Variety хабарлауынша, картинаның екінші бөлімі «Борат: жақында әлсіреген Қазақстан ұлтының игілігі үшін қол ұшын соза алатын вице-премьер Михаил Пенске арналған порнографиялық маймыл түріндегі сыйлық» (Borat: Gift Of Pornographic Monkey To Vice Premiere Mikhael Pence To Make Benefit Recently Diminished Nation Of Kazakhstan) деп аталады. Сиквелдің не туралы екені әзірше құпия. Әйтеуір, бас кейіпкер бұрынғыша Борат Сағдиев екені белгілі, оны Саша Барон Коэн ойнайды.

Жобаның түсірілім жұмыстары құпия жүрді, тек қыркүйек айының басында ғана картинаның толықтай дайын екені белгілі болды.

«Борат 2» фильмі 3 қарашада өтетін АҚШ президенті сайлауы қарсаңында онлайн-платформада жарық көрмек.

Мәдениет министрлігі «фильмді Интернетте көрсетуге тыйым сала алмаймыз» деді.

Ал премьера алдындағы жарнама кампаниясы аясында сиквел авторлары Twitter желісінде ҚР Үкіметінің фейк-аккаунтын ашты. Аккаунттың 50 мыңнан аса оқырманы бар. Парақшада АҚШ саясаткерлеріне троллинг жасалумен қоса, қазақстандық министрлердің «жұмысы» туралы және жазылған қолданушыларды Қазақстанға шақыратын твиттер жазылып тұрады.

Парақшада жарияланған бірнеше твиттің аудармасын ұсынамыз:

«@realDonaldTrump-ты (АҚШ президенті Дональд Трамптың аккаунты — Baribar.kz) бүгінгі дебаттағы жеңісімен бауырлас ұлы қазақ халқы құттықтайды! Америка мен Қазақстанды әрдайым бірінші орынға қойған мықты премьера үшін таңғалдырған әрі керемет нәтиже болды«.

«Кешірім өтінеміз. Дәл қазір Wi-Fi сигналының нашарлығынан дебатты көре алмай отырмыз (АҚШ президенттігінен үміткер Трамп пен Байденнің дебатын айтады — Baribar.kz). Мемлекет жақында кең жолақты аккаунтты сатып алғанына қарамастан, бары осы болып тұр. Жағдайдың қалай өрбігенін бізге айтып отырыңыздар«.

«КЕРЕМЕТ ЖАҢАЛЫҚ! Біз көрші Өзбекстан нақұрыстарының wi-fi-ын қолданып отырмыз. Дебатты қайта көріп жатырмыз!«

«Кешірім сұраймыз. Өзбекстанның нақұрыстары Wi-Fi паролін өзгертіп тастапты! Бұл — соғыс әрекеті. Жауабымыз қатты болады! Дәл қазір терезеден Тәжікстанның Wi-Fi-ын ұстауды үйреніп жатырмыз».

«Кешірім сұраймыз. Алдыңғы твитті жазған адам Wi-Fi сигналын ұстаймын деп терезеге асынып жатқанда құлап кетті. Оның отбасына бұл жағдай хабарланды«.

«Балық аулау министрлігі бүгін таңертең Үлкен Алматы көліне барып, су сапасына сынақ жүргізіп жатыр«.

«Ішкі және халықаралық сауда үшін қыркүйек сәтті ай болып тұр. Экспортымыз мықты, жаңа сауда жолдары пайда болып жатыр«.

Аккаунт арасында қазақша да твит жариялап тұрады.

Немесе осындай кәдімгі «ресми» құптау-қолпаштау сөздер жариялайды.

«Біз БАӘ-нің батыл қадамына сәттілік тілейміз«.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі Зарина Нұрланова бұл аккаунттың жалған екенін айтып, арнайы жазба жариялаған болатын.

Фильмнің 2006 жылы шыққан бірінші бөлімі «Борат: атақты Қазақстан халқы игілігі үшін америка мәдениетін үйрену» деп аталды. Онда да британ комигі, актер Саша Барон Коэн АҚШ-ты аралап жүрген қазақстандық журналист Бораттың ролін ойнайды. Ол Playboy және «Малибуді құтқарушылар» сериалының жұлдызы Памела Андерсонға үйленуді мақсат етіп, АҚШ-қа аттанады.

Саша Барон Коэн Боратты сомдағаны үшін алуан түрлі кинобайқауда жеңімпаз атанды.

Қазақстан фильмнің прокатқа шығуына ресми түрде тыйым салған жоқ. Алайда Сыртқы істер министрлігі «ел прокатына жаңа фильм алып келетін компаниялардың жауапкершілік танытып, «Боратты» үлкен экранға шығармайтынынан» үмітті екенін айтқан еді.