“Қайдағы Африка?”

Бір күні таңғы шәй кезінде жолдасым шетелге, Африкаға баратынымызды айтты. Алғашында сасқанымнан “Қайдағы Африка?” дей беріппін. Бойжеткен шағымда достарыммен қыдыруға анамнан қиылып сұранушы едім. Оныма анам “Тұрмыс құрған соң жолдасыңмен қайда барсаң, онда бар. Оған дейін ойын-сауыққа рұқсат жоқ” дейтін. Сол дұғасы қабыл болған сияқты: қазір жолдасым қайда болса, мен де сондамын. Ақыры буынып-түйініп, Африкаға жол тарттық.

Банги қаласы

Ұзақ жол жүріп Орталық Африка Республикасының астанасы Бангиге келдік. Айналамыздағы қара нәсілді адамдарға қарап, таңырқап қалыппыз. Олармен сөйлесе алмай, жабырқаған сәтіміз болды. ОАР кезінде Францияның отары болған. Мемлекеттік тілі – француз. Сондықтан бара сала бірден француз тілін оқуға кірістік.

Екі ұл, екі қызым бар. Кіші ұлым мектеп табалдырығын Африкада аттады. Мұндағы білім жүйесі бойынша оқу үш тоқсанға созылады. Мектепке алғаш барған күні кенже ұлымның класын сырттай бақылап көрдім. Сыныптастары баламның шашын ұстап, көріп жатыр екен. Жергілікті оқушыларға ұлым басқа планетадан келгендей болып тұр ғой. Олардың бұл қылығын көріп, күлдім де қойдым.

Амандасуға ерекше мән береді

Орталық Африкада көшеде кездескен бейтаныс адамның бәрі сәлемдеседі. “Bonjuor!”, “Са va bien” деп айтады немесе жақындап, қол алысады. Әсіресе, бірінші болып амандасқан адамның мерейі үстем. Жергілікті тұрғындар соған қарайды. Жақсы сәлемдестің бе, демек жақсы адамсың. Одан кейін не сұрасаң да, жауап береді.

Сосын африкалықтардың қандай қиындық көрсе де, сағы сынып, көңілі түсіп жүргенін көрмеймін.

Айман Мамедалиева
Фото Айман Мамедалиеваның жеке архивінен

Маниоктың исі

Мұнда тұратынымызды естігендер бірден қандай тамақ жеп жүргенімізді сұрайды. Жалпы Африка құрлығы 54 мемлекеттен тұрады. Әрқайсының өзіне тән тұрмысы, салты бар. Бангиге алғаш барғанда айналадан жағымсыз иіс шығатынын байқадым. Кейде қатты жүрегім айнитын.

Маниок деген ағаш өседі. Аласа келген, жердің астына жайылып, тарамданып кететін тропика өсімдігі. Жергілікті тұрғындар қорек ретінде пайдаланады. Тамырындағы картопқа ұқсас, сырты қара, іші ақ, ұзындығы бір метрге дейін жететін жемісін жейді. Онысы өте улы. Өлімге апаруы да мүмкін. Сондықтан шикідей пайдаланбайды. Құрамында крахмал көп, дәруменге аса бай емес.

Бұл өсімдіктен тамақ дайындаудың түрлі тәсілі бар. Әуелі оны бірнеше күн суға салып қояды, сол кезде жағымсыз, өлексені еске салатын өткір иіс пайда болады. Суда тұрып, жібіген соң қабығын ашып, үгітеді. Сосын оны ұнға айналдырады. Сол ұнтақтан нан да жасайды, суға қайнатып, тамақ сияқты жей береді.

Тамақ мәселесі туралы толығырақ

Бангиде өзге елден келген біз сияқты адамдар тұратындықтан, дүкендерде кәдімгі азық-түлік те сатады. Бірақ ет, қант сияқты тағамдар өте тапшы. Сондықтан көбіне күріш, макарон аламыз. 30 жұмыртқа – біздің ақшамен 4 мың теңге. Сүттің бір литрі 1800 теңге тұрады. Есесіне тропикалық жеміс көп, дәмі де ерекше.

Бірақ осыған қарамастан Орталық Африкада аштан өліп жатқан ешкім жоқ, әйтеуір күнін көреді. “Құдай бізге аштықтан өлмесін деп, маниок ағашын берді. Адам аштықтан емес, аурудан өледі” деп өздері жиі айтады. Молшылыққа, етті көп етіп асып жеп әбден үйренген бізге алғашында қиын болды. Бірақ жергілікті жағдайға қарап, шүкір айтып, қанағат ете бастадық.

