Талдықорғанда 16 көшеге қазақша атау берілді

Талдықорған қаласының шеткі аумақтарындағы 16 көшеге қазақша атау берілді. Олардың ішінде көбі санмен, кейбір көшелер орысша аталып келген.

Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтында Қаулы мәтіні шықты. Толық мәтіні төмендегідей:

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының    4-1) тармақшасына сәйкес тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 2020 жылғы 27 тамыздағы қорытындысы негізінде Алматы облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ және Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. Талдықорған қаласының құрамдас бөлiктерiне келесі атаулар берілсін: 1) Талдықорған қаласының «Шайқорған» тұрғын үй алабында орналасқан №17 көшеге – «Ақберен», №18 көшеге – «Қарасу», №19 көшеге – «Атамұра», №20 көшеге – «Арман», №22 көшеге – «Ақтөр», №23 көшеге – «Дидар», №24 көшеге – «Бұлбұл»; Талдықорған қаласының «Балауса» тұрғын үй алабында орналасқан №1 көшеге – «Жартас», №2 көшеге – «Жайық», №3 көшеге – «Созақ», №6 көшеге – «Арал», №7 көшеге – «Сауран», №14 көшеге – «Несібелі», №15 көшеге – «Жанкент».
  2. Талдықорған қаласының «Шығыс» шағынауданында орналасқан Ворошилов көшесі – «Нұрғиса Тілендиев» көшесі, оңтүстік-шығысында орналасқан Невский көшесі – «Абдұлхақ Абдұлхалықов» көшесі болып қайта аталсын.
  3. Осы бірлескен Алматы облыстық мәслихатының шешімі мен Алматы облысы әкімдігі қаулысының орындалуын бақылау Алматы облысы әкімінің орынбасары Р. Әлиге жүктелсін.
  4. Осы бірлескен Алматы облыстық мәслихатының шешімі мен Алматы облысы әкімдігінің қаулысы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.