Түркістан: Оранғайдағы бетон зауыты тәулігіне 700 текше метрге дейін өнім шығарады

Түркістан облысы Кентауға қарасты Оранғай ауылдық округінде былтыр іске қосылған бетон зауытының табыс көлемі миллиард теңгеге жеткен. Қазіргі таңда кәсіпорын тәулігіне 600-700 текше метрге дейін өнім өндіріп келеді. Мамандар өнім көлемінің бірнеше есеге артып кетуін, Түркістандада жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен байланыстырады. Бұл мекеме облыс орталығындағы құрылыс алаңдарына дайын өнім жеткізіп, сұраныстың 60 пайызын қамтып отыр.

Серіктестікте 75 азамат жұмыс істеп келеді. Жұмысшылардың басым көпшілігі Түркістан, Кентау қалаларының тұрғындары.

Одан бөлек, аталған мекеме газоблок шығаруды да қолға алуда. Бұл зауыттың құрылысы қазан айында толығымен аяқталып іске қосылатын болады. Сондай-ақ, серіктестік басшылығы келесі жылы асфальт зауытын салуды да жоспарлап қойған.