Сұхбат
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әйелдер үй жинап ақша табады. Көп уақытымды француз тілін үйренуге, оқуға жұмсайын деп, бірде үйді жинатуға адам шақырдым. Келген әйел үйді әдемілеп жинап берді. Тамақ пісірейін деп, тауықтың терісі мен қанаттарын алып тастадым. Оны қоқысқа салайын деп жатқанымды көріп, әлгі әйел бар даусымен “Madam!” деп қалды. Сосын еттің қалдығын қоқысқа тастамауымды өтінді де, бәрін үйіне алып кетті. Сасқанымнан не істерімді білмедім. Кейін араласатын адамдардан сұрасам, әйел тауықтың терісі мен қанатын қайнатып, балаларына тамақ дайындап береді екен. Осы жағдайдан кейін азық-түлікті ысырап етпейтін болдым.

Орталық Африкада таза су тапшы. Бәрі үлкен су қоймасынан су алып, ішеді. Бірақ жауын болса, ол су лайланып кетеді. Халық сонда да ішуге мәжбүр.

Барғанда Бангидің кітапханасына жұмысқа орналастым. Бұдан бөлек мектепте бір класқа жетекшімін. Сонда байқағаным, оқушылар сыртқа сұранып шығып, су ішіп тұрады. Бұл “суға зар болып жүрген басқа адамның көзінше ішкен дұрыс емес” деген ойдан туса керек. Мұнда құдық қазудың өзі машақат. Тек 35-36 метр қазғанда су шығады, онда да майлы, түсі сарғыш болады.

Айман Мамедалиева
Фото Айман Мамедалиеваның жеке архивінен

Африканың салты басқа…

Бір рет өлімге барып, ыңғайсызданып отырдым. Себебі Орталық Африка халқы біреу қайтыс болғанда қатты жылап, қайғыра бермейді. Керісінше өлген адамның мүрдесін айнала билейді. Бұл – қайтқан кісінің орындалмаған армандарын би түрінде бейнелеп, оны солай шығарып салатын салт. Тіпті жағдайы жақсырақ отбасылар билейтін арнайы адамдарды жалдап, солардың өнерін тамашалап қайтады. Халықтың өлімге сабырмен қарап, тағдырға нала айта бермейтін мінезі бар екенін байқадым.

Ресми түрде үйленіп, некеге тұру сирек кездеседі. Себебі жергілікті халық христиан және ислам дінін ұстанады және үйленген адам ажырасып жатса, бірден діннен шығарылады. Сондықтан олар  ресми неке бекітпей-ақ бірге тұрып, баласын туып өмір сүре береді. Әбден ойланып, көз жетіп, ажыраспаймыз-ау дегенде барып үйленіп жатады. Жасы 50-ден асқан жұптың үйлену тойына алғаш рет осы Орталық Африкада бардым. Біздегі неке қию сияқты арнайы рәсімдерін жасайды, кішігірім дастархан дайындайды.

Тілі, білімі, қолөнері

Орталық Африка француздардың отары болғанмен, халық француз тілін жетік меңгермеген. Өздерінің ана тілі сангоша сөйлейді. Бірақ сангоны мектепте оқытпайды, тек санаулы  сағаты бар факультативпен шектеледі. Жұмысқа орналасу үшін француз тілін меңгеру керек. Ал мектептегі білім сауат ашумен шектеледі.

Азаматтық көтерілістер жиі болатындықтан, білімі де кешеуілдеп қалған. Бангиде бір университет және санаулы колледж бар. Кей адам мектептен соң шетелге оқуға кетіп жатады. Бірақ ЖОО бітіріп келетін адам аз.

Көбіне ер адамдары оқиды, жұмыс істейді. Ал қыздары мен әйелдерін оқыта бермейді. Әйелдер бала бағады немесе саудамен айналысады.

Африка мектебі
Фото Айман Мамедалиеваның жеке архивінен

Орталық Африканың өзіне тән қолөнері бар. Тұрғындар бамбуктан сөре, орындық жасайды. Мұндай бұйымдар жыл өткен сайын қатайып, берік бола түседі екен.

Бұдан бөлек көбелектен өрнек салады. Көбелектің қанатынан бірнәрсені бейнелеп, әдемі картина шығарады. Отарлаудың алғашқы жылдарында кей қолөнерге шектеу қойылған, сол кезде біразы ұмыт қалған. Қазір бамбуктан тұрмысқа қажет жабдықтар, ойыншықтар және аспаптар жасайды.

Африка қолөнері
Фото Айман Мамедалиеваның жеке архивінен

Табиғаты жайлы

Орталық Африкада біздегідей төрт мезгілмен бірге тағы екі маусымның бар екенін білдім. Оның бірі жаңбырлы болады, екіншісі – құрғақ маусым.

