Александр әу баста мұз үстімен 600 шақырым жүруді жоспарлаған, бірақ қыстың тым жылы болуы бұл ойын іске асыруға кедергі болыпты. Ақыры 250 шақырымды бағындырыпты, оған 5 күн жұмсаған.

Блогер, саяхатшы өзімен бірге азық-түлік, киім-кешек, басқа да заттарды алып жүрген және саяхаттың қалай болғанын камераға түсірген. Осы саяхат туралы деректі фильм жақында Алматыда көрсетілді.

Александр Габченко
Александр Габченко (ортада). Фото: Huawei Қазақстан

Александр бұл істі соңына дейін жеткізгеніне қуанышты.

Бұрын-соңды мұндайды ешкім жасаған жоқ. Бұл істі соңына дейін жеткізбеуім мүмкін еді. Бірақ соған қарамастан барлығы маған сенді. Мені қолдағандарға алғыс айтамын. Бәрі ойдағыдай өтті. Үйге аман-есен оралдым. Отбасым бұған қатты қуанды. Ал мен бұл жобаның орындалғанына қуаныштымын, — деді ол деректі фильм көрсетілімінде.

Велосаяхатшы бұл экспедиция арқылы адамның қолынан бәрі келетінін дәлелдегісі келген.

Қазақстанда саяхаттау мәдениеті бар деп айта аламын. Кейде тіпті қызық, адамның қиялынан тыс жобалар да кездесіп жатады. Осы саяхат арқылы біз адамның қолынан бәрі келетінін көрсеткіміз келді. Мұз үстімен 250 шақырым жүру менің қолымнан келсе, үй мен жұмыс ортасындағы 5 шақырымды ақпан-наурыз айларында сіз де жүріп өте аласыз, — деді Александр Габченко.

Александр велоэкспедиция кезінде марқұм әжесі мен отбасын ойлапты. Оның айтуынша, әжесі көрген көп қиындықтың жанында бұл түкке тұрмайды.

Александр Габченко отбасымен
Александр Габченко отбасымен. Фото: Huawei Қазақстан

1916 жылы туған марқұм әжемді еске алдым. Аштықты көрді, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде теміржолды дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. Ол кісі маған мотивация берді. Міне, адамдар осындай болуы керек деп ойладым, әжемнен үлгі аламын. Иә, мұз үстімен велосипедпен жүріп өту қиын шығар. Күн суық, оның үстіне, қауіпті. Бірақ ата-әжеміз барлық қиындыққа шыдады, оны жеңді. Демек, менің де қолымнан келеді деген ой болды, — деді ол.

Александр Балқашқа оралып, алғашқы жоспарын әлі де орындағысы келеді. Бірақ әзірше коронавирус пандемиясы бұған мүмкіндік бермей отыр.