Қызылорданың медицина қызметкерлері «Халық алғысы» медалімен марапатталды

Қызылорда өңірінде  17 647 медицина маманы жұмыс істейді. Аймақта COVID-19 инфекциясына қарсы күрес шараларына тартылған, жұқтырған және қайтыс болған медицина қызметкерлерін қаржылық қолдау мақсатында үстемеақы мен жәрдемақы төленіп жатыр. Наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларына барлығы 1 миллиард 117,6 миллион теңге, ал шілде айына барлығы 3394 қызметкерге 943,4 миллион теңге үстемеақы берілді.

Қызмет барысында коронавирус инфекциясын жұқтырған медицина қызметкері анықталып, олардың 123-не (115 жұқтырған, 8 қайтыс болған), бірреттік жәрдемақы төлеу ұсынылды. Бүгінде олардың 55-іне жәрдемақы төленді.

Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша Мемлекеттік наградамен өңірде 23 маман марапатталды. Сегізінің марапаты отбасына берілді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша күз мезгілінде пандемияның келесі кезеңі болуы мүмкін. Президент тапсырмасына сәйкес, Қызылорда облысында пандемияның күзгі легіне жан-жақты дайындық жүріп жатыр.

Аурухана, емхана және дәріханаларда бір ай және 2 айлық дәрі-дәрмек қорлары жасақталып жатыр. Жеке қорғаныш құралдары мен медициналық құрылғылармен жабдықтау жалғасуда.

Бүгінгі таңда жалпы құны 6 миллиард теңге болатын модульді 200 орындық инфекциялық-стационардың құрылысы қолға алынды. Биыл республикалық және жергілікті бюджет есебінен облыста жалпы құны 7,8 миллиард теңге болатын бес нысанның құрылысы жүргізіледі.