«Қолөнерге қызығушылық бала кезден болды»

Физика-математиканы тереңдетіп оқытатын оқу орнында оқысам да, қолдан әшекей жасағанды жақсы көретін едім. Анамның үзіліп қалған алқасын жөндеп алатынмын. Базарға барсақ, әшекей бұйымдардың жылтырап тұрғанын көріп, қатты қызығатынмын.

Мектептегі технология пәнінде көп нәрсені үйреніп алдым. Оқытушылар көрмелерге қатыстырып, арнайы бұйымдар жасататын. Сол кездегі мұғалімдердің шебер болғанын, білгенін бізге жанын салып үйреткенін қолөнер саласына келгенде барып түсіндім.

Бірақ айналам толған физик, математик болды. Сондықтан дизайнер мамандығына түсуді көп ойламадым. Тек есеп пен ғылымның адамдарымен араласқандықтан, қызықсам да, әшекей жасауға аса көңіл бөлмедім.

Қолдан әшекей жасап отырғанымды алғаш байқаған кластасым «Сенің бұлай отырғаныңды көрген біртүрлі екен» деп таңғалған еді. Қолөнерге кеткенімде, туыстарым, достарым, біраз танысым таңданды. Себебі физматта оқып, информатика бойынша жоғары білім алдым.

Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде құрманың дәнінен жақындарыма тәспі жасап беріп жүрдім. Ол кезде ешқандай аппаратым да жоқ, өз білгеніммен істей бердім. Соның өзі біраз еңбек еді: құрманың дәнін тазалаймын, оны бізбен тесемін, лак жағамын. Бәрін қолмен істеймін.

Қолөнер бұйымдары
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Университетте студенттер проректоры болдым. Жастармен кездесуге әр саланың мамандары келетін еді. Соның бірі имам болды. Кездесуден кейін ол кісімен араласып тұрдық. Менің тәспі жасайтынымды көріп, қызығып, біреуін сатып алды. Бұған дейін тек сыйлыққа беруші едім. Сол кісіге алғаш рет саттым. Сосын ол таныстарына айтып, алғашқы клиенттерімді табуыма көмектесті.

Өзім жасаған бұйымды сатуға ұялатынмын. Біреу тегін сұраса да бере салатын едім. Студент кезде мамандығыма байланысты жұмысқа тұрдым. Бірақ тәспі жасауымды тоқтатпадым. Білезік пен сырғаны да қолдан жасайтын болдым. Арнайы курс оқымадым. Ол кезде қолөнерге қатысты сабақтар да болмайтын еді.

Бір күні бұрынғы танысымды кездестірдім. Ол да қолөнерге қызығушы еді. Моншақ мен тас сататын фурнитура дүкені бар екен. Мені сонда шақырды.

Фурнитураға бару үшін жұмыстан қашып шығатын болдым. Күнде қолым босай қалса, дүкенге барып ішін жинаймын, заттарды сүртемін, моншақтарды реттеймін. Жылтырап тұрғанның бәріне қарап, көзім тоймай жүре беріппін. Айлық та сұрамаппын, «Неге маған ақша бермейді?» деген ой да болмапты. Кейін күніне 200 теңге алатын болдым.

сұхбат
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

4-курсқа өткенде мамандығым бойынша істеп жүрген жұмыстан шығып кеттім. Айлығы өте жоғары, карьера құруға да мүмкіндігі мол мемлекеттік жұмыс еді. Таныс-туысым ол жерден кетпеуді өтінді. Бірақ мен бар уақытымды дүкенге арнадым. Түрлі моншақ қарап, әшекейге идея тауып, фантазияма беріліп жүре бердім.

«Кәсібімді 500 мың теңгемен бастадым»

Оқу бітіріп, диплом алған соң ата-анама мамандық бойынша жұмыс істемей, қолөнерге бет бұрып, кәсіп бастағым келетінін айттым. Олар таң қалды. Жаспын, проблеманы емес, жетістікке жетуді ойлаймын. Ал ата-ана «балам шалыс баспай ма, кәсіпті алып жүре ала ма?» деп алаңдайды. Менен қайта-қайта сұрап жүріп, қорықпай тұрғанымды білген соң, ақыры батасын берді. Маған да олардың «жасай бер, алға!» деуі керек болып тұрған еді.

Өзімнің ақшам жоқ, ата-анамнан қаражат сұрадым. Кәсіптен еш хабары болмаса да, олар мені жақсы қолдай білді. Анамның атынан 500 мың теңге несие алып, таныстарымнан да ақша жинап, кәсіп бастадым.

Халықтың қолөнерге онша қызықпайтын кезі еді. Мен сол ақшаға дүкен ашқым келді. Сөйтіп жүргенде танысым мен жұмыс істеген фурнитура дүкенін әрі қарай жүргізе алмай, сататын болды. Ол дүкен өзімнің жақсы көретін, еңбегім сіңген жер еді. «Соны неге әрі қарай дамытпасқа» дедім де, дүкенді сатып алдым. Таныстарымнан қарызға ақша сұрадым. «Кәсіп бастаймын, мына уақытта қарызды қайтарамын» деп бәрінен ақша жинадым. Бизнес жоспарымды A4 қағазға сызып алғанмын.

Басқаларға «кәсіпті несие алып бастаңыздар» деп кеңес бере алмаймын. Бірақ ол кезде қолыма жинаған қорым болмады. Біреуді қарызға кіргізіп, кәсіп бастаппын. Қазір бұл ісіме күлкім келеді. Өзіме деген сенімім жоғары болыпты, бизнестің әрі қарай жүріп кететініне күмән келтірмегенмін.

