір атанып, ұмыт қалуымыз мүмкін екенін айтты.

Осындай күндердің бірінде ұлым екеуміз далада отыр едік. Жолдасымның айқалаған даусын естідім. Ұмытпапты, тастамапты, алып кетуге келіпті. Бір апта бойы бізді іздеумен болыпты. Адамның көп болғанынан тағы бір айтайын, жоғалып кету оп-оңай еді.

Бірнеше күн азапқа салған сұрағымды күйеуіме қоя алмадым. Жанында ИШИМ-ның қарулы адамдары бар екен. Үн шығармай машинаға отырдық. Көлік шөл даламен жол тартып, Ракка қаласына қарай беттеді.

Эр-Ракка бомбының астында

Көшіп келген соң Эр-Раккада (Сирияның солтүстігіндегі қала, аттас аймақтың орталығы — ред.) тұрдық. Мұнда киім-кешек пен тамақтан бастап бәрі бар еді. Қала үлкен, сол кездің өзінде түрлі мейрамхана, кафе, фаст-фуд, аттракцион секілді орындары болатын. Алып базарлары көп, аттап басқан сайын бутик кездеседі. Барлық тауар Түркиядан келетін. Мұның бәрі — соғысқа дейінгі көргенім.

Ол кезде шайқас, қақтығыс жағынан тыныштық болды, тек ИШИМ топтары ел бойынша бір қаладан соң бір қаланы алып, өз заңын жайлап орнатып жатты.

Күйеуім екеуміз қалаға түнде жеттік. Демалуға бөлме берді, қазақтарды кездестірдік, қазақша сөйлеп жатқан адамды естігенде өзімді бақытты сезіндім.

Ұзақ жолдан кейін баланы ұйықтатып, заттарды реттеп, шаруамен айналыспақшы болғаным есімде… Мен тұрған ауылда тыныш еді, ал Раккада шу көп, ағылған халық, тіпті балалар ойнап жүретін. Бір уақытта бомбалар түсе бастады. Баламды көтеріп алдым, дір-дір етемін, шок жағдайындамын. Бала жылап қоя берді. Көп қабатты үйде едік, елдің бәрі қашып шығып жатыр. Біз бесіншідеміз. Күйеуім абыржып, есеңгіреп тұрып қалды. Терезедегі әйнектің бәрі шағылды.

Жағдайымды сөзбен жеткізе алмаспын. Тек соғыс көрген адам ғана түсінеді. Бұл — өмірімдегі ең қорқынышты түн болды. Ұзақ және тыныш өмірден кейін мұндай үрейді бастан өткерсең, есіңнен адасу әп сәтте.

Бомбылаудан кейін қирап қалған Ракка. AFP/Getty Images

«50-ге жуық бомба тасталды»

Түнде түскен бомбадан аман қалғаннан кейін мұндай сұмдықты бірінші рет көрген мен мүлдем ұйықтай алмадым, таңды күттім, сонда барып біраз тынышталдым.

Пәтерді бесінші қабаттан берген. Жоғарғы қабатта өмір сүру өте қиын, себебі ұшақтың ұшқанын, бомбаның түскенін естисің. Басқа үй болмағандықтан тұра бердік. Амал қалмады.

«Зуһр» намазы басталғанда екі, үш емес, 50-ге жуық бомба тасталды. Дүние-заттың бәрі қирап жатыр, қабырғаға жабыса кетеміз немесе балалармен бұрышқа барып тығылып, көрпе жамылып отырамыз. Жер астында, бункердің ішіндеміз деп елестетеміз. Қорқыныш жібермейді. Әлсізбіз, ұйқың келе береді.

Мұнда қалуға болмайды деп шештік, қиранды басып қала ма деген үрей болды. Көмекке келетін адам да жоқ.

Көшеге жүгіріп шықсақ, бұдан да қорқынышты. Не істерімізді білмедік. Жақын жерде мешіт бар-ды, Алланың үйі ғой, қауіпсіз болар деп солай қарай қаштық.

