Асқар Мамин қорғаныш құралдарын өңірлерге жеткізуді тапсырды

Асқар Мамин еліміздегі эпидемиология ахуалы туралы Үкімет отырысын өткізді. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет басшысының айтуынша, еліміздегі эпидемиология ахуалы тұрақты. Инфекцияның репродуктив көрсеткіші — 0,93. Асқар Мамин дүниежүзіндегі және бірқатар шекаралас елдердегі инфекция ахуалының тұрақсыздығын ескеріп, санитария талаптарын сақтауды күшейту қажет екенін айтты.

Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктеріне іс-шаралардың 100% дайындығын қамтамасыз етуді, Денсаулық сақтау министрлігіне биылғы 15 қазанға дейін қажет техниканы, жабдықтар мен қорғаныш құралдарын сатып алып, өңірлерге жеткізуді тапсырды.

Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, санитария талаптарының сақталуын бақылау жөніндегі мониторинг топтардың жұмысын күшейту, санитария режимінің кез келген бұзушылықтарына жол бермеу тапсырылды.

Қазақстан аумағына шетелден келетін адамдарға қатысты санитария-карантин бақылауды күшейту шаралары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралады.

Денсаулық сақтау министрлігі “СҚ-Фармация” және әкімдіктермен бірлесіп, медициналық ұйымдар мен дәріханаларда дәрі-дәрмектердің болуын қамтамасыз етсін. Өңірлерде дәрілік препараттардың бағасына бақылау жүргізу қажет, — деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.