Талдықорғанда «Бейбіт заманның батырлары» шарасы өтті

Ардагерлер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері қатысқан басқосуда Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков кездесудің мақсат-міндеттерін түсіндірді. Оның сөзіне сүйенсек, ҚР Тәуелсіздігінің 30, Конституцияның 25 жылдық мерейтойына арналған ауқымды шаралар абыроймен атқарылуда.

Жас ұландар, сіздер біздің болашағымызсыздар. Ал бүгін аға буын ардагерлер сіздерге ақыл-кеңес беріп, жөн көрсетуде. Қарттардың  ұлағатты сөздерін, жақсы қасиеттерін жоғары жауапкершілікпен есте сақтап, үлгі алады деген ойдамын, – деген Ақшабай Дүйсембекұлы жер-жаһанды жайлаған індетпен күрестің алғы шебінде полиция қызметкерлері жүргендігіне ерекше тоқталды. – Өздеріңізге мәлім, жер жүзін жайлаған коронавирус індеті біздің аймаққа да жайылып, халық аурудан азап шеккен кезде осы облыстық, қалалық полиция өкілдері көз ілмей жұмыс жасап, өз міндеттерін абыроймен атқарды. Сол үшін мен сіздерге жалпы аймақтағы ардагерлер атынан ерекше алғыс айтамын.

Қала жастарын отансүйгіштікке, ұлттық патриотизмге тәрбиелеу міндетін басшылыққа алған кездесу арқылы ардагерлер жас ұландарға темірдей тәртіпті ұстанып, жауапкершілік жүгін абыроймен арқалау туралы өз бастарынан өткен өнегелі істерді мысалға келтірді. Полиция подполковнигі, ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері Болат Молдабеков, зейнеткер подполковник, Ішкі істер саласының және Көксу ауданының Құрметті азаматы Болат Қожақов сөз алып, ұлт келешегіне қажет асыл қасиеттерді тілге тиек етті.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар ардагер Талдықорған қалалық полиция басқармасы бастығының Алғыс хатымен марапатталды. Облыстық полиция департаменті мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Болат Қожақов пен екі баланы өрттен құтқарған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Арман Бақтыбайұлы Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатын иеленді.