«Сен гейсің бе, не?»

Марлен (есімі кейіпкердің өтінішімен өзгертілді — Н.) «Вконтакте» әлеуметтік желісінде дос іздеп, хабарландыру береді.

22:00-де бір жігіт танысуға ұсыныс айтып, мекенжайын сұрайды. Ештеңеден сезіктенбеген Марлен қайда тұратынын жазып жібереді.

Жарты сағаттан бейтаныс жігіт келгенін айтып хабарласады. Бірақ Марленнің күткен адамы жалғыз келмейді.

«Далада тұрмын» дедім. Келіскен жерге бара жатқанда алдымнан бір адам шығып, артымнан екі адам келіп, қолымнан ұстады да, машинаға отырғызып алды. Бірі — маған хабарласқан жігіт. Белгісіз бір жаққа апара жатты. «Не істеп жүрсің, неге ондай хабарлама бердің, сен гейсің бе, кім біледі, мамаң біле ме, отбасың біле ме?» деп тергей бастады, — дейді ол.

Марлен үшеуінің қолында пышақ болғанын, өзінің ешбір қарсылық көрсете алмағанын айтады.

«Біз осылай хабарландырулар арқылы гей балаларды тауып, тура жолға саламыз. Осылай жүргенімізге 1-2 жылдай болып қалды» деді. Қараңғы көшеге әкелген екен. Не істерімді білмедім. Өзіммен бірге сөмкемді ала шыққанмын. Курткамды, сөмкем мен ішіндегі планшет, ұялы телефонымды, ақшамды, жеке куәлігімді, картамды, «Оңай» жол жүру билетін — бәрін тартып алып, мені сол қараңғы жерге тастап кетті, — дейді тұрғын.

Марлен түннің бір уағында сол маңда адасып жүріп, кезіккен дүкенге кіріп, полиция шақырады. Олар келген соң болған оқиғаны баяндап, «бүкіл затын алып кеткенін» айтқан. Гей екенін айтуға батпаған.

Бөлімшеге барған соң, сұрақ қоя бастағаннан кейін оқиғаның неден басталғанын, ориентациям туралы жасыра алмайтынымды білдім. Қызметкерлер тарабынан «Сен гейсің бе, не?!» дегендей сұмдық көзқарастар болды. Арызымды жазып, бірден үйге қайттым, — дейді Марлен.

«Заңнаманы жетілдіру керек»

Қазақстанда біржынысты қарым-қатынас 1998 жылы декриминализацияланған (бұрын қылмыс саналған дүниенің заңға қайшы емес деп танылуы — ред) болатын. Бірақ ЛГБТ белсенділер елде оларды қудалау, тұрмыстық, қоғамдық және мемлекеттік деңгейде қысым көрсету әлі де кездесетінін айтады.

Биыл наурызда БҰҰ-ның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстан заңдарында азаматтарды жынысы мен сексуалды ориентациясына қарай дискриминациялауға тікелей тыйым жоғын мәлімдеген еді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің Қазақстандағы адам құқықтарының жайы туралы 2019 жылғы баяндамасында қазақстандық ЛГБТ-қауымдастық өкілдерінің 48%-і зорлыққа ұшырағаны немесе сексуалды ориентациясы үшін жеккөрініш нысанына айналғаны жазылған. Көбіне оларға қарсы сөзбен қорлау, ізіне түсу, жеке өміріне қол сұғу және физикалық шабуыл сияқты қысым түрлері қолданылады. Бұған қарамастан, ЛГБТ өкілдері жеккөрініш сезімі, мазақ қылу мен зорлықтан қорқып, құқық қорғау органдарының көмегіне аз жүгінеді.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда жыныстық азшылық өкілдерінің физикалық және психологиялық агрессияға ұшырағаны туралы хабар толастаған емес.

Мысалы, биыл қазақстандық гей жұп — Бекзат пен Арманның хикаясы қызу талқыланды. 28 жастағы Бекзат гей екенін жария түрде айтқан соң туыстары мәжбүрлеп миына операция жасатқан. Гомосексуал екенін мойындаған жігітті туыстары осылайша «емдеуді» ұйғарыпты. Бекзат ата-анасының «отадан кейін еркіңе жіберіп, сүйгеніңмен бірге тұруға рұқсат береміз» деген уәдесіне сеніп, операцияға келіскенін айтады. Бекзат пен Арман екеуі бой тасалағанымен, туыстары Бекзатты үйінде ұстап, ешқайда жібермей қойған.

Бекзат пен Арман
Бекзат пен Арман. novayagazeta.ru

Елдегі ЛГБТ туралы жазатын қазақстандық Kok.team сайтының редакторы, белсенді Данияр Сәбитов «бұл оқиға жыныстық азшылықтың қаншалықты қорғалмағанын көрсетті» дейді.

