Парапланмен ұшу

Параплан — қалықтап ұшып, әсем табиғат көріністерін тамашалаудың ең оңтайлы әдісі.

Параплан мен парашют ұқсас көрінгенімен, екеуі екі түрлі нәрсе. Парашют киіп алған адам ұшақтан секіреді, ал парапланмен ұшу үшін биік жерге шығып барып секіру керек.

Алматыда парапланмен секіруге қолайлы орындар және оны ұйымдастырған бірнеше компания бар. Ең негізгілері — Үшқоңыр мен Шымбұлақ шатқалдары. Олар туралы қосымша мағлұматты samuryk.kz және parafly.kz сайтынан білуге болады.

Ауа райы жақсы болса, 25 мың теңгеге 15-20 минут қалықтауға болады. «Парапланды басқара алмаймын» деп алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі арнайы мамандар сізбен бірге көтеріліп, аппаратты басқарып отырады.

Тауға жазда да, күзде де қалың күртеше алып жүрген жөн. Түсіп қалмайтын аяқ киіміңіз болғаны дұрыс, әйтпесе үйге жалаң аяқ қайтуыңыз әбден мүмкін. Ауа райы ашық болса, күн сәулесінен қорғайтын көзілдірік таққаныңыз абзал. Алайда климат құбылмалы болып тұрса, парапланмен мүлдем ұшуға болмайды. Бұл өте қауіпті.

Мекенжайы: «Үшқоңыр» және Шымбұлақ
Бағасы: 12 000 теңгеден басталады

Параплан
Фото: Flyschool.online

Багги көлігі

Багги жалдау — Алматы тұрғындары арасында кең танылған қызығушылықтардың бірі. Арнайы көлік қызметін ұсынатын орындар бар. Баггиді басқару қиын емес. Тіпті жүргізуші құжаты да талап етілмейді. Нұсқаушылардың берген құралдарын дұрыс қолданып, қауіпсіздік ережесін сақтау ғана керек.

Safari4x4.kz баггимен Алматының әсем жерлеріне экспедициялар, тимбилдингтер, байқаулар мен турлар өткізіп тұрады. Кез келген адам багги мініп, Қаскелең аймағындағы және Табаған өңіріндегі таулы жолмен, Ақбұлақ тауларымен және Үлкен Алматы көлі бойымен жүре алады.

Мекенжайы: Райымбек даңғылы, 491
Бағасы: 15 000 теңгеден басталады

Багги
Фото: Kapital.kz

Вейксерфинг

Жаз кезінде күннің ыстығынан суға шомылуды ұнататынымыз рас. Алматы тұрғындары Қапшағай, Ыстықкөл, Алакөл мен Балқаш жағалап кетеді. Келесі жазда үлкен су көреміз деп жоспарлап отырған оқырманға вэйксерфингті де көруге кеңес береміз.

Вейксерфинг — қайыққа байланған тақтайшаға мініп су бетінде сырғанау. Спорттың бұл түрімен айналысу үшін жас шектеуі жоқ. Жаңа дүниені байқап көруге және жаңа дағдыларды үйренуге деген ниет жеткілікті. Ең басты ереже — денені тепе-теңдікте ұстай білу.

Мекенжайы: Қапшағай және басқа су қоймалары, көлдер
Бағасы: 12 000 теңгеден басталады

серфинг
Фото: Raknagore.kz

Fly rope jumping

Fly rope jumping — түрлі биік ғимарат, көпірдің үстінен арқанмен секіру. Бұл экстремал түрін сүйетін жандардың айтуынша, биіктен секіріп, жерге қарай бет алған кездегі бес секунд ондаған жылда болмайтын қызық әрі үлкен сезімге сыйлайды екен.

Секіру биіктігі 45 метрден 90 метрге дейін барады. Оған тек 18 жасқа толған адамдарға рұқсат беріледі. Нұсқаушылардың кем дегенде үш жыл тәжірибесі бар. Барлық арқан мен карабин 2,5 тоннадан астам салмаққа төтеп бере алады. Толығырақ ақпаратты, мәселен, fly_almata инстаграм парақшасынан білуге болады.

Мекенжайы: Абай даңғылы, 44/2
Бағасы: 7 000 теңгеден басталады.

секіру
Фото: Kapital.kz

Ұшақпен ұшу және басқару

Аспанда самғап, еркіндікті сезініп, өзіңді осы әлемнің шекараларынан тыс екеніңді түйсіну керемет. Бала кезде ұшқыш болуды армандаған адам да көп. Әрине, барлық жанның қиялы орындала бермесі анық, алайда қазір өзіңді кәсіби ұшқыш сезінуге мүмкіндік беретін қызметтер бар.

Әуесқойларға арналған мұндай әуе рейстері үшін «Аэро», «Цесна», «Соката», «Маоле» сияқты екі және үш орындық ұшақтар пайдаланылады. Барлық жабдық ұшар алдында тексеруден өтеді. Көлікті кәсіби ұшқыш басқарады.

Ұшақ көтерілген кезде ұшқыш жолаушыға рульді басқаруға рұқсат береді, бірақ оның іс-әрекетін мұқият бақылап отырады.

Мекенжайы: Бұрындай, Қаскелең, Фабричный ауылы.
Бағасы: 30 000 теңге

ұшақ
Фото: Kapital.kz