Алматыда 6 қазаннан бастап театрлар жұмыс істейді

Алматының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 4 қазанда қалада коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі одан арғы шаралар туралы қаулыға қол қойды.

Инклюзив балалар театры
Фото: Айгүл Хожантаева

Бұл қаулыда алдыңғысына толықтырулар мен өзгерістер енгізілді, 6 қазан күні 00.00-ден бастап күшіне енеді.

Жаңа қаулыға сәйкес, енді Алматыда театрлар жұмысына рұқсат берілді. Бірақ мұнда отыратын орындардың тек 50%-і толуға тиіс, сонымен бірге мәдениет орындары міндетті түрде Infokazakhstan.kz сайтында тіркелуі қажет.

Жеке тұрған ғимартта орналасқан қоғамдық тамақтану орындары (асхана, кофехана, кафе және басқа) қызметіне ұжымдық шараларды өткізбей 05.00-ден 00.00-ге дейін мереке және демалыс күндері де жұмыс істей береді. Сонымен бірге осы уақытта алып кету және жеткізіп беру жұмыстарына да рұқсат беріледі.

Сонымен бірге халыққа байланыссыз қызмет көрсететін автожуу, жеңіл автокөліктерге техника қызметін көрсететін станциялар, шиномонтаж учаскелері, тұрмыс техникасын жөндеу, аяқ киім шеберханалары, химия тазалауы, кір жуу және тағы басқа орындардың жұмыс режимі 10.00-ден 00.00-ге дейін ұзарады.