Карантин кезінде сұранысқа ие мамандықтар тізімі белгілі болды

Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Әкімдік таратқан ақпарат бойынша, ең жоғары сұраныс жұмысшыларға, жүк көлігі жүргізушілері мен монтажшыларға қатысты болып тұр.

Оның ішінде құрылыс саласындағы прораб, шебер, тас қалаушы, арматурашы, инженер-сметашы, бетоншы, ТҚҰ инженері, әртүрлі жұмыс істейтін мамандар қажет болса, сауда саласында сатушы, кассир, менеджер, супервайзер, мерчендайзер кадрлардың тапшылығы байқалады.

Денсаулық сақтау саласында дәрігер, медбике, санитарлардың жетіспеушілігі бар болса, тамақтану бойынша түрлі тағамдар цехына аспаз, ас-үй қызметкері, наубайшы, кондитерлердің қажетігі жоғары.

7 қазан күнгі жағдай бойынша, «Нұр-сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығы» МКК «Электрондық еңбек биржасы» порталында сұранысқа ие 1678 бос орын жарияланыпты. 653 жұмыс берушіден 5 712 бос жұмыс орны тіркелген. Оның ішінде 313-і – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған вакансия.

Сондай-ақ икемді жұмыс кестесі бар 89 жұмыс орны тіркелген. Жастарға арналған бос орындар – 1315, пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға 10 кәсіпорынға 394 бос жұмыс орны берілген.

2 085 адам 100 000 теңге көлемінде жалақы алса, 2 090 адамға 150 000 теңгеге дейін еңбекақы тағайындалған, ал 1 537 адамның жалқысы 150 000 теңгеден асады.