Түркістан облысында жемқорлық фактісін хабарлағандарға 1,5 миллион теңге беріледі

Түркістан облысында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен 9 тұлғаға 1,5 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мәлімдеді.

Оның сөзінше, үстіміздегі жылдың 8 айында Департаменттің Тергеу басқарамасының қарауында 288 қылмыстық іс болса, оның 169-ы Агенттіктің Түркістан облыстық департаментімен тіркелген. Сондай-ақ, өндірісте болған істердің 184-і өндіріспен аяқталып, оның 42-сі сотқа жолданған.

Биылғы 8 айда 75 ұсыныс жолданып, оның 64-і қаралып, 44 лауазымды тұлға түрлі деңгейдегі тәртіптік жауапкершіліктерге тартылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне жалпы 133 қылмыс тіркелсе, оның 99-ы сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жатады. Бұл көрсеткішті өткен жылмен салыстырғанда қылмыс санының өскенін байқауға болады, – деді Мирас Қарғабай.

Айта кетейік, департамент мамандары өткен жылы бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша 59 қылмыс анықтаған. Және анықталған қылмыстардың негізінде мемлекетке келтірілген залалдың жалпы құны 830,7 млн. тенгені құраған, оның 822,9 млн. теңгесі мемлекет бюджетіне толық қайтарылу арқылы 99,2 пайызы өндірілген.