Жыл соңына дейін Алматы облысындағы мектептердің 84%-і сымсыз интернетке қосылады

Жалпы, бүгінгі таңда облыстағы 760 мектептің барлығы компьютерлік техникамен жабдықталып, 100% интернетке қосылған. Оның 527 мектебі немесе 69,3%-і жоғары жылдамдықты интернетке талшықты-оптикалық мыс кабелі арқылы, 233 мектеп яғни, 30,6%-і спутниктік байланыс арқылы қосылған. Облыс аумағындағы 483 мектептің Wi-Fi технологиясы негізінде сымсыз интернетке қол жетімділігі артты. Бұл 63,5% құрайды.

Облыстық білім басқармасы берген мәліметтер бойынша білім ошақтарындағы компьютерлердің жалпы саны 50 мыңнан асады. Оның 40 мыңға жуығы немесе 79%-ы ауыл мектептерінде. Өткен жылы ақпараттандыру бағдарламасы бойынша бірнеше компьютер сатып алуға 376,9 миллион теңге бөлінсе, биыл мұғалімдерге компьютер сатып алуға 311,8 миллион қаржы қарастырылған. Білім ошақтары мен ұстаздарға компьютер сатып алуға жыл сайын қаражат бөлінсе де бұл көрсеткіш еш төмендемейді. Өйткені бұл санатты толықтырып отыратын оқушылар саны да артуда. Сондықтан тағы 40 мың компьютер сатып алу туралы шешім қабылданды. Оның 20 мың компьютерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 4 миллиард қаржы бөлінген. Қалған 20 мың компьютерді сатып алу үшін мемлекеттік-жекеменшік әрптестік (МЖӘ) жобасы аясында 5 миллиард қаржы қарастырылған.

Республикалық бюджеттен 8,6 миллиард теңгеден астам сомаға 55 мыңнан астам компьютерлік техника сатып алынады. Жалпы, бүгінгі таңда облыс оқушыларының компьютерлік техникамен қамтамасыз ету 60,9%-ды құрайды. Тағы бір айта кететін жайт, бүгінде облыстың білім беру мекемелерінде 69 ІТ-сыныптар құрылды. Биылдың өзінде 50 ІТ-сыныптарды жабдықтау үшін 476,8 миллион теңге бөлінді.