Түркістан облысында емхана тіркеу науқаны жүріп жатыр

МСАК ұйымына тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды.

Елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының (МСАК) ұйғарымымен тұрғындардың өз аумағында емхананы еркін таңдау науқаны басталды. Оған азаматтар 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында тіркеле алады. Дәрігер тіркелген науқастардың денсаулығын бақылауы үшін емхананы тұрғылықты жерге жақын маңдағы медициналық мекемені таңдаған абзал. Өйткені, қажет кезінде емхана дәрігерлері науқастардың үйіне бара алады, бұл әсіресе пандемия кезінде өте маңызды.

МСАК ұйымына тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым – Қормен алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. Науқан қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар өзіне тіркелген азаматтарды саны негізінде қаржыландырылады. Әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын қаржы төленеді, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова.

Айта кету керек, емханаға тіркелу бірнеше тәсілмен жүзеге асырылады. Электрондық үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы жүгінген кезде тіркеу ЭЦҚ арқылы жүргізіледі. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана науқас туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Тіркелім сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ қойылған электрондық құжат түрінде тіркеу туралы хабарлама беріледі.

Сонымен қатар, халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға тіркеле алады. Ол үшін азаматтың өтініші мен жеке басын куәландыратын құжаты беру қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.

«Жалпы, Түркістан облысында порталда 1 962 881 тіркеліп тұр. Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханада қызмет көрсетуді жалғастырады. Қыркүйек айындағы жағдай бойынша облыста 4 688 адам медициналық ұйымдарға тіркелмеген күйінде қалып отыр. Медициналық көмекке қол жеткізе алмай қалмау үшін оларға тікелей тұрғылықты жері бойынша емханада немесе ЭЦҚ арқылы электрондық үкіметтің веб-порталында тіркелулері қажет», – облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Баян Ақбердиева.

Сондай-ақ, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, Қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.