Нұрсұлтан Назарбаев 100 мың отбасыға 50 мың теңгеден беруді тапсырды

Бауыржан Байбектің мәліметінше, партия мүшелерінің 84,2%-і дауыс беруге қатысты. Оның 88%-і онлайн режимінде дауыс берді. Тіркелген 10 073 кандидаттың 36%-тен астамы әйелдер, ал 29%-і 35 жасқа дейінгі азаматтар.

Ішкі партиялық іріктеу нәтижесінде 20 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Оның ішінде тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылым мен көлік, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қатысты ұсыныстар бар.

Elbasy.kz сайтының хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев праймериз сабақтастықты сақтап, партия қатарын жаңартуға мүмкіндік берген нағыз әлеуметтік лифтіге айналғанын айтты.

Бұл біраз адам қатысқан партияның ауқымды іс-шарасына айналды. Біз оны алғаш рет өткізіп отырмыз. Партия назар аударуға тиіс көп ұсыныс пен мәселе көтерілді. Nur Otan — нақты істер партиясы. Біз қабылдаған бағдарламалар міндетті түрде орындалуы керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Қазақстанның бірінші президенті партияның сайлауалды бағдарламасының жобасына жеке тоқтады.

Саяси кеңес бюросында республикалық сайлауалды бағдарламаның жобасын талқылаған едік. Қазіргі күрделі ахуал ескеріліп, бағдарламада біздің мақсаттар бен ауқымды міндеттер бекітілді. Бұл жұмысқа партияның барлық мүшесі жұмылдырылады. Өйткені мұның бәрі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр. Біздің сайлау алдындағы уәделеріміздің бәрін орындау үшін жан-жақты қамдану керек, — деді партия төрағасы.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев партияға Birgemiz қорымен бірлесіп, бүкіл ел бойынша тағы 100 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасыға 50 мың теңге көлемінде қосымша төлемдер ұйымдастыруды тапсырды.

Партияның орталық аппараты мен біздің актив ауқымды жұмыс істеді. Мен оларға қажырлы еңбегі үшін алғысымды айтамын. Алда әлі атқаратын шаруа көп. Ел игілігіне бағытталған жұмысты жалғастыруымыз керек, — деді экс президент.