Біз тұратын жер орманды аймақ болғандықтан, наурыз айынан бастап күнде тоқтаусыз жаңбыр жауады. Жауынның өзі біздегідей емес, қатты құйып кетеді. Есесіне қар жоқ. Маған таныстарым “Африка ыстық шығар?” деп көп айтады. Өзім оңтүстіктің қызымын, ал Орталық Африканың ыстығы біздікінен салқын. Жауын көп, сондықтан айнала жап-жасыл боп, құлпырып тұрады. Өсімдік түсінің өзі біздегідей емес, қанық келеді.

Құрғақ маусым қазан-қараша айында басталып, көктемге дейін жалғасады. Бұл кезде күндіз жылы, түнде салқын болады. Шаңды дауыл тұрып, көзге кіріп, берекені қашырады. Дауылдан қызыл құм көтеріліп, айналаны сап-cары түске бояп тастайды.

Африканың қазба байлығы

Орталық Африкада өндіріс орындары аз. Біразы 1990 жылы тоқырау кезінде қираған, тоналған. Француздарға тиесілі банктер бар. Бұдан бөлек Африка экспортқа сенім артады. Сыртқа ағаш, мақта, гауһартас сатады. Гауһартастың біраз бөлігін алатын ел – Бельгия.

Жалпы, Африканың байлығы өзгелерге кетеді. Қазба байлығының қызығын көре алмай отырған бізден де басқа ел бар екен.

"Бізге беймәлім Банги" кітабы
Айман Мамедалиеваның “Бізге беймәлім Банги” кітабы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Отбасы құндылықтары

Мектепте бір класқа жетекші екенімді айттым ғой. Аналар күніне кластағы қыздар көрініс дайындайтын болды. Оны маған көрсетті. Тамашаладым да, шошыдым. Тілін білмесем де, қойылымның не туралы екенін оңай түсіндім. Көріністе апалы-cіңлілер ұрсып қалады. Себебі сіңлісі апасының затын бүлдіріп қойған. Ақыры үлкені кішісін ұра бастайды. Не болғанын естіген анасы да кіші қызын тоқпақтауға көшеді. Аяғына дейін күтейін деп әрең шыдап отырмын. Бір кезде дауға әкесі қосылды. Кенжесін қорғап қалады деп едім, олай болмай шықты. Керісінше, анасы жағдайды түсіндірген соң отағасы да ашуланып, қызын ұра жөнелді, ол аздай, тепкіледі.

Көріністі тоқтатып, бұлай болмау керек екенін түсіндіріп әлекпін. Қыздар “неге ұнамай қалды, неге үндемеді?” деп жәутеңдейді. Аналар мейрамында ананың мейірімін көрсететін көрініс қойылуы керек екенін ұғындыра алмай, астан-кестен күйге түстім. Балалардың жазығы жоқ еді. Үйде көргенін істейді. Бұл – олардың өмірінің шынайы көрінісі.

Жалпы, жергілікті халықта отбасы құндылықтары қалыптаспаған.

Айман Мамедалиева
Айман Мамедалиева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бізбен салыстыруға келмейді

Алғаш апарған киімдерім жарамай қалды. Себебі айналадағы тұрмысты, халықтың жағдайын көрген соң, әдемі киініп, құлпырып жүруге дәтім бармады. Жергілікті тұрғындар апталап бір киіммен жүре береді. Бастапқы кезде адамды киіміне қарап танитынмын.

Бірде мектеп басшысымен ойнап жүрген балаларға қарап, тұрып қалдық. Алыста бір кісі келе жатты. Әріптесім оны жазбай таныды. “Мына үстіндегі киімді бес жыл бұрын мен сыйлаған едім. Бұл халықтың қанағатына қайранмын. Әлі күнге дейін ұқсатып, киіп келеді. Қолында бар нәрсеге разы болуды шын біледі” деді. Мен киімі тозған, бірақ көңілі көтеріңкі адамға қарап, ұялдым. Осы оқиғадан соң күнде киім ауыстырып киюді де қойдым.

Айман Мамедалиева
Айман Мамедалиева африкалықтардың қолөнерін көрсетіп жатыр. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кейде жағдайымызға, өмірімізге көңіліміз толмай қалады ғой. ХХІ ғасырда, технология қарыштап дамып жатқан кезде аш-жалаңаш, бір күнмен өмір сүретін адамдардың бар екені өкінішті. Африка бізге жаңа белес болды, мүмкіндігімізді аша түсті. Ысырапқа жол бермеуді, барға қанағат етуді үйретті.

Африка Қазақстанға таңсық жер ғой. Сондықтан осы ел туралы зерттеп, кітап жазамын деп шештім. Жақында шықты. Дүкендерден алып, оқуға болады. Африканың негізгі тіршілігі, жағдайы туралы жаздым. Болашақта сонда тұратын әртүрлі тайпаның салт-дәстүрін зерттеп, сол туралы кітап жазғым келеді.