Гетеросексуал қазақстандықтар да әділдікке қол жеткізе алмайды. Мысалы, сотта. Бірақ оларға полицияға жүгіну қиын емес, ал ЛГБТ өкілдері үшін полицияға жүгінудің өзі — үлкен қауіп. Құқық қорғаушылар бұл оқиғаға көптің назарын аудару үшін жігіттерге не істемеді? БАҚ пен қоғам алдында бар құпиясын әйгіледі. Осының кесірінен оларға кейбір әлеуметтік байланысын, тіпті  қызмет мансабына балта шабуға тура келді, — дейді Данияр.

Kok.team сайты 2018 жылдан бастап жыныстық ориентацияға немесе гендерлік сәйкестілікке қарсы дискриминация мен жеккөрушілік қылмыстарды бейресми түрде қадағалап келеді.

Орта есеппен ай сайын шамамен 10-12 хабарлама аламыз. ЛГБТ өкілдері қорлаудан бастап зорлық-зомбылық пен бопсалауға дейін басынан кешкен түрлі оқиғаны айтады. Жыл сайын көрген қысымы жайлы хабарлама саны артып келеді деп айта алмаймын, бірақ біздің редакция алатын хаттар — айсбергтің шыңы ғана. Көбі не болғанын я болып жатқанын айтуға қорқады, — дейді журналист, ЛГБТ белсендісі Данияр Сәбитов.

Оның сөзінше, жыныстық азшылық өкілдерін қорғау үшін Қазақстан заңнамасын жетілдіру керек.

Адамды жыныс ориентациясы мен гендер болмысына байланысты шектеуге тыйым салатын, алалауға қарсы заңнама қабылдау қажет. Адамның дініне не ұлтына деген өшпенділік негізінде қылмыс жасалса, қылмыстық кодекс заң бұзған жанға анағұрлым қатаң жаза кесуге мүмкіндік береді. Сол сияқты астарында ориентация мен гендерлік болмысқа деген өшпенділік жатқан қылмыстарды да қатаң қарауға болады, — дейді журналист.

«Біз туралы әлі ешкім айтпаған»

Марлен өзіне қастық жасағандарды полицияның табарына сенбегенін айтады. Ол өзін «тергеушімен жолы болған адам» санайды.

«Гей болғандықтан арызымды жай қалдыра салатын шығар» деп ойладым. Бір күні бөлімшеден «күдіктілерді таптық» деп хабарласты. Барсам, сол үш жігітті тауыпты. Біреуі қолына менің сағатымды тағып алыпты. Сол арқылы үшеуін де жазбай таныдым. Олар «не істей аласың?» дегендей күліп қарап тұрды, — дейді ол.

23 ақпан түні Марлен үш жігіттің бірі «Сен бізге бәрібір ештеңе істей алмайсың. Көптен бері гейлерді осылай қыспаққа алып жүрміз. Біз туралы әлі ешкім ашық айтпаған. Бізде таныстар да бар» дегенін еске алады.

Марленнің сөзінше, сот кезінде ұсталған үшеу «Ойбай, қазақта гей болмайды!» деп айқай шығарған. Ал ата-аналары келіп кешірім сұрап, жылапты.

Біреуінің бір баласы бар, енді бірі түрмеде отырып шыққан екен. Ешқайсысы жұмыс істемейді. Алғашқыда сот үшін жұмыстан көп сұрандым. Сосын жұмысымда да сұрақтар туындай бастады. Олар оқиғаның жыныстық ориентацияма байланысты болғанын білмейді. «Кешіре сал» дейді. Сотқа барып-келуге уақытым көп кетті. Олар мені ұрған да, пышақтаған да жоқ. Сондықтан сотта кешірім бердім, — дейді Марлен.

Жігіттің сөзінше, Қазақстандағы жыныстық азшылық өкілдері өзі жайлы ақпаратты жариялаудан сескенеді.

Европада, Америкада ЛГБТ өкілдері өз ойын ашық айтады. Ал бізде ойын айтпақ түгілі желіге фотосын, өзі жайлы ақпарат салуға қорқады. Себебі басқа адамдар жеке мәліметтер арқылы адамды бопсалауы мүмкін. Достарың, ата-анаң сенің ЛГБТ өкілі екеніңді білсе де, әріптестерің білмеуі мүмкін. Алматы басқа қалалармен салыстырғанда толерантты болса да, олардың қалай қабылдайтынын білмейсің, — дейді ол.

Ол басынан өткен оқиғадан соң желіде танысуда аса сақ бола бастаған.

Моральды, физикалық түрде қатты соққы алмағандықтан, болған жағдай аса әсер еткен жоқ. Желіде танысамын деп, «ұсталып» жататындар көп қой. Тек әлі күнге дейін такси басқа жолмен жүре бастаса, зәрем ұшады… — дейді Марлен.

* * *

Автор: Нұрлыхан Жұмахан

Материал Internews Kazakhstan ұйымдастырған Сторителлинг мектебі аясында жарияланып отыр.