Жанымда күйеуім болды. Жалғыз шамам жетпес еді. Жалғыз-жарым әйелдердің жайы қандай қиын екенін көрдім. Тіпті таныстарымды да ұмытып кеттім. Сол кезде көмектеспегенім үшін кешірім сұрағым келеді. Мұндай жағдайда тек өзіңді, отыңның басын құтқаруды ойлайды екенсің.

«Үрейден шашқа ақ түсті»

Раккадан бес сағаттық жерде Шаддад деген шағын қалашық бар еді. Біз көшіп барғанда әлі қыс болатын. Үй алдық, онда ұзақ уақыт тұрдық.

Әдетте еркектерді соғысқа бірден алып кететін. Күйеуім көлік механигі болып жұмыс істейді. Тәжірибелі адамдар жетпей жататын еді, жолдасым сапарға жиі шығып жүрді. 2015 жылы Шаддадта тыныш болды, бомбалау болған жоқ. Тек тікұшақ көреміз.

Күн артынан күн, апта артынан апта өтіп жатты. Үрей мен қорқыныштың кесірінен жүктілік қиын өтті. Бала қозғалмайтын, ішім қатып қалды. Тамақ құнарсыз болғандықтан, тойып ішпейтінмін. Үнемі бірдеңе жегім келіп тұратын. Ет бірде бар, бірде жоқ.

Күйеуім қауіпсіздігіміз үшін бәрін жасады: аулада шағын туннель қазып қойды. Бомбылау кезінде соған түсіп, күтетін едік. Екіқабат маған түн ортасында шұңқырға түсу, таңға дейін күту, қашан бітеді деп сарылу қиын тиді. Жүйке тозды, үрейден шашқа ақ түсті.

Күйеуің болмаса Сирияда жағдайың өте қиын. Ешқайда шыға алмайсың. Қажет дүниенің бәрін жолдасым алып келетін. Емхана Раккада еді. Ауырсаң, жетуің қиын. Сондықтан сүннетпен немесе халық әдісімен емделетінбіз.

Алғашқы Рамазан Шаддадта өтті. Жаз өте ыстық, ораза ұстау қиын болды, жергілікті климатқа ұзақ үйрене алмадық.

Шілде айының басында акушерді үйге алдырдық. Екінші ұлым дүниеге келді. Алланың қалауымен сау туды, бәрі ойдағыдай өтті.

Бауыржан Ботақараев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы: «Ислам ғылымында «ең ұлы жиһад – нәпсімен күрес» деп айтылады. Ислам ешқашан соғысқа шақырып, үгіттемейді. Өзге ағым жетегіне еріп, адасып жүрген бауырларымыз шариғат пен дінді біріктіріп қояды. Шындығында шариғат пен діннің екі бөлек екенін Абай атамыздың өзі айтып кеткен. Дін дегеніміз құдай мен жаратылыс арасындағы байланыс болса, шариғат — адам мен адамдардың арасындағы байланыс. Қазір осы екеуін біріктіріп, қарастырып жүрген жандар өзге ағым жетегіне байланып жатады. Қанды соғыс пен қырғынның арасынан оралған жас жеткіншектер теріс жолға түсіп кетпесі үшін психологтардың көмегі қажет. Олар балалардың бойында ұялап қалған қатыгездік, өшпенділік, үрей сезімдерін жеңе алуына ықпал жасауға біраз септігін тигізе алады».

«Бір күнде мүгедек болып қалды»

Жаз еді. Күрдтер қаланы қоршауға алған соң, барлық дүние-мүлікті тастап, қашып шықтық.  Төтенше жағдайға арналған жалғыз сөмкемен қауіпсіз жерге жеттік. Бұл Сирияның шекарасына жақын орналасқан, Евфрат өзенінің бойындағы Рауа қаласы (Ирак) еді.

Екі-үш апта бойы сапарлап кеткен күйеуімді көрмейміз. Кішкентай болған соң балалар әкесін іздемейді. SMS жазып, «Бәрі дұрыс па?» деп сұрайтын телефон да болған жоқ. Жақсы-жаман хабарды күйеуінде «рация» бар әйелдерден алып отырдық.