Дүкен ашылды. Шығармашыл адамдар еркіндікті сүйеді. Басымда қарызым бар деген ой жоқ. Жақсы көретін ісіммен айналысып жүргеніме мәз болдым.

10 жасымнан күніне 6-7 сағат есеп шығарып, осы салаға қыруар уақыт жұмсадым. Ата-анам мені ғалым болады деп ойлады. Мемлекеттік жұмыста істеп жүргенде де, олардың пәлен жыл істеп қол жеткізген айлығының көлеміндей жалақы алатынмын. Мұның бәрі — ата-анамның маған, менің болашағыма құйған қаражаты, еңбегі. «Осы еңбекті ақтай алмасам ше?» деген ой болды. Алған біліміммен, тәжірибеммен кез келген жұмысқа тұра алатын едім. Кейде өзіме «Неге тыныш қана өз мамандығыммен жұмыс істей бермеймін» деймін. Бірақ түбінде өзім жақсы көретін істі таңдадым.

Лейла Асетилла
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Бізде сатылатын қазақы әшекейлер Ресей мен Қытайдан келеді»

Дүкенде тек қолөнерге қажет заттарды сатпай, әшекей де жасадым, киім де тігетін болдым. Сөйтіп отандық әшекей шығара бастадым. Өзім тағатын әшекейге қарап, сұрастыратын, қызығатын адам көп болды. Сонда «осы өнерді қолға алып, әлемге танытса қайтеді?» деген ойға кеттім.

Бізде сатылатын қазақи әшекейдің көбі Ресей мен Қытайдан келеді. Өзі жасап, оны кәсіпке айналдыратындар аз. Қазір «Балауса» деген отандық әшекей жасайтын бренд бар. Бірақ бұл 18 миллион халқы бар ел үшін жеткіліксіз. Халықтың қалтасы көтеретін әшекей жасап, өзіміз шығаруымыз керек деген идея маза бермеді. Кішкентай әшекеймен, отандық қолөнермен елімізді танытуға болатыны жайлы ойландым. Сөйтіп жүріп шетелден дизайнер мамандығы бойынша қосымша білім алдым.

Дүкенге әшекей жасауды үйретуімді өтініп, адамдар келетін болды. Сөйтіп шәкірт тәрбиелей бастадым. Арасында скайппен де сабақ өтіп жүрдім. Сол кезде бұл нәрсені онлайн үйретуге де болатынын білдім.

Қолөнер бұйымдары
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қолөнерге қызығатын адам көп, ал арнайы оқытатын, үйрететін мамандардың аз екенін байқадым. Дүкеннің ішінде қолөнер мектебін ашып, оқушы қабылдадық. Бірнеше мұғалім жиналды, өзін жақсы көрсете білген, ебі бар оқушыларды жұмысқа алып қалдым.

Қазір Leyla qazaq brend дүкені мен Leyla hm мектебі жұмыс істеп тұр. Біреуінде қолдан жасалған әшекей бұйымдарды сатамыз, екіншісінде кез келген қолөнерге қызығатын адамды оқытамыз.

Алматыға 2020-ның ақпанында келдім. Қолөнер орталығын ашқым келді. Бірақ пандемияға байланысты сабақты тек онлайн өтуге көшіп кеттік. Көрпеңе қарай көсіл дейді. Пандемия кезінде соның шартынан шықпай кәсібімізді жүргіздік. Ел аман, жұрт тыныш кезге не жетсін? Пандемия кезінде кәсіптің тоқырауы, бір этаптан екінші белеске өтуі бәрінде болды.

Пандемияда кәсібім тоқтап қалды дей алмаймын. Бүгінге дейін 7 мыңға жуық оқушы қолөнер курсын оқып, шебер атанды. Бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда өз қолөнерімізге қызығушылық артып келеді.

Лейла Асетилла
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Кәсіп бастаған адам қай жерге дейін баратынын алдын-ала жоспарлауы керек»

Бизнесменге ең бірінші табандылық керек деп ойлаймын.

Екіншіден, кәсіп бастаған адам қай жерге дейін баратынын алдын-ала белгілеуі керек, мақсаты айқын болуы қажет. Кәсіпкердің барғысы келетін Б нүктесі белгілі болса, банкрот та, минусқа кеткен жағдайлар да, жұрттың сөзі де оны мұқата алмайды. Анасы жұмыстан шаршап келгенде баласы алдынан жүгіріп шықса, бүкіл шаршағаны бір сәт ұмытылады ғой. Сол сияқты кәсіпкер қандай қиын жағдайға тап болса да, қойған мақсаты оны алға жетелеуі керек.

Адам таңертең жұмысқа кетіп бара жатып, тасқа шалынып құлады делік. Көбінде ол бұл жағдайды тез ұмытады, үстін бір қағады да, жұмысына кете береді. Қасындағылар «киіміңді ауыстыр» десе де, «ештеңе етпейді» деп жұмысына жүгіріп кетеді. Кәсіпте де дәл осылай оқыс келген сәтсіздіктен құлай бермей, діттеген мақсатқа жол салып кете беру керек.

Сұхбат
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

 

Әр адамның өмірде белгілі бір миссиясы бар. Мен қазақтың қолөнерін әлемге танытуды, біздегі әдемілікті баршаға көрсетуді миссиям деп білемін. Осы істі әрі қарай жалғатсыра алатын шәкірт тәрбиелеу, мақсатым ойға алып, оған жақындай түсу мені шабыттандырады.

Қиналғанда адам өзінен артық білетін маманға жүгінуі керек деп ойлаймын. Тісіміз ауырса, тіс дәрігеріне барамыз. Тура осы сияқты кәсіпте сәтсіздікке ұшырағанда бизнесті сенен бұрын бастаған, бұл салада тәжірибесі мол адамнан өнеге алған дұрыс деп білемін.