Ақниет Оразхан биыл мектеп бітіріп, Сүлейман Демирел атындағы университетке түскен. Ақниеттің айтуынша, қашықтан оқудың артықшылығы ауылда, ата-анасының жанында оқуын жалғастырып жатқанында. Ағылшын тілін меңгеруге уақыт пайда болыпты.
Қашықтан оқу университеттегідей емес. Артықшылығымен қоса кемшілігі де бар. Сабақта қойылған сауалдарға дереу интернеттен іздеп, жауап беруге болады. Бұл меніңше зиян, себебі сол тақырыпты жете меңгермейміз. Асықпай ойланып, зерделемейміз. Кейде интернет дұрыс ұстамайды. Сайтқа уақытылы кіре алмай, тапсырмаларды дер кезінде жібере алмай жатамыз. Видеосабақ кезінде бір-біріміздің сөзімізді бөліп жататын кездер болады. Ауылда интернет көп үйде жоқ болғандықтан, курстастарымның көбі қалада оқып жатыр. Кейде сабаққа уақытында қатыса алмайтын студенттер болады. Сабақ кезінде интернет істемей қалатын жағдай өз басымнан да өткен. Мұғалімдер кешіріммен қарап, түсіністік танытқанымен, кейбір маңызды тақырыптардан қалып қоясың, — дейді Ақниет.
Ақниеттің айтуынша, онлайн оқу кезінде студенттер сабақ кестесін ыңғайлы уақытқа өздері реттеп алған. Мұғалімдері онлайн оқу кезінде мәселе туындағанда дереу шешімін табуға тырысады.
Болашақта қалыпты өмірге оралғанда қашықтан оқу жалғасқанын қаламас едім. Себебі денсаулығыма да зиянын тигізіп жатыр. Күнделікті ұзақ уақыт телефон, ноутбукте отырамын. Сабақ аяқталғанда көзімнің шаршағанын байқаймын. Бәрібір білімді университетте алғанға жетпейді. Webex-те онлайн сабаққа қатысып, ұстаздардың дәрісін тыңдаймыз. Moodle платформасына материалдар салады, біз үй жұмысын орындап, кері байланыс жасаймыз. Математика факультеті үшін қашықтан оқу тиімді емес. Кейбір есептерді түсінбей қалсам, қайталап сұрай алмаймын. Жарысып есеп шығарып, студенттермен бірге талқылай алмаймыз. Мұғалім есептерді өзі талдап, қысқаша мысалдар келтіреді, — дейді ол.
Индира Асабай Қазақ Ұлттық Медицина университетінің 4-курс студенті. Оқуын Алматыда жалғастырып жатыр. Қазір университеттің жатақханасында тұрады.
Пандемияға байланысты күзгі семестрді қашықтан оқуды бастадық. Шымкенттен осында келіп оқып жатырмын. Жатақханада қашықтан оқуға бар жағдайды жасап қойған. Интернет байланысы да жақсы. Группада 8 студент бар. Ауылында жүріп оқып жатқан студенттер де бар. Сабаққа күніне 6 сағат кетеді. Zoom, Classroom платформалары арқылы сабақ өтіп жүрміз. Қосымша тапсырмаларды жазбаша орындаймыз. Оны мұғалімнің жеке электрон поштасына жібереміз. Болашақ дәрігер болған соң қашықтан оқуды қолдамаймын. Себебі қашықтан оқу барлық пән үшін тиімсіз. Менің мамандығым асқан жауапкершілікті талап етеді. Оқу бір бөлек, оны тәжірибеде қолданған бір бөлек. Медицина студентері үшін практиканы теориямен ұштастырған маңызды. Сондықтан пандемия басылып, бұрынғы студенттік өмірге қайта оралсақ екен деп армандаймын, — Индира.
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің 3-курс студенті Аягөз Ибрагимова оқуын ауылында жалғастырып жатыр. Айтуынша, қашықтан оқу кезінде интернет желісінің нашарлығы студенттерге көп кедергі келтіреді.
Сабақ тапсырмаларын университеттің арнайы платформасынан аламыз. Ал видео сабаққа BigBlueButton қосымшасынан кіріп көреміз. Таңертең сабақ басталар уақытта мұғалімер Whatsapp-пен сілтеме жібереді. Уақытында қосылып дайын отырамыз. Видео сабақ арқылы қанша студент сабаққа қатысып отырғанын белгілейді. Сол жерде мұғалімдер сабақ түсіндіреді. Тапсырмаларды жазбаша орындап, платонусқа саламыз. Студенттердің көпшілігі смартфон арқылы кіреді. Себебі барлығында бірдей ноутбук, компьютер жоқ, — дейді Аягөз.
Студент Нұрлан Разақов Алматы облысында тұрады. Ауылында интернет байланысы мүлде жоқ. Қазір Алматыда жалдамалы пәтерде жүр.
Туыстарыммен бірге айына 60 мыңға пәтер жалдап тұрамын. Оны шәкіртақымнан төлеймін. Ауылда он шақты үйде ғана wi-fi бар. Сағатына 300 теңге беріп онлайн сабаққа қосылуға болар еді. Бірақ бұл артық шығын. Оның үсті жылдамдығы да баяу. Whatsapp-қа ғана жақсы қосылады. Сол себепті қалаға келдім. Сабақтарды Zoom-мен өтеміз. Мегабайт көп кетеді. Бұрын айына Tele2-ге 3000 теңге төлеп, 15 гигабайт алатынмын. Қазір бұл он күнге де жетпей қалады. Себебі видеосабаққа жиі қосыламыз. Университет платформасынан тапсырма жүктейміз. Өзіміз үй тапсырмасын жібереміз. Сабақты ұялы телефонмен оқимын. Ноутбуктің ең арзаны 200 мыңнан жоғары. Сондықтан сатып алмадым. Ата-анама салмақ салғым келмеді, — дейді Нұрлан.