Қаралы ақпарат келіп түсті деген хабар жетті. Бәріміз осында өлеміз деп ойладым. Бірақ Жаратушы сынақ жібереді. Менің сынағым күйеуімнің минаға түсіп, сол аяғынан тізесіне дейін айырылғаны, оң аяғының да қатты жарақат алғаны болды.

Дені сау, жас, әдемі азамат бір күнде  мүгедек болып қалды. Қатты қорықтым. «Не болар екен? Күтім жасай аламын ба? Не істеу керек? Дәрі-дәрмек те жоқ. Шамам жете ме?» — неше түрлі ой пайда болды. Күйеуім келгенше өзімді дайындап жүрдім.

«Өлуге келдіңдер ғой, өліңдер!»

Ұзақ уақыт есімді жия алмадым. Күйеуім ауруханаға жатқызылды, сол аяғына ота жасалды. Асқынып кеткен тұстары болды.

Жаралылардың жағдайы қиын еді, себебі дәрі-дәрмек, кәсіби дәрігер жоқ. Тек халық әдісімен және сүннетпен қолдан келгенше емдедік. Таныс арқылы бинт, мақта, ине, медициналық қолғап, тағы басқа керек-жарақ таптық. Бір сөзбен айтқанда, қолдан келгеннің бәрін істедік. Күннің ыстығынан ашық жара ұзақ уақыт жазылмай қойды.

Одан бөлек рухтандырып, қолдап отыру, мойытпау керек, балаларды да бақылау қажет. Бөлмені таза ұстауға тиіссің. Кез келген тамақ бере алмайсың, өзінің мәзірі бар.

Күйеуім бір жыл бойы төсек тартып жатты, одан соң ақырындап арбаға отырды.

Мұндай жағдайда үлкен шыдам қажет. Кейде шайтан иектеп, бәрін тастап, кетіп қалуды ойлайтынмын. Бірақ қайда барасың? Не күрдтердің, не ирактардың тұтқынына түсесің, не өлесің. «Кез келген жағдайда адам болып қал» деп өзімді тыныштандырдым.

Моральдық-физикалық жағынан қиын болды. Ешкім көмектеспеді. Күйеуім жұмыс істемейді,  яғни мемлекетке тиіп жатқан пайдасы жоқ. Біреуге бара алмайсың. Жергілікті арабтардан көмек сұрап көрген болатынмын. Олар «Өлуге келдіңдер ғой, өліңдер!» деп жауап берді.

Сирияның солтүстік-шығысындағы Әл-Хол лагері. Giuseppe Cacace, AFP

«Лагерде тамағымызды тартып алатын»

Ақыры Сириядағы «Әл-Хол» лагеріне келдік. Бұл — түрлі елден келген, елімізге қайтамыз деп күтіп отырған әйелдер мен балаларға арналған орын, босқындардың лагері.

Мұндағы жағдайды сөзбен жеткізу қиын. Палатка, матрас және газ шам — бары осы. Бала көп. Азып-тозған, 4-5 жыл ішінде өмірге деген құлшынысынан айрылған әйел де жетерлік. Жаңбырлы күндерде палатамыздың іші суға толатын.

Бірнеше қазақ бірге тұрдық. Бізге елден гуманитарлық көмек келеді. Оның жан сақтауға көп көмегі тиді. Бірақ отанынан мұндай қолдау көрмеген басқа мемлекет азаматтары палатамыздағы дүниені ұрлайтын. Жалғыз болсақ, қолымыздан тартып алған күндер де болды. Ақыры Қазақстаннан келген әйелдер жиналып, тамағымыз бен балаларымызды кезек-кезек күзеттік. Топтасып жүруге мәжбүрбіз.

«Шығыңдар, үйге кеттік!»

