Кездесудің алғашқы сөзін Қазақстан коммунистік халық партиясы Алматы облыстық филиалының хатшысы Сәуле Тасқынбайқызы алды.
Бәріміз бір қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Еліміз көп жүйелі мемлекет болғанымен, жолымыз басқа болғанымен мақсатымыз бір. Осы елдің өркендеуі мен дамуы, берекесі мен бірлігін сақтау жолында еңбек етіп келеміз. Әрине, отырыс, кездесу болған соң оның да өзіндік тәртібі бар. Бүгін Қарттар күніне орай Д.Қонаев атамыздың ұлы істерін тағы бір рет еске түсіру үшін жиналып отырмыз. Десе де, осы орайда біздің партия көтеріп жүрген зейнетақы жүйесіне жасалуға тиісті өзгерістер туралы айтпай кетуге болмайды. Бәріңізге белгілі, біраз жылдан бері зейнетақы жүйесін реформалау ісі көтеріліп жүр. Осыған байланысты көпшіліктің қандай да бір ұсыныс, пікірі болса, тыңдағым келеді. Екіншіден, бүгін сіздердің араларыңызға Д.Қонаев атамыз қайтыс болған күні қасында болған Виктор Иванович ақсақалды ертіп келіп отырмын. Сол кісінің естеліктерін де тыңдап көруді ұсынамын, – деді ол.
Осыдан кейін Дінмұхамед Қонаев бұрышының ашылуына мұрындық болған Хания Есдәулетқызы сөз алды.
Димаш Ахметұлы қандай жағдайда, қай орында болсын еңбек адамын қадірлеген. Бүгінгі дәуір ғылым мен техниканың, білім мен парасаттылықтың дәуірі. Сондықтан осы дәуірдің өркендеуі үшін еңбек адамдарын қадірлеудің үлгісін орнатып, заман талабына қарай адамның қабілеттілігін бағалаудың байыпты бағдарын орнатқан жөн. Бұл тұрғыдан да Д.Қонаев бәрімізге өнеге болуға тиіс. Әрине, өткен ғасырлар білектің заманы болса, енді білімнің заманы келгенін жастарға ұғындыру қажет, – дей келе, Д.Қонаев бұрышына тапсырылған жәдігерлердің тарихын сөз етіп, оны ұсынған ел азамататрына алғысын жеткізді.
Кездесуге ұлы тұлғаның көзін көрген ақсақалдар да қатысты. Солардың бірі — қоғам қайраткері Зылиқа Тамшыбаева апамызбен ұзақ жыл бірге жұмыс істеген Ізтай Бабатаев ақсақал. Ол кісі Д.Қонаев атамызбен кездескен кездегі есетілігін емірене еске алды.
Әлі есімде, 1975 жылы Димаш ағамыз біздің ауылға келді. Сонда ол кісінің: «Жігіттер, сендердің еңбектеріңді білемін. Азаннан кешке дейін тынымсыз жұмыс істейсіңдер. Солай болса да, ауылды көркейтіңдер, қажымаңдар, қайраттана түсіңдер. Өйткені, қаланы да, даланы да асырап отырған ауыл. Қазақта: «Тату үйге тақсырет жуымайды», — деген мақал бар. Естеріңде болсын, ауызбіршілік, ынтымақпен жұмыс істеңдер. Алакөздесіп алысқа бармайсыңдар. Өмір бейне ай сияқты. Кейде толады, ол кезде ісінбеңдер. Кейде тұтқадай ғана болады, ол кезде кішіреймеңдер. Кім болсаң да халықтан үлкен емессің, соны ұмытпаңдар, – деп айтқаны есімнен кетпейді, — деді ақсақал.
Айта кетерлігі, Ізтай аға сол күні Димаш атамыздың шай мен қымыз ішкен екі кесесін осы күнге дейін сақтап, ұлы тұлғаға арналған бұрышқа сыйлапты.
Осындай ұлағатты әңгімелер айтылған кездесудің соңында ел ағаларын құрметтеп, перзенттік борышын ұмытпаған біраз азаматқа Қазақстан коммунистік халық партиясы облыстық филиалы атынан диплом табысталып, құрмет көрсетілді.