Қызылорда волонтерлары 8,5 мыңға жуық отбасыға әлеуметтік көмек берген

Жыл басынан бері Қызылорда волонтерларының көмегімен өңірде 8 451 мұқтаж отбасыға әлеуметтік көмек беріліп, көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 4 870 отбасының мектеп жасындағы балаларына қажет оқу құралдары табыс етілді.

Сондай-ақ Құрбан айт кезінде «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің үйлестіруімен Қызылордада 3 830, аудандар бойынша 3 431 отбасыға қайырымдылық жасалды. «Хикмет» қайырымдылық қорының демеушілігімен 1 000 отбасыға азық-түлік түріндегі көмек берілді. Бұл шараларға меценаттар, мешіт қызметкерлері мен автоволонтерлер жұмылдырылды.

Қызылорда волонтерлары мұқтаж отбасыларға ғана көмек бермей, пандемияға қарсы күресте ерекше көзге түскен медицина қызметкерлеріне де жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

«Мың алғыс!» акциясы аясында 255 медицина қызметкерлерінің отбасы азық-түлік өнімдерімен, ауруханаларда үздіксіз еңбек еткен 1 700 медицина қызметкері ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Көмек ретінде 72 оттегі баллондары ауруханаларға жеткізілді. Акцияға өңірден 88 волонтер мен 25 автоволонтер жұмылдырылды.

Осы еңбектеріне орай азаматтық қоғам белсенділеріне алғыс білдіріліп, «Халық алғысы» медалі және облыс әкімінің алғысхаты табысталды.

Бұған дейін сегіз марапат иесі 2020 жылғы 23 маусымда өткен Biz Birgemiz онлайн-форумы аясында марапатталса, 1 қазан күні өткен шарада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 14 азаматқа «Халық алғысы» медалін табыстады.

Эпидемиологиялық ахуалға байланысты бүгін санитарлық талаптарды сақтай отырып 25 азамат марапатталды. Өзге де марапат иелеріне облыс әкімінің салалық орынбасарлары мен қала, аудан әкімдері жергілікті жерде марапаттап жатыр.