Президент премьер-министрге эпидемиология ахуалын қатаң бақылауды тапсырды

Асқар Маминнің айтуынша, бірқатар салада дамудың оң қарқыны байқалады. Атап айтқанда өңдеу өнеркәсібінің өсімі 3,3 %-ке жеткен, құрылыс көлемі 10,5 %, тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі 9 % немесе шамамен 9,6 миллион шаршы метр көбейген. Ауыл шаруашылығындағы өсім көрсеткіші 5% болды. Қазақстанның алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор активтері 1 қазандағы мәлімет бойынша 91,1 миллиард долларға жетті.

Үкімет басшысының айтуынша, қыркүйекте қызмет көрсету саласындағы белсенділікті қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Осы ретте тамыз айымен салыстырғанда сауда-саттық 2,7 %, байланыс 1,3%, көлік және қойма 1,2 % көбейді. Қызмет көрсету секторындағы өсім шағын және орта бизнестің жанданғанын білдіреді. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді.

Премьер-министр 11-12 қазан күндері Абу-Дабиге жасаған жұмыс сапарының қорытындылары туралы есеп берді. Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапары кезінде қол жеткізген уағдаластықтардың нақты жүзеге асырылып жатқанына көз жеткізілді.  Сонымен қатар екі ел үкіметтері Инвестициялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Онда құны 6,1 миллиард доллар болатын 21 жобаны жүзеге асыру көзделген. Аталған құжат жоғары қосымша құны бар және пайдасы мол, сонымен бірге ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да үлкен сұранысқа ие болатын өндіріс орындарын ашуға бағытталған.

Мемлекет басшысы экономиканы дамытудың оң қарқынын қамтамасыз ету жөніндегі Үкіметтің атқарған іс-қимылдарын атап өтіп, азаматтарымыздың денсаулығына, шағын және орта бизнестің жұмысына, сонымен бірге жалпы экономиканың дамуына шетелде кең тараған коронавирус инфекциясының кері әсерін болдырмау үшін премьер-министрге еліміздегі эпидемиология ахуалын қатаң бақылауға алуды тапсырды.