Бір күні лагердің сыртына автобустар келді. Темір тордан жасалған қақпалар ашылып, бірнеше адам кірді. Кенет «Қыздар, қайдасыңдар? Шығыңдар, үйге кеттік!» деген қатты шыққан дауыс естілді. Елең ете қалдық, палатадан атып шығып, балаларды асыға құшағымызға алып, дауыс шыққан жерге жүгіре жөнелдік. Жамылып жүрген бетпердемізді де тағуды ұмытып, бізді құтқаруға келген Қазақстан азаматтарын құшақтай кеттік. «Расында кетеміз бе? Азаптан құтыламыз ба?» — көздің жасы тыйылар емес. Қазақтың даусы, қазақша сөздер жүрегімді елжіретті.

Гуманитарлық көмекпен келген дүниемізді сол жердегі адамдарға таратып бердік. Жиналып, ақырындап автобусқа отыра бастадық. Сыртқа қарасам, басқа елден келген қыз-келіншектер палаталарынан шығып, бізге қарап, жылап тұр екен. Қолдарында балалары. Жүрегім ауырып кетті. Әсіресе кішкентайларды ойласам… «Оларды да өз мемлекеті алып кетсе екен» деп ішімнен айтып кете бардым.

«Жусан» операциясы, көрнекі сурет. Inform.kz

Дерек: 2019 жылы Қазақстан Республикасы Сирияға кеткен қазақстандықтар елге қайтару үшін «Жусан» гуманитарлық операциясын жүргізді. Операция аясында түрлі кезеңде Қазақстанға 595 азамат оралды, оның 406-сы бала, 156-сы әйел болды. Жеткізілген әйелдер мен балалар оңалту және бейімдеу курстарынан өтті. 

«Кішкентай Абай…»

Кішкентай Абайым 5 жаста. Сирияда соғыс жүріп жатқан жерде дүниеге келген. Қазір ол қатты дыбыс шықса, селк ете қалмайды, үстелдің астына барып тығылмайды. Өзімен-өзі ойнап жүр. Аштықтың не екенін де ұмытты. Шешесінің амалсыздан «шөптен» жасап берген тамағы де есінде жоқ шығар. Бәрі артта қалды. Тіпті туған кезінде қойылған Абдулла деген есім де жоғалды.

Қазақстан азаматтары Сирияға шариғатпен жүретін өмір іздеп барды да, өлімге, аштық пен алапат өтірікке ұрынды.

Әлемдегі дамыған көп елге қарағанда, Қазақстан 2019 жылы оралғысы келген барлық азаматты қайтарған алғашқы мемлекет атанды.

Отанға оралған соң барып жусан исінің қандай екенін түсіндік.

Бауыржан Ботақараев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы: «2019 жылы Ақтау қаласында «Жусан» операциясымен отанға оралған жандармен жұмыс жасап көрдім. Олардың басым көпшілігі әйел адамдар мен кәмелет жасына толмаған кішкентай бүлдіршіндер болатын. Оңалту орталығында тек қана теологтар ғана емес, психолог, оқытушы мамандар жұмыс жасады. Біз оларға тарих пен дәстүрлі дінді ұштастыра отырып түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Мектеп жасындағы балаларға әліпбеден бастап тіл үйретіп, ана тілінде сөйлеп кетуіне ықпал жасау қиынға соқты. Себебі көбінің тілі шведше, арабша, орысша шыққан. Қазақ тілінде сөйлей алса да, қазақ әліпбиін біле бермейді. Әрине өзге ағым жетегінде кеткен жандардың дүниетанымын қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Бірақ олардың адасқанын мойындай отырып, алға қарай ұмтыла алатындығы қуантады. Сириядан оралғандардың көбісі түсіндірме дәрістерінен кейін қарапайым азамат ретінде қатарға қосылып жатыр. Қазір бәрі бірдей болмаса да, біразы түрлі салада қызмет атқарып жүр».

* * *

Авторлар: Мадина Жатқанбаева, Ғалия Бисейіт

Мақала кейіпкермен болған әңгіме және оның Instagram-парақшасында жариялаған жазбалары негізінде әзірленді. 

Материал Internews Kazakhstan ұйымдастырған Сторителлинг мектебі аясында жарияланып отыр.